- Негізгі бет
- Авто
- Жапонияның ең қауіпсіз машинасы...
Жапонияның ең қауіпсіз машинасы анықталды
Жапонияның жаңа автомобильдерді бағалау бағдарламасынан (JNCAP) ең жоғары баға алған Subaru Levorg универсалы елдің ең жақсы көлігі деп танылды.
Екінші буындағы Subaru Levorg универсалына 1.8 литрлік бензинді мотор орнатылған (177 а. к., 300 Нм). Ол Lineartronic вариаторымен жұмыс істейді. Машина толық жетекті. Автокөлік өткен күзде Жапонияда сатылымға шыққан. Бағасы 3,1 миллион иеннен (12,2 миллион теңге) басталған. Бұл модель Қазақстанда әлі сатылымға шықпаған.
Бұған дейін Леворг “Жыл көлігі 2020/2021” атанған болатын. Енді машинаның қауіпсіздік деңгейі бес жұлдызбен бағаланып отыр, көлік максимум 190 ұпайдың 186.1-ін алды. Бұл 2020 жылы сынақтан өткен жеңіл автомобильдер арасындағы ең үздік көрсеткіш.
JNCAP сынағы екі бетпе-бет соққы жасау арқылы өтеді. Көліктің пішіні өзгеретін кедергіге 64 км/сағ жылдамдықпен және пішіні өзгермейтін кедергіге 55 км/сағ жылдамдықпен соғылғандағы күйі анықталады. Одан бөлек бүйірлік краш-тест, орындықтарды стендтік сынау (арт жақтан соғу), капот ернеуіндегі қауіпсіздік жастығының іске қосылуын қоса алғанда, жаяу жүргіншіні қаққан кездегі шанақтың алдыңғы бөлігінің жарақаттамау мүмкіндігі, қауіптің алдын алу және шұғыл қызметті шақыру жүйелері тексеріледі. Levorg бұл сынақтардың бәрінен мінсіз өтті.