Автоэволюция: Алғашқы автомобиль орта ғасырда пайда болған

Адамзат пайда болғалы бері мініс көлігі ретінде әртүрлі жануарларды қолданды. Тіпті неолит заманынан бастап шаруашылыққа жануарларды қолданылғаны туралы деректер тасқа қашалып жазылған. Ал б.з.б. 3 мыңжылдықта Мысыр, Вавилон жазбаларында көліктер туралы деректер бар.

Адамзат дами келе мініс көліктеріне арбалар жегіле бастады. Оларды жүк тасу, адам тасу т.б түрлі мақсатта қолданды. ХІХ ғасырдың соңына келіп жануарлар біртіндеп адамзат қызметіне пайдаланудан шығып, орнына іштен жанатын қозғалтқышы бар арбалар қала бастады. Мұндай арбаларды автомобиль деп атады.

Автомобиль  грекше "αὐτο" – өздігінен және латынша "mobilis" – қозғалушы деген мағынаны береді. Адам немесе жануар күшін пайдаланбай, тәуелсіз қозғалатын "арбаны" ойлап табу әрекеттерінің нәтижесі ХVІІІ ғасырда барып өз жемісін бере бастады.

АвтоВАЗ қалай құрылды? Кеңес Одағындағы автоөндіріс тарихына шолу

Ойыншық бу көлігі

Алғашқы темір тұлпардың прототипін 1672 жылы католик ұйымының мүшесі Фердинанд Вербист ойлап тапты. Ол Қытай императорына арнап арба – бумобилін жасап шығарды. Көмірмен 1 сағатқа дейін қозғалатын бұл көлік көбіне көрмеге қойылатын ойыншық арбаға ұқсайтын еді. Бұл арбадан жүк немесе жолаушы тасымалдап болмайтын.

 Вербист бумобилі (1672)

Вербист өз шығармаларының бірінде қазіргі мотор яғни қозғалтқыш сөзін алғаш болып қолданған. Бірақ шын мәніндегі іштен жанатын қозғалтқышты ойлап табуға тағы 2 ғасыр уақыт кетті.

Қозғалтқыш

Франция армиясы қолбасшысының тапсырмасымен инженер Никола Жозеф Кюньо 1769 жылы бумен жүретін арба жасады. Оны “Кюньо арбасы” деп атады. Кюньо арбасын ауыр зеңбіректерді тасымалдауға қолданды. Ол бар-жоғы сағатына 4 шақырым ғана жүретін және тежегіші болған жоқ. Осының салдарына Кюньо арбасы көп апатқа ұшырап, кең таралмады. 

Кюньо арбасы 5 тонна жүкті тасымалдай алған

Жанармайды энергия күшіне айналдырып беретін алғашқы қозғалтқышты 1807 жылы Франсуа Исаак де Ривас ойлап тапты. Қозғалтқыш сутегімен істейтін, оны оталдыру үшін ұшқын қолданылды. Бұл қозғалтқыш жаппай таралмаса да, де Ривастың арқасында басқа инженерлер де қозғалтқыштың жаңа түрін ойлап табуға шабыт алды.

Риваз ойлап тапқан өздігінен жүретін арба (1807)

Соның арқасында 1885 жылы неміс инженері Готлиб Даймлер қазіргі қозғалтқыштың алғашқы нұсқасын жасап шығарды. Осы жылы карбюраторды ойлап тауып, алғашқы мотоциклге де патент алды. Жаңа қозғалтқыш шағын және шығыны аз болғандықтан, Даймлер қозғалтқышы машина ойлап табуға сенім арттырды.

Даймлер қозғалтқышы (1885 ж)

Алғашқы  мотоцикл (1885 ж)

Атсыз қозғалатын арба

Біз үшін күнделікті қажеттіліктің бір бөлігіне айналған темір тұлпардардың арғы атасын 1886 жылы неміс өнертапқышы Карл Бенц ойлап тапты. Motorwagen деп аталатын көлікке Даймлер қозғалтқышы пайдаланылды. Бір жылдан соң алғашқы автомобиль ретінде патенттелген Motorwagen атсыз арбаны еске салатын.

Motorwagen (1886)

Оны машина емес, тәуелсіз қозғалатын арба дейтіндер көп болса да, Motorwagen өмірге келген күн 1886 жылдың 29 қаңтары автомобильдің туған күні саналады. Ал Карл Бенц алғашқы машина шығаратын зауыт Mercedes Benz-тің негізін қалаушылардың бірі.

Қозғалтқышты қай жерге орнату керек?

Бенцтің құрылғысы еуропалық кәсіпкерлерді автомобильге жаңа, перспективалы сала ретінде қарауға итермеледі. 1886 жылы француз кәсіпкерлері Рене Панар мен Эмиль Левассор автомобильдерді шығару және сату үшін Panhard & Levassor компаниясының негізін қалады. Олар бензин қозғалтқышына алғаш болып патент алды.

1890 жылы Левассор жаңа автомобиль құрастыру жобасын қолға алады. Ол қозғалтқышты қайда орнатса қолайлы, қауіпсіз және көлік қозғалысына кедергі келтірмейді деп біраз ізденеді. Нәтижесінде арбаның алдыңғы бөлігіне қозғалтқышты орнатуға шешім қабылдайды. Ал жанармай багы болса арбаның артқы бөлігіне орнатылады. Техника бөлшектерінің мұндай реттілігі Panhard жүйесі деп аталады және ол бүгінгі автоөндірістегі басты стандарт болып есептеледі.

Panhard-Levassor автомобилі (1891)

1889 жылы Панар мен Левассор өз лицензияларына Арман Пежоны да ортақтастырады. Нәтижесінде Peugeot автомаркасының пайда болуына түрткі болады.

Жаппай сатыла бастаған автокөлік

Автомобильдер пайда бола бастағанда, АҚШ-та адамдарға жайлылық іздеп, көлік сатып алуға мүмкіндік беретін экономикалық өркендеу болды. Бірақ ол кезде машиналар қолмен жиналып, процесс ұзақ және қиын еді. Жаңа көлік құрастырылған кезде оның барлық бөлшегі үшін бірыңғай стандарт болған жоқ. Көліктің осы ыңғайлы түріне деген сұраныс қанағаттандырылмады, нәтижесінде машинаны тез және сапалы құрастыру жолдары ізделіне бастады.

Бұл түйіннің шешімін 1901 жылы Oldsmobile компаниясы тапты. Компания қол еңбегі емес, конвейерлермен автокөлік бөлшектерін құрастыруды жолға қойды. Барлығы бірдей стандартты сипатқа ие Oldsmobile Curved Dash компаниясы тарихта алғаш рет жалпыға қол жетімді көлік құрастырған компания ретінде қалды. Ол салыстырмалы түрде қысқа мерзімде дайындалатын. 1901-1907 жылдар аралығында Oldsmobile Curved Dash 19 мың данадан  артық көлік құрастырып сатты.

Oldsmobile Curved Dash (1901–1907)

Форд дәуірі

Автомобиль өнеркәсібіндегі нағыз революцияны Генри Форд жүзеге асырды. Форд автомобильдерді шығару үшін техникалық бөлшектерді құрастыру принципін жетілдірді, осылайша өндіріс процесінің тиімділігі едәуір артты. Нәтижесінде жылдам конвейерде жасалған алғашқы автомобиль Ford T өмірге келді. Оны екі сағат ішінде құрастыратын. Құны 850 доллар болды. Ford T-нің пайда болуымен автомобиль танымал бола бастады және тасымалдаудың ең ыңғайлы түріне айналды.

Ford Model T (1925)

Фордтың жаңалығынан соң АҚШ-тың басқа компаниялары да конвейер тәсілімен автомобиль құрастыра бастады. Ал Кәрі құрлықта 1930 жылдарда да машина құрастырудың қарапайым тәсілі қол еңбегі пайдаланылды.

Осыдан соң автомобиль өнеркәсібі қысқа мерзім ішінде эволюция кезеңін бастан өткерді. Автоөнеркәсіп сахнасына шыға бастаған Ford, Peugeot, Benz, Audi, Volkswagen-дер көлікті оңтайландыруға және жетілдіру жолдарын іздеп бәсекеге түсті.

Ford-тың алғашқы автомобильдері

Ford Model T (1908-1927)

Ford Model A (1927-1931) 

Peugeot-ның алғашқы автомобильдері

Peugeot 6HP Vis-a-vis (1898)

Peugeot Phaeton 139A (1913)

Mercedes Benz-тің алғашқы автомобильдері

Mercedes-Simplex 18/28 hp (1904)

Model SS 1927 ж

Audi-дің алғашқы автомобильдері

Audi Type A (1910-1912)

Audi Typ-B 10-28 PS