- Негізгі бет
- Авто
- Жүргізуші көлікте алып...
Жүргізуші көлікте алып жүруі тиіс 7 зат
Автокөлікте міндетті түрде болуы тиіс заттар мен құрал-саймандар болады. Тәжірибелі жүргізушілер бұларды кез келген уақытта көлікте салып жүруге кеңес береді. Себебі ойда-жоқта қажет болып қалуы мүмкін-ақ.
Әсіресе алыс жолға шығар кезде көлікті толықтай тексертіп, тіпті жөндеуден өткізіп алған жөн. Майларын ауыстырып, өзге де ақаулардың жоқтығына көз жеткізіңіз. Ал ылғи алып жүретін құралдарыңыз орнында тұрған, не тұрмағанын бір тексеріп те алыңыз. Олай болса көлікте міндетті түрде жүруі тиіс қандай заттар екен?
1. Дәрі қобдишасы
Автокөлікте міндетті түрде болуы тиіс заттардың бірі - дәрі қобдишасы. Бірақ құр қобдиша емес, ішіндегі дәрілерді де жаңартып тұру тиіс.
Көлікте дәрі қобдишасының болуы заңды. Кез келген уақытта қажет болып қалуы мүмкін. Ал қобдишадан бөлек дәрілерді салонда сақтауға болмайды. Негізінен дәрі-дәрмек түрлері бөлме температурасында сақталады. Жазғы аптап ыстықта дәрінің көлік ішінде болуы - оның дертке қарсы әсерін азайтады. Тіпті денсаулыққа зардабын тигізуі де мүмкін.
2. Қосалқы доңғалақ
Қосалқы доңғалақ кез келген автокөліктің базалық комплектациясына енеді. Бірақ ол доңғалақ қосалқы болғандықтан ұзақ жолға арналмаған. Шағын маңдағы доңғалақ жөндеу орнына жеткенше деп жоспарланған. Ал қазір көбі қосалқы доңғалақты да ұзақ жолға жарамды боларын алып жүреді. Әсіресе ұзақ жолға шығарда қосалқы доңғалақ алып шығуды ұмытпаңыз.
3. Домкрат және түрлі қажетті құрал-саймандар
Көлікте міндетті түрде жүруі тиіс заттар қатарына домкрат (көтергіш) пен түрлі құрал-саймандарды қосыңыз. Түрлі құрал-саймандар болғанда, бұрайтын кілттер (ключ), балға, қысқыш, бұрауыш, т.б. Неғұрлым көбірек болғаны жақсы. Қажет кезде қиналмайсың.
4. Аккумуляторды қуаттайтын кабель
Бұл құрал жүксалғышта көп орын алмайды да. Бағасы да қымбат емес. Бірақ жолға шыққанда керек болып қалуы бек мүмкін. Сондықтан бір рет сатып алып, бірнеше жыл игілігін көріңіз.
5. Жел беретін құрылғы (насос)
Желі шыққан доңғалақпен алысқа бармайсың. Оны уақытша болса да үрлеу үшін арнайы жел беретін құрылғы (насос) қажет-ақ. Тіпті осындай арнайы өлшем көрсеткіші автоматты құрылғыны сатып алғанның зияны жоқ. Жолға шыққан бұл құрал жиі керек болуы мүмкін.
6. Кендір немесе сым арқан
Техника болған соң, ақау да болады. Кейде тоқтап қалғанда сүйреуге де тура келуі мүмкін. Ондай жағдайда өзге көлікпен сүйреу үшін кендір жіп немесе сым арқан қажет болады. Артығымен алып жүрсеңіз де кедергі болмайды.
7. Апаттық белгіше
Көлік жол ортасында бұзылғанда өзгелерге қиындық тудырары анық. Ол үшін жүксалғышыңызға апаттық белгішені салып жүруді ұмытпаңыз. Жол ортасына белгілі бір себептермен тоқтай қалғанда осы белгішені қойып, өзіңізді де, өзгелерді де сақтандырасыз.
Қайда жүрсеңіз де жолыңыз болсын, жолаушы!
Н. Үсенова