Алғашқы көлік Ердоғанға сыйланды. TOGG электр көлігі туралы не белгілі?

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен оның әйелі елде шығарылған TOGG электромобилінің алғашқы иелері атанды.

TOGG T10X, C класты кроссовер Анкарадағы президент сарайында өткен салтанатты шарада конвейерден жаңа шыққан, екі түсті – қызыл және қою көк түсте ұсынылды. Қызыл түс Түркияның бірінші ханымы Әмина Ердоғанға арналған.

© aa.com.tr

Түркия президенті "Анатолу" деп аталатын қызыл көлікті басқарды. Алайда алдағы уақытта қою көк көлікпен жүретінін айтты.

"Бүгін біз халқымыздың 60 жылдық арманының орындалғанының куәсі болдық. TOGG рекордтар жаңартты және бұл біздің жеке көлігіміз", - деді Ердоған.

Көліктің бір данасы Әзербайжан роезиденті Ильхам Әлиевке де сыйланды © aa.com.tr

2022 жылдың қазан айында Бурса провинциясының Гемлик қаласындағы түрік электромобиль зауыты электромобильдердің сериялық өндірісін бастады және оған Ердоғанның өзі қатысты. Болашақта бұл зауыт 6 түрлі түсті электромобильдердің 5 нұсқасын шығарады.

Әзірге екі модель шығарылды. Олар: TOGG T10X SUV C класындағы жол талғамайтын көлік және TOGG T10S седан. Жобаға 13 жыл ішінде 3,7 миллиард доллар инвестиция салынады. Сондай-ақ осы жылдың қазан айында электромобильдің екінші нұсқасы – седанның тұсауы кесілетіні хабарланды.

TOGG бас директоры Гуржон Каракош журналистерге жылына 100 мың көлік шығаруды жоспарлап отырғандарын айтты. Өндірістік қуаттылық бұл көрсеткішті жылына 175 000-ға жеткізуге есептелген. 2030 жылға қарай бір жылда құрастырылатын көліктер саны жарты миллионға жетеді.

© mag.auto3n

Электромобильдер туралы не белгілі?

272 ат күші бар төрт жолаушыға арналған, артқы жетекті, бір қозғалтқышты кроссовердің әдеттегі нұсқасы 7,6 секундта 100 км/сағ жылдамдыққа жетеді. Ол толық қуатпен 300 шақырым жол жүреді. Қос моторлы, толық жетекті 544 ат күші бар нұсқасы 4,8 секундта 100 км/сағ жылдамдыққа жетеді және толық қуатта 523 километр қашықтықты бағындыра алады. Батареяны 80 пайызға дейін қуаттау жарты сағаттан аспайды. Өндірушілер TOGG C-SUV уақыт өте келе үшінші деңгейлі автопилотпен жабдықталады деп уәде берді.

© mag.auto3n

Алғашқы TOGG электромобильдерінің бағасы 43 000 мен 54 000 доллар аралығында екені айтылды. Алдағы бір жарым жылда зауыт тек ішкі нарыққа жұмыс істеп, кейін Германия мен Францияға экспорттау басталады.