ХХІ ғасыр технология ғасыры. Адамзат баласы жылқыны қолға үйреткелі 6 мың жыл өтті. Соншама уақыт ат адамның сенімді серігі болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында адамның ақыл-ойының арқасында техника ғылымы дамып, ат орнын машиналар басты. Сондықтан болар оларға темір тұлпар деп ат қойдық. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде бұл темір тұлпарлардың дамығаны сондай, қанат байласа ұшатындай дәрежеге жетті... Американың SSC North America (Shelby SuperCars) компаниясы Tuatara гиперкарын жасауға 8 жыл уақытын сарп етіпті. Бұл көліктің құдіреті екі турбиналы V8 қозғалтқышы 1750 ат күшіне иелігінде. Гиперкар аты Жаңа Зеландиядағы кесіртке атынан алынған. Tuatara сөзі маори тілінде желкедегі тарақ дегенді білдіреді. Машинаның сыртқы көрінісі де кесірткеге ұқсайды. Есіктерінің артында қанат, көліктің артқы бөлігіне аэродиамикалық сүзгі орнатылған. Шасси мен қаңқа углепластикалық материалдан жасалған. Сыртқы панельдер де осы шикізаттан. Сондықтан машина салмағы бар-жоғы 1247 келіні құрайды.Қозғалтқыш Лос-Анжелестегі Nelson Racing Engines компаниясында құрастырылған, оған екі турбина орнатылған. Қозғалтқыш әдеттегі жанармайда 1350 ат күшіне ие болса, Е85 бензин-спирт қоспасында қуаты артып, 1750 ат күшіне ие болады. Алты деңгейлі трансмиссия Италияның Cima фирмасына тиесілі. Атақты Pagani Zonda, Koenigsegg, Gumpert Apollo сынды суперкарлар осындай трансмиссияға ие. Машинаның дизайнын италиялық автодизайнер Джейсон Кастриота жасаған. Ол бұдан бұрын Pininfarina ательесінде жұмыс істеген, Ferrari 599 GTB Fiorano және Maserati GranTurismo сынды атақты суперкарлардың дизайнын құрастыру командасында болған.SSC Tuatara әлемдегі ең жылдам машиналардың бірі болады. Онымен бәсекелес Bugatti Divo қозғалтқышы 1500, Koenigsegg Regera қозғалтқышы 1600 ат күшіне ие. SSC инженерлері Tuatara автомобилінің максималды жылдамдығы сағатына 480 шақырым деп жариялады. Естеріңізге сала кетейік,1998 жылы Джерод ШелбиShelby SuperCars компаниясының негізін қалаған. Компанияның өнімі SSC Ultimate Aero TT машинасы 2007 жылы жылдамдығын сағатына 412,28 шақырымға жеткізіп, Гиннестің рекордтар кітабына кіргенен кейін, Shelby SuperCars өнімдері әлемге тарала бастады. Джерод Шелбидің бұл машинасы 3 жыл бойы әлемдегі ең жылдам машина болып келді. Тек, Bugatti Veyron Super Sport (сағатына 431 шақырым) шыққанан кейін, біріншіліктегі орнын соған босатып берген.