- Негізгі бет
- Авто
- Toyota Camry 70...
Toyota Camry 70 көлігінің артықшылықтары
Ер азаматтар арасында айтылатын әңгіменің әрін кіргізіп, темірден соққан тұлпарға құмар жандардың делебесін қыздырып, талайдан бері талқыда жүрген автокөлік – Toyota Camry 70. 2017 жылдың жазында алғаш рет АҚШ-та сатылымға шыққан көлік биыл сәуір айының басында біздің ел шекарасына кірді.
Алматыдағы автокөлік базарына сатылымға шыққан бұл көлік 14,5 миллион теңгеге бағаланған. Бір қызығы оңтүстік астанаға енді ғана жеткізілген Тойотаның су жаңа түрі еліміздің батыс өңіріндегі Атырау, Ақтау қалаларында осыдан 2 ай бұрын сатылымға шығып кеткен.
Қазақстандағы Toyota Camry 70 екі жиынтықпен сатылымға шыққан. Қарапайым және орташа деңгейде жабдықталған автокөлік 9-15 миллион теңге шамасында. Сонымен қатар, ел ішіндегі дәл осы маркалы көлік қозғалтқышының көлемі – 2,5 және 3,5. Бір пәтердің құнымен пара-пар 70-тік камри оның алдындағы 55-тік маркаға қарағанда биіктігі аласарып, ұзындығы мен ені ұлғайған. Көліктің іші, әсіресе артқы жолаушы отыратын бөлігі кеңейіп, аяқты емін-еркін созып отыруға жағдай жасалған. Сонымен қоса, жүрісінің жұмсаруына байланысты атаулы автокөлік ұзақ жолға таптырмайтын құрал.
70-тің сыртқы көрінісіндегі декорациялық қосымша элементтер бірден көзге түседі. Көліктің алдыңғы бөлігі 40 маркалы камриге ұқсайды. Бампердің дизайнын өзгертіп, қабағы қатулы адамның бейнесін келтірген.
Тектілердің ұрпағы тұлпардың тек асыл тұқымдысын таңдап мінген деседі. Бүгінгі заманның талабына сай нағыз жігіт темір тұлпарды да талғаммен таңдай білу керек. Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес. Бойдақ жігіттерге көлік алуға мотивация болсын. 70-тік мінген джентельменін тосып жүрген бойжеткендер қаншама?!
А. Қажиев