Бәссаудада ең қымбатқа сатылған 10 автокөлік

Ең алғаш жасалған автокөліктер өз бағасын жоймай келеді. Керісінше уақыт өткен сайын құны жоғарылауда. Әсіресе, ескі спорттық көліктер үлкен сұранысқа ие. Көбі бұл көліктерді сән үшін алып жатады. Олай болса бәссаудада (аукцион) ең қымбатқа сатылған 10 автокөлік туралы айта отырайық. 

10. «Феррари» 250LM – 17,6 миллион доллар

Жасалған жылы: 1964


Энцо Феррари бұл автокөлікті спорттық жарыстарға арнап шығарған болатын. Бірақ халықаралық автомобиль қауымдастығының ережесіне сәйкес, жарыс жолына шығарылған жоқ. Себебі ережеге сәйкес «Феррари» 250LM спорттық автокөлігінің саны 100-ден көп болуы тиіс еді.

Ал Энцо Феррари бұл автокөліктің 32-ін ғана жасап шығарды. Дегенмен әуесқой жарыстарға қатыстырылды. Автокөліктің ерекшелігі – жылдамдығы мен жақсы әрі ыңғайлы басқарылуында болды. 

9. «Феррари» 375-Plus Spider Competizione – 18,39 миллион доллар

Жасалған жылы: 1954 

Италиялық компания бұл автокөлікті де спорттық жарыстарға арнап шығарды. Негізінен арнайы шығарған жоқ. «375 ММ» автокөлігіне 12 цилиндрлі қозғалтқышты қою арқылы «375-Plus» автокөлігін шығарды. Кейіннен бұл көлік талай ірі жарыстарда бірінші келді. 

8. «Феррари» 250 GT SWB California Spider – 18,5 миллион доллар

Жасалған жылы: 1961 

«Ферраридің» бұл автокөлігі де санаулы ғана шыққан. Компания бар болғаны 38-ін ғана жасаған. Сондықтан да құнын ешқашан жоғалқан емес.

7. «Бугатти» Royale Kellner Coupe – 20,4 миллион доллар

Жасалған жылы: 1931

«Бугатти» Royale Kellner Coupe 1931 жылы жасалғанмен, бүгінде бастапқы құнынан әлдеқайда қымбат тұрады. Себебі компания бұл көліктен бар болғаны 6 ғана шығарған. 

6. «Феррари» 275 GTB/C Speciale – 26,38 миллион доллар 

Жасалған жылы: 1964 

1960 жылдары Энцо Феррари Халықаралық автомобиль қауымдастығымен жиі келіспей жүрді. Жаңадан шыққан «275 GTB Speciale» автокөлігі де техникалық талаптарға сай емес деп, жарыстарға қатыстырылмады. Нәтижесінде «Феррари» 275 GTB/C Speciale автокөлігін шығарды. 

5. «Феррари» 275 GTB/4*S NART Spider – 27,5 миллион доллар 

Жасалған жылы: 1967 

1966 жылы Парижде Энцо Феррари «275 GTB/4» автокөлігін таныстырды. Автокөлікті көрген Ферраридің досы, америкалық кәсіпкер Луджи Чинетти қызыға кетті. Бірақ бұл көлікті кабриолет нұсқасында жасауға ұсыныс жасады. Энцо оған келіспеді.

Нәтижесінде америкалық кәсіпкер өзге компания көмегімен Энцо Ферраридің көлігін өзі қалағандай өзгертті. Бұл жолы өнер тапқыш қарсы бола қойған жоқ. Ал Луиджи болса кейіннен тағы бірнеше автокөлік жасап шығарды. 

4. «Феррари» 290 MM – 28,05 миллион доллар 

Жасалған жылы: 1956

Италиялық компания 1950 жылдары «Феррари» 290 MM автокөлігінің төртеуін шығарды. Нағыз спорттық жарыстарға арналған 290 ММ жылдам танымалдылыққа ие болды. 1956 жылы Эудженио Кастелотти осы көлік тізгінінде «Милле Милья» жарысында жеңімпаз атанды. Келер жылы «Буэнос-Айреске 1000 шақырым» додасында да жеңіс тұғырынан көрінді. Уақыт өте келе 290 ММ авткөлігінің төртеуі де әлемдегі ең қымбат көліктердің біріне айналып қала берді. 

3. «Мерседес-Бенц» W196 – 30,06 миллион доллар 

Жасалған жылы: 1954

«Мерседес-Бенц» W196 - «Формула 1» жарысы тарихындағы ең қымбат автокөлік саналады. Себебі бұл автокөлік ең жетілдірілген нұсқада болды. W196 қатысқан 12 доданың 9-да бірінші келді. Осы автокөліктің көмегімен Мануэль Фанхио екі рет әлем чемпионы атанды. 

2. «Феррари» 335S – 35,71 миллион доллар 

Жасалған жылы: 1957

Бұл автокөлікті осыған дейін Лионель Мессидің сатып алғаны туралы айтылған болатын. Бірақ аргентиналық футболшы бұл ақпаратты растаған жоқ. Бәлкім құпия сақтағысы келген болар. Себебі сатып алу үшін 35 миллион долларын шығындағаны анық. 

«Ferrari 335 S » спорттық көлігімен 1958 жылы әйгілі британдық автошабандоз Мосс Стирлинг Куба Гран-Приіне қатысқан.

1. «Феррари» 250 GTO – 38,09 миллион доллар 

Жасалған жылы: 1962 

250 GTO автокөлігін сарапшылар компания тарихындағы ең сәтті шыққан өнім санайды. Энцо Феррари бұл автокөліктен 39-ын шығарған.

Оның барлығын сатып, көпшілігінің кілтін өз қолымен табыстаған.