Жүйрік ат жүйіткіген сайын кең тыныс алып, өз жылдамдығына сүйсініп, шабысынан шабыт алады. Дамыған технологияның заманында текті жануардың бұл қасиеті жеңіл автокөлікке енгізілген. Жақында әлемнің ең жүйрік 5 теміртұлпары анықталды. Бұл жайында Мир 24 телеарнасы хабарлады. Топ бестікте топ жарған Hennessey Venom F5 автокөлігі. Оның максималды жылдамдығы 484 км/сағ. Алайда, бұл көрсеткіш ресми мәліметтермен қуатталмапты. Тек, сарапшылардың жеке пайымымен есептелген. Машина қозғалтқышында 1600 аттың күші бар. Сонымен қатар 7,4 литрлік турбоматор орнатылған. Екінші орын, сағатына 477 шақырым жылдамдықпен жүйткитін Koenigsegg Agera RS маркалы көлікке бұйырды. Бұл көліктің жылдамдық көрсеткіші ресми түрде дәлелденген. Сарапшылардың келтірген деректері бойынша, былтырғы жылдың соңында Koenigsegg компаниясының иесі Никлас Лила өзінің гиперкарымен Лас-Вегастағы 17 шақырымдық жолмен екі рет айналып өткен. Олардың бірінде максималды жылдамдық 458 км/сағатты құраған. Үздік үштікке Hennessey Venom GT теміртұлпары кірді. Ол сағатына 434 шақырым жылдамдықпен қозғала алады. Көліктің максималды жылдамдығы ресми түрде дәлелденген. Бірақ, сарапшылар арасында бұл көліктің сериямен жасап шығарылуында күмән бар. Оған себеп, атаулы көлік бір-бірлеп, қолмен құрастырылады деген пікір. Төртінші орынға жайғасқан жүйрік автокөліктің максималды жылдамдығы 431 км/сағ. Бұл сіз есімін жатқа білетін, көлік нарығындағы аса танымал әлемдік бренд Bugatti Veyron SS. Bugatti-дің бұл SS маркасы ең жылдам автомобиль атағын қайтарып алу үшін арнайы жасалған. Қозғалтқыш қуаттылығы 1200 аттың күшіне тең. Рейтингтің соңғы орындарын Bugatti көлігі қатар-қатар еншілеген екен. Мақтаулы теміртұлпардың Chiron нұсқасы топ бестікті түйіндеді. Оның максималды жылдамдығы 420 км/сағ.