- Негізгі бет
- Авто
- Көшеде "есі...
Көшеде "есі дұрыс" жүргізуші қалмаған ба?
Cоңғы кездері көшеде "есі дұрыс" жүргізуші қалмаған сияқты. Құдды бәрі аспаннан түскендей, жерде (жолда) жүру ережелерін білмейді. Біреуі жоқ жерден атып шығып, есіңді шығарса, енді біреуі асықпай "аяғын аяңдап басып", жүйкеңді жұқартады. Бәріне не көрінген өзі?! Бүгінгі таңда кез келген көлік жүргізуші мазалайтын бірден-бір сұрақ – осы.
Бұл сұрақтың қарапайым екі жауабы бар. Бірі: әр жүргізушінің өзін "ең ұқыпты, ең жинақы, ең сабырлы жүргізушімін" деп санауы. Екіншісі: өзге жүргізушілердің бәрін есі дұрыс емес, көлік жүргізу куәлігін сатып алған, жол жүру ережесін мүлдем білмейді деп қабылдауы. Мұндай қорытындыға келуімізге америкалықтардың көлік жүргізу әдебіне (Expedia Road Rage Report - 2015) байланысты жүргізген сауалнамасының жылдық есебі себеп болды. Сауалнамаға қатысқан еріктілердің 97 пайызы өздерін "ұқыпты" жүргізушімін деп есептейді екен. 53 пайызы өздеріне басқа жүргізушілердің "айғайлағанын" айтып шағымданса, тек 17 пайызы ғана өздерінің де дауыс көтергендерін мойындаған.
Бұл не деген сөз? Бұл өзімізді "тым ұқыпты" жүргізушіміз деп ойлап қана қоймай, соған имандай сенетініміздің белгісі. Егер айналамыздағы жүргізушілер ренжіп, дауыс көтерсе ол біздің қателігімізден емес, олардың жай ғана жүйкесі жұқарған.
Түсініспеушіліктердің көпшілігі оқыс оқиғаларды өз пайдамызға шешіп алуымызбен байланысты. Психологияда мұны күрделі қателіктің ажырамас бөлігі деп атайды. Яғни, түсінікті тілмен айтсақ, бейтаныс біреу қатты келіп, алдыңызға шығып кетсе, ол ақымақ немесе есуас. Ал егер біз солай істесек, онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл біздің жаман жүргізуші екенімізді айғақтамайды. Біз бар болғаны маңызды бір кездесуге асығып бара жатырмыз. Нақтылай түссек, өзіміздің теріс қылықтарымызды түзетіп (ақтап) аламыз да, басқалардікін кешіре алмаймыз. Олардың қандай жағдаймен мұндай әрекетке барғанын ойланбастан, ханның қызынан да кететін қателіктерін жеке қасиеті деп түсінеміз.
Көшедегі өзге жүргізушілердің сіздің көзіңізге неге "есі дұрыс емес" болып көрінетін енді түсіндіңіз бе?! Онда сізге айтар ұсынысымыз бар. Алдағы 30 күнде шынымен де "ұқыпты" жүргізушінің рөлін ойнап көріңіз. Теріс қылық танытқан өзге жүргізушілерге өкпе артпаңыз, ашуға ақылмен жауап беріңіз, ешкімге сұқ саусағыңызды көрсетпеңіз. Сол жолақта "салбырап" келе жатқан "ақымақтың" артына түсіп, құлақты тұндыра дабыл (сигнал) бермеңіз. Алдыңызға шыққысы келіп жаныңызда келе жатқан жүргізушіні жібермеу үшін жылдамдықты арттырмаңыз. Мейлі, негізгі жол сіздікі болса да...
Иә, отыз күннің отызында "ұқыпты" жүргізушінің рөлін дұрыстап ойнаңыз. Көлікке отырар алдында терең тыныс алып, қозғалғаннан кейін тек жақсы нәрселерді ойлаңыз. Болмаса, жанға тыныштық сыйлайтын жай музыка қойып қойыңыз. Осы тапсырмаларды отыз күн орындасаңыз соңында әдетке айналып, ұқыпты жүргізушінің рөлін сомдаған сериалыңыз өміріңізге айналады.
Мүмкін, олар шынымен кінәлі шығар. Мүмкін, расында да ақымақ шығар. Бірақ оларды бір айға ұмытқаныңыз жөн. Олардың қалай не істегені маңызды емес, сіздің қалай жауап бергеніңіз маңызды... Ашуға ақылмен жауап қату екінің бірінің қолынан келмес. Бірақ сіз "болмасаңыз да ұқсап бағыңыз". Әлемдегі ең ұқыпты жүргізуші атанбасаңыз да, бір айлық ашуыңыз бен орынсыз түскен бес тал шашыңыз басыңызда қалады.
Е. Жұмабайұлы