- Негізгі бет
- Авто
- Жеңілдетілген автонесие алу...
Жеңілдетілген автонесие алу мүмкіндігіңіз қандай?
Сарапшы әрі Тәуелсіз автомобиль одағының (ТАО) төрағасы Эдуард Эдоков Tengrinews.kz тілшісімен әңгіме барысында орташа статистикалық қазақстандықтың жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысу мүмкіндігін бағалады, сондай-ақ бүгінде еліміздің автосалондарындағы жағдай туралы айтты.
100 миллиард көп пе?
Утилизациялық алымының бұрынғы операторы бес жыл жұмысы ішінде шамамен 600 миллиард теңге жинақтады, оның 100 миллиарды таяу күндері қазақстандықтарды жеңілдетілген автонесие бағдарламасын іске қосуға жіберіледі.
"Бір қарағанда, бөлінген 100 миллиард ғажайып сома болып көрінуі мүмкін. Шындығында, бір қазақстандыққа орта есеппен 10 миллион теңге бөлінетінін ескерсек, бұл бағдарлама 10 мыңға жуық көлікке ғана жетеді. Қазақстандағы көліктерге деген сұранысқа келер болсақ, былтыр нарықта 120 мың жаңа көлік, оған қоса, менің ойымша, 500-600 мыңдай ескі көлік сатылды. Осы 10 мың көлік қазақстандықтардың көлікке деген нақты сұранысын қанағаттандыра ала ма", - деп сұрады сарапшы.
Револьверлік схема көмектеспей ме?
Қаңтарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиелеуді револьверлік принцип бойынша іске қосу туралы ойлады, яғни бұл жағдайда несиелер бойынша ай сайынғы төлемдер бағдарламаға қайтарылып, келесі қатысушыларды қаржыландыру үшін пайдаланылады.
"Мұнда пікірлер әртүрлі. Менің білуімше, револьверлік шарттар жазбаша түрде еш жерде жазылмаған және қазіргі уақытта екінші деңгейдегі банктерде рәсім тетігінің сипаттамасы жоқ. Автомобиль бизнесі қауымдастығы револьверлік схема болмайды деп мәлімдеді, ал шенеуніктердің бірі керісінше мәлімдеді", - деді ол.
Автомобиль одағының басшысы бағдарлама револьверлік жүйе бойынша жұмыс істесе, әрине, қазақстандықтар көбірек қатыса алатынын айтты.
"Жеңілдетілген несиелерін төлеп жүрген адамдардың ақшасы револьверлік жүйе бойынша жинақталғанша қанша уақыт керек? Себебі төлемдер 7 жылға созылады. Бұл басқа сұрақ", - деді Эдоков.
Дефицит жағдайындағы "ғажайып" ұсыныс
Эдуард Эдоков анонсқа дейін Қазақстанда автосалондарда көлік алуға деген кезек көп болғанын еске салды. Оның ойына, бағдарлама қосылса автокөлік алу одан да қиындай түседі.
"Энергия тасығыштар мен металл бағасының өсуі, электр чиптерінің тапшылығы, логистика мәселелері, пандемиядан кейінгі афтершоктар – мұның бәрі бүкіл әлем бойынша автомобиль өндірісіндегі осы негізгі проблемалардың барлығы ешқайда кеткен жоқ, ал оған енді көліктердің ай сайын бағасы өсіп, тапшы болатыны да қосылады", - дейді ол.
Маман қазіргі факторларға Қазақстанмен көршілес орналасқан елдердегі геосаяси жағдай да қосылғанын атап өтті.
"Қазақстан сатып алатын көліктердің жартысы Ресейден немесе Ресей арқылы келетін. Кейінгі оқиғалар көрші елде автокөлік өндірісінің тоқтауына себеп болды. Одан бөлек, Украинада көлікке арналған заттар шығаратын зауыттар тоқтады", - дейді сарапшы.
Эдоков ресейлік нарыққа сұраныстың көбі Қазақстанға өтетінін, ал бұл республикадағы жағдайға әсер ететініне сенімді.
"Еске салайын, Ресейде көліктерге сұраныс өте аз. Мәселен, былтыр Ресей Федерациясында бір жарым миллион жаңа автокөлік сатылды. Ресейліктер қазақстандық автокөлік нарығын "тазалай бастағаны" айдан анық. Бұл Қазақстан дүкендеріндегі автокөлік тапшылығына, кезектерге және бағаларға қатысты шиеленіскен жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Қазіргі жағдайда дүкендердегі көліктерге айына миллион теңге қосылуы мүмкін", - деді ол.
Сарапшының пікірінше, мемлекет жағдайға ықпал ете алмайды.
"Мысалы, ИИДМ не істей алады? Өкім шығара ма: "Автокөлік өндірісін үш есеге арттырыңыз - бізде жеңілдетілген автонесиелеу жүріп жатыр" деп. Бұл олай жұмыс істемейді. Өндірісте бәрі бір-бірімен байланысты. Бұл - экономика, өнеркәсіп", - деді ол.
Бұл ретте Тәуелсіз автокөлік одағының басшысы бұған дейін жарияланған бағдарлама шарттары - 4 пайыздық мөлшерлеме, 7 жылға бастапқы жарнасыз, шынымен де "ғажап" деп келісті.
"Бағдарлама шын мәнінде бірегей - инфляция 15-20 пайыз болғанда 4 пайыздық несие алу. Оның үстіне, жақында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да арттырды, енді коммерциялық несиелер жылдық 20 пайыздан басталады. Ғажайып, басқа ештеңе айта алмайсың", - дейді Эдуард Эдоков.
Қарапайым қазақстандықтың мүмкіндігі қандай?
"Қорытындылай келе, күрт тапшылық жағдайында жүз мыңдаған өтініш беруші арасында 10 000 автокөлік "ұтыс тізбегінен" өтуі керек деп айта аламыз. Бұл бағдарлама бойынша автокөліктердің сатылуын болжау мүмкін емес, мұндай жағдайда екінші деңгейдегі банктер бұл кезекте тұрған адамдарды алғашқы он мыңға жақындата бастайды. Қайталап айтамын, 10 мың Алматы үшін өте аз, ал бұл несиелерді бүкіл елге тарату керек. Қандай мүмкіндіктер бар?... Менің ойымша, мүмкіндік өте төмен", - деді Автомобиль одағының төрағасы.
Ал, кейбір мәліметтерге қарағанда, бағдарламаның өткен тұсаукесерлеріне қатысуға тырысқан және 7 пайыздық несиеге кезекте тұрған он мыңдаған қазақстандық жеңілдетілген автонесие алу үшін кезекте тұр.
"Бұған дейінгі жеңілдетілген автонесиелеу кезінде мемлекет бюджеттен ақша бөлді, бұл жолы жеке компания шотынан қаражат бөлінді. Содан бері екінші деңгейлі банктер тізімі бар шығар. Олар бұрынғы тізім бойынша несие беруді жалғастыра ма, әлде жоқ па - бұл ашық мәселе. Күту керек", - деді ол.
Кезекке қашан тұру керек?
Бақ сынап көру үшін жеңілдетілген автонесиелеумен айналысатын банкке бару керек, деді сарапшы.
"Бағдарламаға қатысатын екінші деңгейлі банктер белгілі болғаннан кейін, бірден жеңілдетілген несие алуға өтініш жазуыңыз керек. Бұл жылдам бітетін рәсім емес: банк сіздің төлем қабілетіңіз, несие тарихыңызды зерттейді, ай сайынғы табыс және т.б. Ықтималдық төмен, бірақ мүмкіндік бар", - деп қорытындылады Эдуард Эдоков.
А. Оралқызы