Көліктер! Сіз оларды күн сайын көресіз. Әсіресе алып шаһарларда өзен боп ағылып жатқан көліктерден басыңыз айналып та кететін шығар. Кептелісте тұрып «осы көліктердің саны қанша? Шегі бар ма өзінің?» деген сауал ойыңызға келген де болар. Осы сауалға орай, біз бұл жолы жер бетінде қанша көлік бар екенін бағамдап көрдік.
1986 жылы әлемде жеңілі бар, ауыры бар – барлығы 500 миллионға жуық көлік бар деп белгіленген. Одан кейінгі «Wards Auto» компаниясының таратқан ресми ақпаратына сенсек, 2009 жылы көліктердің саны 980 милионнан асып, 2010 жылы 1 миллиардқа жеткен екен. Ондай көрсеткішке жетуі Қытай нарығындағы автомобиль сатылымының күрт көтерілуіне байланысты екенін айтады сарапшылар. Бұл елде аз ғана уақытта сатылған көліктердің саны 27% көтеріліпті. 2010 жылғы көрсеткіште Қытайда көліктердің саны 78 миллионды құраған. Бұл, өз кезегінде, әлемде автомобильдер көбеюінің басты себебі болып отыр. 2017 жылға болжам жасаған сарапшылар, осы жылы әлемде 78,6 миллион көлік сатылады дегенді айтады. Navigant орталығының статистикасында дәл қазір әлемде 1,2 млрд көлік бар. Ал, 2035 жылы бұл көрсеткіш 2 миллиардқа жетеді.
Осы орайда, көлік саны бойынша әлемде көш бастап тұрған бестіктің тізімін бере кетейік.
Америка Құрама Штаттары. Бұл мемлекетте көлік саны 240 миллионды құрайды.
Қанша кіші болса да, Италия рейтингтің күміс деңгейіне жетіпті.
Үшінші орынды Жапония, Франция және Ұлыбритания бөлісіп отыр.
Төртінші орынға патент алған Қытай Халық Республикасы болса,
5 орында Индия тұр екен.
Қазіргі автонарықтағы сатылым көрсеткішіне мониторинг жүргізген орталықтар алдағы жылдары қытай әлемнің ең автомобильдендірілген еліне айналмақ дейді.
Дайындаған: Мұхаметжан Дінмұхамед