Бұл атаулы көлік Porsche компаниясының 70 жылдық мерейтойына байланысты жарыққа шықпақ. 600 аттың күші бар екі бірдей синхронды мотормен жабдықталған машина Taycan деп аталады. Жеңіл көлік небәрі 3,5 секундта сағатына 100 шақырым жылдамдықпен қозғалуға қауқарлы. Porsche компаниясының басшысы Оливера Блюмның айтуынша, Taycan маркалы Porsche көлігі 2019 жылдан бастап сатылымға шығады. Бүгінде әлемдік көлік нарығында танымал брендке айналған Porsche көлігінің тарихы тереңде жатыр. Тіпті, көліктің алғаш жарыққа шығып, түрлі қиындықтарға байланысты құрастырылуы тоқтап қалған кезеңіндегі оқиғалар дүниежүзілік тарихи қақтығыстармен байланысып жатыр. Porsche компаниясының негізін қалаушы Фердинанд Порше. 1898 жылы Фердинанд Лонер атты конструкторлық бюроның бастығы болып, темір тұлпарлардың жобалауын басқарған. Ал 1906 жылы Порш Даймлер компаниясында жетекшілік атқарған. Сол уақытта билікке Адольф Гитлер келген. Осы кезеңде Германия автоөндірісі басынан қиын жағдайларды өткізіп, өзінің басты бәсекелесі америкалық Фордтан басым түскісі келген. Гитлер 1934 жылы Фердинанд Поршеге халықтың қалтасы көтеретін көлік шығаруға бұйрық берген. Көп ұзамай неміс автосалондарынан Volkswagen маркалы темір тұлпарлар көрінді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткендіктен, Порше әскери техниканың жобалауы мен құрастыруын өз мойнына алған. Соғыстан кейін Фердинанд Франциядағы түрмеге түсіп, біраз өмірін сонда өткізді. Қамаудан босатылған Порше көп ұзамай жаңа спорттық көліктің жобалауын бастап кетеді. Фердинандтың баласы әке жолын қуып, көліктердің жобалауын өз қолына алды. Сөйтіп, Порше қозғалтқышында 35 аттың күші бар алғашқы сериялық Porsche 356 маркалы көлікті құрастырды. 1948-63 жылдары осы үлгінің 80 мың данасы жарық көрді.