1885 жылдың 29 тамызын мотоциклдің туған күні десе болады. Дәл осы күні Готтлиб Даймлер мотоциклге патент алған. Бірақ, ол ойлап тапқан жаңа көлік түрі моторлы велосипедке көбірек ұқсайтын.
Алғашқы мотоцикл 0,5 литр сыйымдылығы бар бір цилиндрлік ішкі жану қозғалтқышымен жабдықталған. Ол жылдамдықты сағатына 12 километрге дейін арттыруға мүмкіндік беретін. Салмағы 70 килограмды құраған.
1885 жылы 10 қараша күні әкесі Готтлиб Даймлер ойлап тапқан көлікпен 10 км жерді жүріп өткен Пауль Даймлерді алғашқы байкер деп есептесек болады.
Айта кетейік, пайдалану мақсатына қарай мотоцикл ‘‘көліктік’’, ‘‘спорттық’’ және ‘‘арнаулы’’ деген 3 түрге ажыратылады. Көліктік мотоциклдердің көлемі шағын, салмағы жеңіл, оңай басқарылатын әрі қарапайым болғандықтан жеке меншік көлік ретінде пайдаланылады. Арнаулы мотоциклдер түріне күзеттік мотоциклдер мен эскорттық мотоциклдер жатады. Мотоцикл қозғалтқышы (карбюраторлы, 2 не 4 тактілі) жұмыстық көлемі 125-тен 650 см3 дейінгі іштен жану қозғалтқышымен жабдықталады және күштік беріліс (ілініс, беріліс қорабы, алдыңғы және артқы беріліс), жүріс бөлігі, электрлік жүйе деп аталатын механизмдер тобынан құралады. 100 километрге 5,8 л бензин жұмсалады.