ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Қазақстандағы армян автокөліктерін тіркеу жөніндегі бұйрығы шықты.
Жаңа ереже 1 маусымнан бастап күшіне енеді. 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Қазақстан аумағына келген сол рульді Армения көліктері А сериялы төрт саннан тұратын нөмір алады. Бұған қоса нөмірде көлік тіркелген аймақтың коды көрсетіледі.
Автокөлікті тіркеу үшін қажет құжаттар тізімі мынадай:
– жеке басты куәландыратын құжат;
– мемлекеттік баж салығы мен мемлекеттік тіркеу үшін АЕК процентінің 0,25 көлемінде алым төленгені туралы құжат;
– көлік құралын тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі.
– кемі 17 таңбадан тұратын сәйкестендіру нөмірі (егер автокөлік рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылса) болған жағдайда, көлік құралының конструкциясына енгізілген өзгерістердің 018/2011 КО ТР 17 қосымшасындағы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы куәлік
Армениялық нөмірлер мен КҚТК мамандандырылған ХҚКО-ға өткізіліп, көлік иесі сары нөмір мен "Айрықша белгілер" бөліміне "басқа тұлғаға тіркеуге болмайды" деп жазылған техникалық төлқұжат алады.
Армениялық көлік иелеріне үш төлем жасау қажет. Олар:
– тіркеу алымы — 695 теңге;
– техникалық төлқұжат үшін баж салығы — 3 473 теңге;
– мемлекеттік нөмір үшін баж салығы — 7 778 теңге.
Айта кетейік, биылғы жылдың басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізге көп әкелінген Ресей, Қырғызстан және Армения көліктері жайлы шешім қабылдаған болатын.