-Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин автокөлікті тіркеу рәсімін жеңілдету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Аптаның басында мамандандырылған ХҚКО-ға бардым. Адам өте көп. Елордалық мамандандырылған ХҚКО-ға келушілер саны бірнеше мыңнан асады. Әрине, біздің міндетіміз – қызметтің бәрін автоматтандыру. ҚР ІІМ-нің цифрландыру бойынша жаңадан тағайындалған вице-министрі Сәкен Сәрсеновпен бірге процесті жеңілдетуді пысықтаудамыз. Бізге қазір ХҚКО-ға келушілер санын мүмкіндігінше азайту қажет. Жүргізілген талдау нәтижесі Нұр-Сұлтан қаласында ресімделетін автокөліктің 30% автосалоннан сатып алынатыны анықталды. Сондықтан автосалондарда мамандандырылған ХҚКО бұрышын ұйымдастыруды ұйғардық", - деп жазды Б. Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда, автокөлікті таңдау, банк операторының несие ресімдеуі, ХҚКО операторының автокөлік кепілдігін ресімдеуі, мемлекеттік нөмір мен техқұжатты алу – бәрі бір жерде, автосалонда жасалады.
"Бүгінде қаладағы бірқатар автосалонда осындай бұрыштар жұмыс істейді. Сондықтан, қалған автосалондарды өз клиенттеріне осындай қызмет көрсетуге шақырамыз. Ол үшін Азаматтарға арналған үкіметке хабарласу қажет. Бізге адамдардың әлеуметтік қашықтықты сақтауына жағдай жасау маңызды!", - деді бірінші вице-министр.
Айта кетейік, Бағдат Мусин елорданың ALLURAUTO автосалонында ашылған ХҚО бұрышында болды. Дәл осындай шағын ХҚО Astana motors автосалонында да ашылды.
Енді мамандандырылған ХҚО-ға жүгінудің қажеті жоқ, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мамандары қызметті дәл осы жерде ұсына алады.
Мемлекеттік корпорацияның қызметкері көлік тіркеуіне құжаттарды қабылдайды, ал бірнеше сағаттан кейін курьер көлік нөмірі мен дайын тіркеу куәлігін жаңа көлік иесінің үйіне жеткізіп береді.
Бұл қанатқақты жоба қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы Mercedes-Benz және AsterAuto автосалондарында жұмыс істейді.
Алдағы уақытта ALLURAUTO-ның Алматы мен Шымкент қалаларындағы автосалондарында тиісті байланыс арналарын жүргізу жоспарлануда.