«Сақтансаң, сақтайды». Көлікке отырарда қауіпсіздік белдігін тағудың мәні де – осында. «Өзгелер» үшін емес, өзіміз үшін тағуымыз қажет. Аман қалу үшін.
Жаңа Зеландияның көлік агенттігі көлік апатынан қауіпсіздік белдігі арқылы аман қалғандардың фотосуретін жариялап, әлеуметтік жарнама жасаған екен. Сол арқылы ел азаматтарына ой салуды көздеген.
Денесінде белдік ізі қалған 10 адамның суреті кімді болмасын ойландырмай қалмасы хақ. Әсіресе, қауіпсіздік белдігі адам денесіне дәл осылай осып жібереді деп кім ойласын. Осынау денеде қалған тыртық пен жара апаттың ғана емес, апаттан аман қалдырған белдіктің де естелігіндей.
Сонымен, фототарихқа көз жүгіртіп, апатқа ұшыраған ер адамдардың оқиғасымен танысып көрсек.
1. Джеймс Либерона-Фик. Оның көлігі қарсы келе жатқан көлікпен бетпе-бет соғылып, қолы мен аяғы сынған. Денесі көгерген, қанталаған.
2. Дэн Мейсон болса, апатқа түсер күні аздап ішімдік ішкен. Сол үшін де жаза тапқандай болды. Қабырғасы мен жақ сүйегі, денесінің тағы алты жері сынып, миына зақым түсті. Бұл азамат та қауіпсіздік белдігі болмаса, не істер еді?
3. Уилл Джайлс. Алдында келе жатқан көлікке соғылып қалған. Басынан жарақат алып, миы шайқалған екен. Тұруды, жүру мен сөйлеуді қайтадан басынан бастап үйренген көрінеді.
4. Рик Хаира. Пойыздың көлік қаққаны – ауыр апат. Риктің басынан өткен жағдай да – осы. Өткелден өтіп бара жатқан кезде қаққан. Қауіпсіздік белдігі болмаса, көліктен ұшып кетер еді. Ал алдында трансформатор тұрған.
5. Джеймс Макдональдтың көзіне күн сәулесі шағылысып, қарсы келе жатқан жүк көлігіне кеп соғылған. Мұрны мен қолы сыныпты.
6. Дион Перри болса, тас жолдан шығып кеткен. Көлігі аударылып, төңкеріліп қалған. Ол да белдіктің арқасында аман қалды.
7. Кахутия Фостер. Досынан қайтып келе жатқан Кахутияның көлігін ұзын жолмен келе жатқан көлік келіп бұрылыста қаққан. Жолдан шыққан көлік ағашқа барып соғылған.
8. Лиам Бетелл. Үйіне 200 метр жетпей жүк көлігі қағып кеткен Лиамның арқасы мен қабырғасы сыныпты. Басына зақым түсіп, 10 күн комада жатқан.
Лиамның фотосуреті әлі күнге дейін билбордтарда ілініп тұр.
9. Дилан Чирнсайдқа басқа біреудің көлігі келіп соғылған. Бас жарақатын алып, бас пен мойынды бекітіп тұрған сүйектердің бірі сынып кеткен. Бір жарым жылдан кейін есін жиды.
10. Вилли Карберри қатты жылдамдықпен келе жатып, бағанаға соғылған. Ауыр апат, бірақ белдікпен аман қалды.
- Өмірде ер азаматтардың белдік тақпайтынын көп көреміз. Біреу үшін тағатындай болады. Ер адам емес, бала-шаға, қария, әйел адамдар тағу керек деп жаңсақ ойлайды. Бірақ бұл дұрыс емес, - дейді Көлік агенттігінің маман дәрігері Наташа Маккей.