«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов жылдың алғашқы алты айында Қазақстандағы ақылы жолдардан қанша ақша түскенін хабарлады.
Басқарма басшысының ақпараты бойынша, Қазақстандағы 4 ақылы жолдан жарты жылда 2,5 миллиард теңге қаржы түскен. Бұл қаражат толығымен жолдарды күтіп ұстауға, уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалмақ.
Автомобиль жолдары мен көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне арналған кеңесте Ұлан Әліпов Қазақстандағы ақылы жолдардың жағдайы жайлы да айтып берді.
«Ұзындығы 211 шақырым болатын «Нұр-Сұлтан-Щучинск» бағытындағы жол 2013 жылдан бастап ақылы екенін білесіздер. Сол уақыттан бері аталмыш жолды күтіп ұстауға бюджеттен бір тиын да алған жоқпыз. Биыл 134 шақырым болатын «Нұр-Сұлтан-Теміртау» бағытындағы жолды, 47 шақырым болатын «Алматы – Қапшағай» және 292 шақырымдық «Алматы – Қорғас» жолдарын да ақылы еттік. Олар да өз есебінен қаржыландырылады», - деді Ұлан Әліпов.
Сонымен қатар, жиын барысында басқарма басшысы компанияның алға қойған мақсаттары жайлы айтып өтті.
«Автожол жобаларын мониторингілеу процесі автоматтандырылды және мердігер дайындаған материалдар туралы, техниканы жұмылдыру туралы мәліметтерді қоса алғанда, құрылыс-монтаж жұмыстарының барлық сатыларында жобалардың іске асырылу барысы туралы ақпаратты ашатын бағдарлама іске қосылды. Келешекте бұл бағдарлама корпоративтік сайтпен біріктірілетін болады», - деді Ұлан Әліпов.