- Негізгі бет
- Авто
- Қазақстанда сұранысқа ие...
Қазақстанда сұранысқа ие көліктердің тізімі анықталды
2018 жылдың төрт айында Қазақстанда сатылған көліктердің 46 пайыздан астамы отандық автозауыттарға тиесілі. Бұл туралы "ҚазАвтоӨнеркәсіп" автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті.
- 2018 жылдың қаңтар-сәуірінде ресми дилерлер 15 627 автомобиль өткізіп, бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 41,8 пайызға артық болды. Есепті кезеңде қазақстандықтар жеңіл көліктерді сатып алуға 374,2 млн АҚШ доллары сомасында қаржы жұмсады, - делінген таратылған мәліметте.
Аталған кезеңде өткізілген 8 311 автокөлік (53,2%) импортқа, ал 7 316-сы (46,8%) еліміздегі автозауыттардың өнімдеріне тиесілі.
Атап айтқанда, 4 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда сұранысқа ие брендтердің алғашқы бестігінің көшін Lada (3 670 көлік) бастап тұр. Сатылған көлік саны бойынша екінші орынға Toyota (2 958) тұрақтаса, үшінші орынға Hyundai (1767) шықты. Сонымен қатар бұл бестікке Ravon (1601) мен KIA (829) брендтері де енді.
- Жеңіл көліктер рейтингінде Lada 4×4 (1073), Lada Granta (980) және Toyota Camry (961) көш бастап тұр. Сондай-ақ бұл ТОP-5 модельдер қатарына Ravon Nexia (921) мен Hyundai Tucson (602) кірді, - деп атап өтілген "ҚазАвтоӨнеркәсіп" мәліметінде.
Н. Үсенова