Нұр-Сұлтан қаласында әлемге танымал швед жазушысы Астрид Линдгреннің тұңғыш рет қазақ тіліне аударылған "Ұзыншұлық Пиппи" кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Матс Фойер мырза, ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын, қарымды қаламгер Баянғали Әлімжанов, балалар жазушысы Серікбол Хасан, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында балалар әдебиетіне ерекше мән беріп: "Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн" деп атап өткен болатын. 2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланғандығы да белгілі. Осы мақсатта "Фолиант" баспасы қазіргі ұрпақтың псхологиясына тән, тәлім-тәрбиелік маңызы бар сапалы туындыларды басып шығаруды, әлемдік әдебиетте орны бар келелі шығармаларды аударуды қолға алып отыр.
Астрид Линдгреннің "Ұзыншұлық Пиппи" кітабының аудармашысы Мира Сембайқызы шығарманы толық аударуға үш айдай уақыт кеткенін алға тартады. "Аударып болғаннан кейін де редакциядан өткізіп, тағы да қайта-қайта оқып, әбден тексердік. Балалар оқығанда түсініксіз ұғымдар, қиын сөйлемдер кездесіп қалмасын деп сөйлемдерді барынша жеңіл тілмен беруге тырыстым", – деп атап өтті Мира Сембайқызы.
Мира Сембайқызы балаларға арналған шығарма аударасың дегенде қуанғандығын, балалар әдебиеті жанына жақын екенін де айтады.
"Көп балалалы ана болғандықтан өзім де балаларыма арналған қазақша кітаптар іздеп интернет-дүкендерді ақтарып отыратынмын. Әйгілі швед жазушысы Астрид Линдгреннің "Пиппи Ұзыншұлық" шығармасын аудару мен үшін үлкен тәжірибе, қызықты жұмыс болды. Қазақ тіліндегі балалар шығармасына тағы бір кітаптың қосылатыны және оған мен себепкер болғаным мен үшін үлкен жетістік.Өзім де балаларға арнап шығармалар жазып жүргендіктен, әрі Пиппидің оқиғалары жеңіл, ойнақы болғандықтан аударма барысында айтарлықтай қиындықтар болмады. Редактормен "Pippi есімін Пеппи, әлде Пиппи деп аламыз ба?" деп біраз талқыға салып, ақыры дұрыс оқылуына сүйеніп, Пиппи деп алдық. Басқа тілдерге аударылғанда да Pippi деп алған", – деді Мира Сембайқызы.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, Астрид Линдгреннің "Ұзыншұлық Пиппи" туындысының қазақ тіліне аударылуы баспаның балалар әдебиетінің дамуына қосқан үлесі болмақ.
Астрид Линдгрен, ЮНЭСКО ұйымының мәліметі бойынша, әлемнің ең көп аударылатын жиырма авторы арасында 18-орында, бұл тізімде Линдгрен Федор Достоевский, ертегі патшасы Ганс Христиан Андерсендермен қатар тұр. Кітаптары әлемнің барлық балаларының балалық шағының айрылмас бір бөлігіне айналған Линдгрен әдебиет алаңында ғана емес, Швецияда қоғамдық пікір көшбасшысы,елінің белсенді журналисі болды.
76 жыл бұрын жарық көрген "Ұзыншұлық Пиппи" соғыстан кейінгі шведтік балалар үшін бостандық, өмірге деген сүйіспеншілік символына айналды. Линдгрен балаларға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтату мен оларға деген құрмет сезімін қалыптастыру қажеттілігін қоғамға жеткізу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Барлық кітаптарынан "еркін тәрбиелеу шекараның немесе ата-анаға деген құрметтің жоқтығын білдірмейді, бұл ата-ананың балаға деген құрметін білдіреді", "Балаңызға шың көңілмен мән беріңіз", "Балаңызды қолдаңыз", "Балаңызды тыңдауды үйреніңіз", "Балаңызбен ойнаңыз", "Балаңызбен сөйлесіңіз" және ең бастысы "Балаңызға қол көтермеңіз" деген идеяны байқаймыз.
Пиппи – балалардың күш пен игілік, байлық пен жомарттық, бостандық пен тәуелсіздік армандарының символы. Ал үлкендер керісінше, Пиппиді түсінбейді. Дәріханашы, мектеп мұғалімі, цирк директоры, тіпті Томми мен Анниканың анасы да Пиппиді өзгертуге, қайта тәрбиелеуге болады деп түсінеді. Сондықтан болар, Пиппи балалықпен қоштасқысы келмейді."Үлкендер ешқашан көңіл көтермейді. Олар тек іш пыстыратын, өмірі бітпейтін жұмыс, түкке тұрғысыз киім туралы ғана біледі. Түкке тұрғысыз ырымдары таусылмайды. Тамақ ішіп жатқанда аузыңа пышақ салсаң, бір жамандық болады деген сияқты нанымдары бітпейді" дейді Пиппи. Алайда "Саған кім есею керек деді?"Ешкім Пиппиге қаламағанын жасата да, міндеттей де алмайды. Пиппи туралы кітаптар – жақсылыққа құштарлықтың айқын көрінісі.
Линдгрен – балалар әдебиетінде әлемге балалар көзімен қараған алғашқы жазушы. Ол балаларды әдебиет субъектісі ретінде қарастырып, жеке тұлға ретінде бағалай білді.
2005 жылы ЮНЕСКО әлемде ең көп аударылатын кітаптар тізімін жариялады. Тізімге сәйкес, Ұзыншұлық Пиппи 5-орында. Сондай-ақ бізде бар ақпаратқа сәйкес, "Ұзыншұлық Пиппи" еңбегі 100-ге жуық тілге аударылып, кітап желісі бойынша бірнеше фильм мен сериалдар түсірілген.
Әлемге әйгілі балалар жазушысы Астрид Линдгреннің "Ұзыншұлық Пиппи" еңбегі Швецияда "Балақай және шатырда тұратын Карлсон" кітабынан әлдеқайда танымал екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Қаламгердің Карин атты қызы ауырып қалғанда, әр кеш сайын көңілін аулау мақсатында ойдан шығарған әңгімесі кейіннен қызықты хикаятқа айналды. Айтқанға көнбейтін баланың психологиясын негізге ала отырып жазылған шығарма бұл күнге дейін әлемнің 100-ге жуық тіліне аударылған. Ағылшын тілінен қазақ тіліне алғаш рет аударылып отырған "Ұзыншұлық Пиппи" қазақ тілінде кітап оқитын оқырман қауымның да әдебиет пен кітапқа деген құрметін еселендіреді деп үміттенеміз.
"Фолиант" баспасы