- Негізгі бет
- Авто
- Қазақстандықтар көліктің қандай...
Қазақстандықтар көліктің қандай түрін көп сатып алады?
Жақында еліміздегі автобизнес қауымдастығы биылғы жылдың мамыр, маусым айларында сатылған көліктердің көрсеткішіне сүйене отырып елімізде ең көп сатылған көліктердің тізімін жариялады. Сонымен қатар, Қазақстандағы зауыттан енді шыққан жаңа автокөлікті сатып алу процесі 5 пайызға артқанын хабарлады.
Қазақстандық диллерлер тек маусым айында 5314 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника, 249 жүк көлігі мен автобустарды саудаға салып, түгелдей сатып үлгерген. Биылғы жартыжылдық, яғни қаңтар-мамыр аралығында сатылған көліктер көрсеткішін былтырғы жылдың жартыжылдығымен салыстырар болсақ, нарық 35,7 пайызға немесе көліктердің саны 27162-ге ұлғайған.
Сонымен, назарларыңызға сатылымы жөнінен жеңіл автокөліктердің арасында Қазақстанда ең көп сатылған маркалардың үздік бестігін ұсынамыз.
Бірінші орынға екінші ай қатарынан көш бастап тұрған Toyota автокөлігі жайғасты. Атаулы көліктің 1 айда 1437 данасы сатылған. Ал 6 айлық көрсеткішке қарасақ, марканың 5599 көлігі сатылыпты.
Екінші орында – Lada. Қазақстандықтар 1 айдың ішінде бұл марканың 1184 көлігін сатып алыпты. Ал 6 айдың көрсеткіші бойынша Lada көш бастап тұр. Биылғы алғашқы жартыжылдықта бұл марканың 5879 көлігі сатылыпты. Бұл көрсеткішпен Lada, тіпті Toyota маркасын артта қалдырып тұр.
Үздік үштікке Қостанайда шығарылатын Hyundai жайғасты. 1 айда 760 көлік сатылса, 6 айда 3398 данасы сатылған.
Төртінші орынды 2 бірдей көлік түрі иеленді. Бірі – Ravon, екіншісі – Kia. 6 айда сатылған көлік саны бойынша, алғашқысы 1709, екіншісі 1269 көрсеткішіне ие.
Бестікті 1 айда 227, 6 айда 919 көлігі сатылған Nissan маркасы түйіндеді.
Бұл тізімнен бөлек, хабарламада Қазақстанда айтарлықтай сұранысқа ие көліктердің де аттары көрсетілді. Олар: Renault, JAC, Lexus, Volkswagen, UAZ.
А. Қажиев