Аттың күші – қуатты өлшейтін жүйеден тыс бірлік. Елімізде бұл бірлік қолданылмаса да көліктердің қуаты ат күшімен есептеледі. Бұл қандай бірлік, ол неге тең?
Көлік қозғалтқышындағы ат күшін айтқанда көбімізге 80 жылқы мен қуаты 80 аттың күшіне тең көліктің қуаттылығы бірдей деген ой келеді. Алайда шындығына келгенде 80 жылқы мен оның күшіне тең қозғалтқышы бар көліктің қуаты әркелкі болады. Ат күші стандартты қуат бірлігі екенін, оның үстіне әр жылқының күші ерекшеленетінін ескеру қажет.
Ат күші бірлігі 1789 жылы қолданысқа енген. Өнертапқыш Джеймс Уатт жұмыс барысында жылқыны емес, бу машинасын қолданудың тиімділігін көрсеткісі келген. Ол жылқының көмір толы бөшкені шахтадан арқан байланған дөңгелек арқылы көтеру үшін қанша күш жұмсайтынын есептейді. Жылқы 75 килограмм болатын жүкті секундына 1 метр жылдамдықпен көтере алған. Егер бұл қуатты ватт бірлігіне айналдырса, 1 ат күші 735 ватқа тең болады.
Шахта басшылығын жұмысқа жылқыны жекпей, орнына бу машинасын қолдануға көндіру үшін Джеймс Уатт екеуінің тиімділігін салыстыруды ұсынады. Бір күнде жылқының атқарған жұмысын бу машинасы әлдеқайда тиімді істейтініне көз жеткізген шахта иелері жаңа өнертабысқа өтуді шешеді. Өйткені атқора ұстау, әр жылқының шөбі мен жемі секілді шығыны көп аттың орнына бу машинасын алу арзанырақ.
Алайда кейін анықталғандай Джеймс Уатт аттың күшін қате есептеген. Себебі 75 килограмм жүкті секундына 1 метр жылдамдықпен тек мықты жылқылар ғана көтере алады. Оған қоса бұл жұмысты ат ұзақ уақыт істей алмайды.
Ат күшінің түрлері
Метрикалық ат күші 75 кг-ды секундына 1 метрге көтерумен тең. Еуропада қолданылады
Механикалық ат күші 745.7 Вт-қа тең. Ағылшын тілді елдерде қолданылады
Электрлі ат күші 746 Вт-қа тең. Электрқозғалтқыштардың қуатын білдіреді
Тұқанды ат күші 1000 кгс·м/с тең. АҚШ-та кеңінен қолданылады
Гидравликалық ат күші 745.7 Вт-қа тең.
Қозғалтқыштың қуатын қалай анықтайды
Заманауи құрылғылар қозғалтқыштың қуатын еш қатесіз анықтауға мүмкіндік береді. Қазір диностенд кеңінен қолданылады. Арнаулы орында көліктің мүмкіндігі жеткен айналымға дейін жеткізген соң арнайы құрылғы қозғалтқыштың қуаттылығын анықтайды. Алайда ат күші жүйелі бірлік болмағандықтан әр елде әртүрлі есептелуі мүмкін. Мысалы, Еуропада ат күші 745 Ваттқа тең болса, Азия елдерінде 735 Ваттпен өлшейді.
Дегенмен ат күші бірлігі қолданысқа кеңінен еніп, көлік сипаттамасының ажырамас бөлігіне айналды. Қозғалтқыш қуатын Ваттпен емес, ат күшімен есептеу әлдеқайда ыңғайлы.