Жол гипнозы: жүргізушінің "ұйықтап кетуіне" не себеп болады?

Ұзақ жолға шыққан жүргізушілердің ұйқылы-ояу күйге түсуі жиі кездеседі. Ғалымдар мұны "жол гипнозы" деп айтады. Мұндайда жүргізуші өзі "жол гипнозына" түскенін байқамай, сыртта болып жатқан дүниені бағамдай алмауы мүмкін. Көп жағдайда мұның салдарынан көлік апаты болып жатады.

Жыпылықтаған ақ жолақтар 

Жүргізушілердің гипноз-ұйқыға кететіні алғаш Германияда байқалған. 1920 жылдары соғыста жүргізушілердің тиімділігін зерттеу қолға алынған. Зерттеу барысында жүргізушілердің ұйқылы-ояу күйде көлік басқарғаны неміс ғалымдарын қызықтырады. Мұндай күйде жүргізушілер көп жағдайда көлік апатына ұшырайтын болған. Оның себебі тек 1950 жылы анықталды. Франция автомобиль компанияларының қауымдастығы зерттеу жүргізіп, 1964 жылы ел назарына зерттеу нәтижесін ұсынды. Шаршаған жүргізуші мотордың бірқалыпты дауысы, көліктің тербелуі және ақ түсті бөлу жолағының жыпылықтауынан "жол гипнозына" түседі деп топшылаған. Сондықтан 1965 жылдан бастап Франция жолдарында люминесцентті жарықтандырғышы бар (жарық шағылыстыратын) жолақтары пайда болды. Мұндай жолдарда әлі күнге дейін көлік апаты сирек тіркеледі.

Жалғыздық

Детройтта орналасқан ірі автоөндіруші компаниялардың тапсырымен Американың жол қозғалысы қауіпсіздігі қорының мамандары "жол гипнозын" зерттеді. Тәжірибе барысында "жол гипнозына" түскен 3593 жүргізушіні бақылаған. Олар мұндай сәтте ештеңе есте болмайтынын, бәрін автоматты түрде істейтіндерін айтқан. Оған қоса жүргізушілер көлікті жалғыз өзі басқарғанда осындай жағдай жиі кездесетінін атап өткен. Болмаса, шаршаған жүргізуші қасындағы серігі ұйықтап жатқанда "жол гипзона" түседі екен. Дегенмен Америка ғалымдары зерттеу барысында ұйқылы-ояу көлік басқарған жүргізушілердің тек 11% апатқа ұшыратынын байқаған. Өзгелері "гипнозға" түскен соң біраз уақыт көлікті басқарып, кейін оянған. 

Көлік сыртындағы біркелкі пейзаж

1990 жылы Эрнест Хилгардтың жетекшілігімен Стэнфорд университетінің психологтары "жол гипнозын" зерттеуді қолға алады. Мамандар Мысырдағы Александрия – Эс-Саллум бағытындағы жолды бақылауды жөн көрген. Өйткені дәл осы жолдың 500-шақырымында түсініксіз көлік апаты көп тіркелген. Жүргізушілер түзу жолда бірқалыпты пейзаждан "гипнозға" көп түседі екен. Ал Африкадағы шөлдің бірдей пейзажы жүргізушілердің санасын "алдайды". Көлік апатына түскен жүргізушілер есінде ештеңе жоқ екен, қалай соқтығысып қалғанын айта алмайды. Бұған қоса "гипноздағы" адамдар көлік апатында алған жарқатын ұзақ уақыт сезбейтін болған.

Сақтық шаралары

– Көлікті қатты шаршағанда жүргізбеген жөн; 

– Әдетте "жол гипнозына" көлікті 2-3 сағат тоқтаусыз басқарып келе жатқан жүргізушілер түседі, сондықтан шаршағаныңызды сезген сәтте-ақ демалу керек;

– Міндетті түрде кемінде 2 сағатта бір мәрте демалу қажет. 15 минутқа тоқтап, таза ауамен демалып, қимылдап, қажет болса сергіп алу үшін кофе ішкен дұрыс;

– Ұзақ жолда жаныңыздан өткен көліктерге мән беріп, жолға зер салып, назарыңызды қатаң бақылап отырыңыз;

– "Жол гипнозына" түнде түсу қаупі басым. Сол үшін мүмкін болса таңертең не түсте жолға шыққан абзал.