- Негізгі бет
- Авто
- Әлемді өзгерткен 10...
Әлемді өзгерткен 10 көлік
Әлемді өзгерткен 10 көліктің тізімін жариялаймыз. Оған тарихтағы ең көп сатылған, ең әдемі, "халық көлігі" деп танылған, экологиялық таза автокөліктер, спорткарлар, минивэндер және гибридті автомобильдер кірді. Бұл рейтингті Forbes журналы жасап, ұсынған болатын.
© journal.ab-club.ru
1. Ford Model T (1908)
Бұл орта тапқа қолжетімді және көптеп шығарылған әлемдегі алғашқы арзан көлік.
Tin Lizzie деген атпен белгілі көлікті 1908-1927 жылдары америкалық Ford Motor Company компаниясы шығарған. Бұл миллиондаған сериямен шыққан әлемдегі алғашқы көлік болды.
Көбісі Генри Форд жаңа көлікті орта тап америкалықтар үшін салыстырмалы түрде қолжетімді етіп, Американы "атсыз арбаға отырғызды" деп санайды. Бұған инновацияларды енгізу, қолмен құрастырудың орнына конвейерді пайдалану, шанақ дизайнын жеңілдету, шығындарды азайту арқылы қол жеткізілді.
1908 жылы Model T америкалық нарықта 825-850 долларға бағамен сатылды. Дегенмен, көлік көпшілігінің бағасы 1100-1700 доллар шамасында болды. 1916-17 жылға қарай құны арзандап, машинаның бағасы 350 долларға дейін түсті.
Model T әлемнің көптеген елдерінде шығарылатын "жаһандық" автокөлікке айналды. Атап айтқанда, Ford Motor Company филиалдары Германияда, Ұлыбританияда, Францияда және Аустралияда ашылды.
Жалпы, 15 миллионнан астам Ford Model T адамзатқа қызмет етті.
© wikipedia
2. Volkswagen Beetle (1938)
Бұл да әлемдегі ең көп шығарылған көлік. Ол ықшам автомобильдер үшін сапа стандартына айналды.
Volkswagen Käfer ("қоңыз") – 1946 жылдан 2003 жылға дейін неміс Volkswagen компаниясы шығарған автомобиль. Бұл көптеген жылдар бойы өзгертілмей шығарылған негізгі дизайнымен тарихтағы ең танымал автокөлік. Зауыт конвейерінде жалпы – 21,5 миллион "қоңыз" құрастырылған.
Германияда Beetle 1970 жылдардың ортасына дейін шығарылды, содан кейін Латын Америкасындағы зауыттарға көшті. Соңғы көлік 2003 жылы Мексикадағы зауыттан шықты.
© auto.vercity.ru
3. Jaguar XK120 (1948 ж)
Сарапшылар оны әлемдегі ең әдемі көліктердің бірі деп санайды.
Jaguar XK120 – 1948 жылдан 1954 жылға дейін Ұлыбританияда жасалған спорт көлігі. Стандарт автомобильдің максималды жылдамдығы 200,5 км/сағ болса, оның арнайы шығарылған түрінің жылдамдығы – 219,83 км/сағ.
Jaguar XK120 сериясы автомобильдер арасында ең жылдам болды. 1951 жылы ол 24 сағаттық Ле-Ман жарысында бірінші орынды жеңіп алды.
Жалпы, 12078 Jaguar XK120 шығарылды, оның 80 пайыздан астамы шетелге, негізінен Америкаға экспортталды.
4. Trabant (1958)
30 жыл бойы ол Германия Демократиялық Республикасында (ГДР) шығарылды және Еуропадағы коммунистік лагерь елдері үшін "халық көлігі" атанды.
Trabant – ГДР символдарының біріне айналған Sachsenring Automobilwerke компаниясы көптеп шығарған немістің шағын автокөлік бренді.
Жалпы, 3 миллионға жуық Trabant шығарылды, бұл оны ең көп шығарылатын автомобильдердің бірі етті. Трабант социалистік елдерге (негізінен Чехословакия, Польша және Венгрия), сондай-ақ бірқатар капиталистік елдерге – Греция, Голландия, Бельгия, Оңтүстік Африка, тіпті Ұлыбританияға экспортталды.
Бұл "халық көлігі" өте қолжетімді болды, мысалы, Кеңес Одағында жасалған ГАЗ-24 "Волга" ВАЗ-21011-ге қарағанда шамамен 3 есе арзан еді. Оны сатып алуға адамдар ұзын сонар кезекке тұратын.
© splurjj.com
5. Porsche 911 (1964)
Porsche 911 – аты аңызға айналған көлік, спорт автомобильдерінің стандарты Porsche брендінің бет-бейнесі.
Porsche 911 (немісше Neunelfer) — 1964 жылдан бүгінге дейін әртүрлі модификацияда шығарылған Porsche AG неміс компаниясының спортты автомобилі.
911 салыстырмалы түрде төмен құны мен жоғары қуат мүмкіндіктерінің арқасында әлемдегі ең танымал автомобильдердің біріне айналды. Осы жылдар ішінде ол раллиде, Тарга Флорио жарысында, 24 сағаттық Дейтонада, 12 сағаттық Себрингте және 24 сағаттық Нюрбургрингте әлем чемпионаттарында жеңіске жетті.
© auto.ironhorse
6. Ford Mustang (1964)
Америка Құрама Штаттарында осы модельмен "бұлшық етті машиналар", яғни дизайны бұлшық ет сияқты ісінген спорткарлар дәуірі басталды.
Ford Mustang – Ford Motor Company шығарған танымал пони көлігі. Америкада мұндай термин спортты көріністе шығарылған, бірақ қуатты қозғалтқышы жоқ автомобильдерге қатысты айтылады.
Алғашқы Mustang 1964 жылы конвейерден шықты.
2018 жылдың тамызында Форд конвейерден 10 миллионыншы Mustang шығарды.
© jackbaruth.com
7. AMC Eagle (1980)
Бұл сонымен қатар 4 дөңгелегі бірдей жұмыс істейтін әлемдегі алғашқы хэтчбектердің бірі.
AMC Eagle– 1979-87 жылдар аралығында American Motors Corporation (AMC) шығарған орташа санаттағы жеңіл автокөлік.
Ол кезде Eagle АҚШ-та шығарылған жалғыз 4 дөңгелегі бірдей жұмыс істейтін көлік болды. Бұл үлкен жолдарда ыңғайлы, нашар жолда жақсы жүруге мүмкіндік берді.
AMC Eagle бірінші кроссовер (автокөлік пен жол талғамайтын көлік арасындағы класс) ретінде белгілі. Жалпы, шамамен 198 000 машина шығарылды.
© wroom.ru
8. Jeep Cherokee (1974)
Әлемдегі алғашқы орташа өлшемді, орташа бағадағы родстер.
Jeep Cherokee – 1974 жылдан 1983 жылға дейін АҚШ-та шығарылған жол талғамайтын көлік.
Оның бірінші буыны АҚШ пен Австралиядағы зауыттарда шығарылды, сондықтан автомобильдердің көпшілігі сол елдерде таралды.
Jeep Cherokee-нің жағымды қасиеттерінің қатарында кең интерьер, қуатты қозғалтқыш, берік рамалық құрылым және жоғары қозғалтғышы бар. Бірақ оның көп жанармай шығыныны кемшіліктерінің бірі болды. Jeep Cherokee америкалық отбасылардың сүйікті көліктерінің біріне айналды.
9. Dodge Caravan (1984)
Әлемдегі алғашқы минивэн.
Dodge Caravan – Chrysler 1984-2020 жылдары шығарған минивэндер сериясы.
Минивэн (ағылш. minivan – "кіші фургон") – бір өлшемді шанағы бар және капотсыз үш қатарлы орындықтары бар автомобиль. Әдетте олар 8 орыннан аспайды.
Dodge Caravan жолаушылар және жүк фургоны ретінде ұсынылған. 1984 жылдан бері әлем бойынша осындай 15 миллионға жуық минивэн сатылды.
© autonews
10. Toyota Prius (2000 ж.)
Әлемдегі алғашқы гибридті автокөлік. Ең көп сатылатын экологиялық таза көліктердің бірі.
Toyota Prius 1997 жылдан бері Жапонияның Toyota корпорациясында шығарылады. Бұл бензин және электр қозғалтқыштарымен жабдықталған әлемдегі алғашқы гибридті жеңіл көлік. Модель атауындағы латын тіліндегі Prius сөзі "бірінші" дегенді білдіреді.
Автомобильде зиянды шығарындылардың төмен деңгейі, сондай-ақ отын шығыны аз. Ол өзінің экологиялық тазалығы мен дизайнының өзіндік ерекшелігінің арқасында көптеген марапаттар мен жүлделерге ие болды. Жапонияда, Солтүстік Америкада және Еуропада жылдың ең жақсы көлігі деп танылды.
Ең бастысы, Prius электр қуатымен жұмыс істемейді, ол тек бензинмен жұмыс істейді. Қажетті электр қуатын көліктің өзі өндіреді. Оның гибридті құрылғысы бензин қозғалтқышы мен электромоторлы автомобиль дөңгелектеріне қосылып, ең тиімді режимде жұмыс істейтіндей етіп жасалған. Нәтижесінде отын өте аз тұтынылады. Prius автомобиль өнеркәсібінде төңкеріс жасады.
Т. Раушанұлы