Кашмирлік математика пәнінің мұғалімі Біләл Ахмед (Bilal Ahmed) 13 жылдық тынымсыз еңбектен кейін ескі көлікті күннен қуат алатын көлікке айналдырды.
Электрлі көліктерді пайдалану қарқынды дамып келеді. Сұраныстың артуына байланысты көптеген автокөлік компаниялары өздерінің ЭМ үлгілерін шығарып жатыр. Алайда, 2009 жылы табиғи энергияны пайдаланып көлік жүргізуге болатыны көпшіліктің ойына да келмеді.
Бірақ математика мұғалімі Біләл Ахмед сол кезде электромобиль жасауды ойлаған. 13 жылға жуық тынымсыз еңбектен кейін Біләл үйінде күннен қуат алатын көлік құрастырды.
Бұл күн көлігі барлық жағынан заманауи. Соңғы гаджеттердің барлық түрлерімен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Тіпті оның көлігінің есіктері Transformers фильміндегідей қашықтан ашылады.
Ол 1998 жылы шығарылған Nissan Misra-ның негізгі үлгісін электромобильге айналдырды.
"Маған бұл көліктің дизайны ұнады және оның жоба үшін тамаша көлік екенін сезіндім. Бірақ бұл көлікте қозғалтқышты редукторға қосу мен үшін ең қиын мәселелердің бірі болды. Кейін оған күн батареяларын орнаттым", - дейді Біләл.
Көліктің сырты түгел дерлік қара күн батареяларымен қапталған. Бұл автокөлік панельдері күн сәудесі түсіп тұрған жаққа қарай бұрыла алады. Көлік жоғары киловатт қозғалтқышпен жұмыс істейді және жолда кәдімгі көлік сияқты жүреді.
"Мен өз жобаммен жұмыс істеп жүргенімде маған ешкім қаржылай көмек көрсетпеді. Егер мен қажетті қолдауды алсам, шынымен де үнділік Илон Маскқа айналар едім", - дейді математик.
Біләл көлікке қайта зарядталатын батареяны да орнатқан, сондықтан оны кез келген зарядтау станциясында зарядтау оңай.
Біләл көліктің күн батареяларының автоматты түрде күн сәулесі ең көп түсетін жаққа бұрылатынын айтады. Бұл функция Кашмир сияқты қыста бұлтты жерлерде үлкен маңызға ие. Кәдімгі күн панельдері, әдетте, мұндай ауа райында 20-30 пайызға аз жұмыс істейді. Сондықтан ол монокристалды күн панельдерін пайдаланған, электр көлік күн сәулесі аз болса да жақсы жұмыс істейді.
Біләлдің айтуынша, оның көлігі бүгінгі заманауи қондырғылармен жабдықталған. Соған қарамастан оның бағасы нарықтағы электромобильдерден әлдеқайда төмен. Шамамен 6-8 мың еуро тұрады. Бірақ өзі алғашқы көлікті құрастыруға 18 200 еуро жұмсаған.
Автокөлікті шығарар алдында, 2009 жылы Біләл Ахмад LPG бақылауындағы қауіпсіздік құрылғысын жасап, патенттеген. Егер біреу газ реттегішті өшіруді ұмытып қалса, Біләлдің сұйытылған газды басқару блогы газды өшіреді. Құрылғыны кез келген жерден телефон арқылы қашықтан басқаруға болады.
Осы құрылғыны жасағаннан кейін ол қарапайым халық үшін табиғи құралдармен жұмыс істейтін көлік құрастыруды ойлаған. Осыдан кейін күн көлігін ойлап табу жұмыстары басталған.
Біләл алғашында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сутегі газымен жүретін көлік шығаруды жоспарлаған. Бірақ бірнеше айлық негізгі жұмыстардан кейін қаржылық қиындықтарға байланысты жобаны тоқтатуға тура келген.
"Ресурстардың жетіспеушілігі - Кашмирдің басты проблемасы. Осы көлікті құрастыру кезінде құралдарды сатып алу мәселесіне жиі тап болдым. Бұрын жергілікті базардан өнім алуға көп уақыт пен қаржы жұмсалатын. Сондықтан мен көбінесе ескі өнімдерді ғана пайдаланатынмын", - дейді ол.
Сонымен бірге ол бірнеше рет интернет арқылы кейбір нәрселерге тапсырыс берген. Біләл бір кездері сенсорды сатып алуға бір жылдан астам уақыт кеткенін айтады.
Ақыры, көп жылғы тынымсыз еңбек жемісін беріп, оның шығарған көлігі бүкіл елге, соның ішінде Кашмирге танымал болған.
Көптеген саясаткерлер мен атақты адамдар бұл ұстаздың жаңашыл күш-жігерін жоғары бағалаған. Бірақ Біләл мұнымен тоқтамай, қарапайым халыққа ыңғайлы болсын деп осы көлікке біраз өзгерістер енгізіп жатыр.