Қалтасында қаражаты бар байлар мен жұлдыздар көлікті өздері айдағаннан гөрі жүргізуші жалдағанды құп көреді. Оның бірнеше себебі бар:
1. Көлік жүргізушісі – қызмет түрі.
2. Уақыт тапшылығы. Бай адамдар жұмысбасты болатындықтан, әйел, бала-шағасын таситын адам керек.
3. Қауіпсіздік. Бай адамдар өздерінің қауіпсіздігі үшін көлік жүргізушісінің қызметіне жүгінеді.
Жеке көлік жүргізушісін жалдайтындар – көбіне жоғары қызметте отыратын, табысы көп адамдар. Әр адамның өзіне тән мінезі болатыны сияқты, байлардың да жүргізушіге қоятын талаптары әртүрлі. Бүгінгі таңда көлік жүргізуді білмейтін адам кемде-кем. Көлікке тек қатынас құралы ретінде қарайтын адамдар неғұрлым көп болған сайын, көлік жүргізуді үйренушілер саны соғұрлым көбеюде. Бірақ екінің бірі жеке көлік жүргізушісі бола алмайды. Ол үшін осы мамандықтың қыр-сырын білетін, тәжірибесі мол жүргізуші болуыңыз керек.
Сонымен қожайынның көлік жүргізушісі қаланың көшелері мен жол ережелерін жатқа біліп, кез келген жағдайда, кез келген уақытта бастығына жылы, жайлы орын ұсына алуы тиіс. Қауіпсіз де жайлы орынға жайғасқан қожайынды жүргізушінің жетер жерге еш қиындықсыз апарғаны құпталады. Одан бөлек бастық шақырған уақытта бір минут та кешікпей келіп тұруы керек. Өйткені жұмысбасты адамдардың әр уақыты есептеулі. Ал көлік аяқ астынан бұзылып қалған жағдайда жүргізуші көліктің "тілін түсініп", көлік жөндеу орталығына жеткенше, дереу шешім қабылдай алуы қажет. Көліктің жағдайы мен тазалығына да көлік жүргізуші жауапты. Ол көлікте ақау болса, алдын ала сезіп, бастығына ескертуі керек және көлік ішін таза ұстауы тиіс.
Этикаға келсек, көлік жүргізушісі бастығына артық сұрақ қоймайтын, ара қашықтықты сақтай алатын мәдениетті, жауапкершілігі мол адам болуы керек.
Көлік жүргізіп отырған кез келген адам жол жүріп келе жатқанда түрлі жағымсыз жағдайға куә болады. Сондай кезде көлік жүргізушісі өз-өзін ұстап, артық сөз айтып қоюдан қашуы керек. Стресске төтеп бере алатындай жүйке жүйесі мықты жандар көлік жүргізушісі мамандығының шыңына жете алады. Бастықтың жолдағы серігі темекі шегу, арақ ішу сияқты зиянды әдеттен аулақ болса, құба-құп. Ең маңызды нәрсе, көлік жүргізушісі бастығының құпиясын ешкімге айтпай, ішінде сақтай алуы тиіс.
Бастықтар мен жұлдыздардың көлік жүргізушісі болу оңай ма?
Көлік жүргізушісіне қойылатын негізгі талаптар туралы айттық. Көбіне табысты жандар көлік жүргізушісіне жоғары жалақы төлегендіктен, оған талапты да шамадан асырып қойып жатады. Орта есеппен байлардың көлік жүргізушілері айына 300-500 мың теңге жалақы алады. Бұл сан жүргізуші жалдайтын әр адамның қалтасына байланысты өсе береді. "Машина рөлін оңға бұрасың, солға бұрасың, болды, жұмысың рахат" деп көлік жүргізушілеріне қызығатындар бар. Бірақ олардың жұмысы біз ойлағандай оңай болмауы мүмкін. Өйткені байлар көлік жүргізушісіне жекіп, айғайлап сөйлейді. Бұл сөзге дәлелдің қажеті жоқ, өйткені, әсіресе, Қазақстанда көлік жүргізушілеріне деген көзқарас төмен деуге болады. Кей адамдардың пікірінше, "көлік жүргізушісі – жұмыс таппаған адамдар келетін мамандық". Даяшы, күзетші мамандықтары да осылай сараланады. Өкінішке орай, көлік жүргізушілерінің кәсіби біліктілігі бағаланбай жүр. Бұл мамандықтың адамның жүйке жүйесіне салмақ салатыны ескерілмейді. Көлік жүргізушісінің де өз отбасы бар, ол да сенбі, жексенбі күні демалуға құқылы. Бірақ түнгі 3-4-те қожайынды көлікпен қамтамасыз етуге міндетті көлік жүргізушілері күн-түн демей, түз кешуге мәжбүр. Әсіресе отандық жұлдыздардың көлік жүргізушілері халық төбесіне көтерген тұлғаларды басқа қырынан танып жатады екен. Көпке топырақ шашпаймыз, әлбетте...
Не үшін көлік жүргізушілеріне деген көзқарас төмен?
Өйткені көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасқан адам көбіне қожайыны қойған талапқа сай болмай жатады. Қара костюм-шалбар мен мұнтаздай ақ жейде киіп, қожайынын күліп қарсы алып, күліп шығарып салатын адам кімге жақпасын? Өзін осы саладан тапқан адам көлік жүргізушісі этикасын жетік меңгеруі керек. Табысқа кез келген адам жете алмайды. Егер адам бастық болып отырса, сол орынға лайық болғаны. Әдетте бастық адамдар жан-жақсы психолог болып келеді. Өз міндетін жақсы білетін кез келген адамның басшылықтан қолдау табатыны рас. Ал бастық артық кетіп жатса, жеке басыңызға тиетін ауыр сөз айтса, оған өз үніңізді естіртуден тартынбаңыз. Көлік жүргізушісі – бастықтың жеке құлы емес. Міндетіңізді атқардыңыз – ақшаңызды алдыңыз, жұмысыңызды орындадыңыз – еңбегіңіз төленді. Статистика бойынша, бастықтың көлік жүргізушісі болатын адамдар – 99% жағдайда жасы 25-35 жас аралығындағы еркектер.
Бастықтың көлік жүргізушісі мамандығының артықшылықтары бар ма?
Біріншіден, бастық біраз уақытын көлік жүргізушісінің жанында өткізетіндіктен, қабілет-қарымына қарай, көлік жүргізушісі бастықтан көп нәрсе үйрене алады. Егер бизнес саласына икемі болса, білім жинап, болашақта өз кәсібін ашуы мүмкін. Екіншіден, бастықтың көлік жүргізушісі ықпалды, беделді адамдардың ортасында жүріп, олармен сөйлесіп кете алады. Үшіншіден, әр минуттың қадірін түсінуді үйренеді.