Әлемге танымал Porsche мен Boeing компаниялары ұшатын электромобиль жасап шығармақ. Олар әуеде қозғалатын көліктің алғашқы үлгілерін көрсетіп те үлгерді.
2018 жылы Porsche Consulting ұшатын электромобильдердің болашағы жайлы арнайы зерттеу жүргізген. 2025 жылдан кейін әлемдік нарық көз ілеспес жылдамдықпен дамып, 2035 жылға дейін әуе тасымалы айтарлықтай мәнге ие болады. Ірі қалаларда ұшатын көліктердің саны артады. Жер асты тасымалынан гөрі әуе тасымалы жылдам әрі ыңғайлы бола түспек. Бұл – компания зерттеулерінің нәтижесі.
Porsche мен Boeing компаниялары бірлесе жасаған жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық сарапшылар тобын жасақтайды. Олар қалалардағы автомобиль қозғалысын зерттейтін болады.
Айта кетейік, Porsche – автокөлік және күннен қорғайтын көзілдірік шығаратын компания. Негізі 1931 жылы қаланған. Ал Boeing компаниясы әуе, ғарыш және әскери техника өндіреді.