1985 жылы Халықаралық патент конференциясында Патент бюросы адамзат тарихындағы ең маңызды 8 өнертабысты таңдады. Тізімде швед инженері Нильс Болиннің өнертабысы да бар.
Нильс Болин көлік жасау саласында жоғары білім алып, Svenska Aeroplan Aktiebolaget (SAAB) компаниясына жұмысқа тұрады. Оның басқа әріптестері ұшақты жылдам әрі қуатты етіп жасаумен айналысса, Нильсті пилоттардың қауіпсіздігі алаңдататын.
1956 жылы алғаш рет ағайынды Лигондар Ford көлігіне екі нүктелі қауіпсіздік белдігін жасады. Көлік апаты бола қалса, мұндай қауіпсіздік белдігі жүргізушілердің көліктен ұшып кетпеуіне жағдай жасайды. Алайда кей жағдайда бұл белдік құрсақ қуысын ауыр жарақаттайтын болған.
Volvo компаниясының президенті Гуннар Ингеллауға бұл өнертабыс әсер еткені соншалық, ол әлемдегі ең қауіпсіз көліктерді жасауды қолға алады. Сол үшін ол авиация саласында қауіпсіздік үшін жауап беретін қызметкерді іздейді. Осылайша Нильс Болин Volvo компаниясына жұмысқа тұрады.
Бастапқыда швед инженері авиацияда қолданатын қауіпсіздік белдігін жай ғана көлікке ыңғайлап жасауды ойластырған. Пилоттар қауіпсіздік үшін қанша ыңғайсыз болса да, белдікті таққан, ал көлік жүргізушілері ыңғайсыздыққа көнбеген. Сондықтан авиациядағы төрт нүктелі белдіктер жарамсыз болып қалды.
Бір жыл бойы Нильс қауіпсіздік белдігінің түр-түрін қарастырады. Нәтижесінде қазіргі қауіпсіздік белдігінің алғашқы прототипін жасап шығады. Белдік жүргізушінің белі мен кеудесін ұстап тұрады. Ал қауіпсіздік белдігін бір қолмен алып-салу оны одан сайын ыңғайлы ете түсті.
1959 жылы Volvo көліктерінде үш нүктелі белдіктер қойыла бастады. Volvo компаниясы өнертабысына патент алып, оны кеңінен қолдануға рұқсат етті. Осылайша көлік нарығында қауіпсіздік белдігінің дәуірі басталды.