Сіз бір кезек қолыңызға қалам алып, сүйіктіңізге хат жазу туралы ойлап көрдіңіз бе? Әлде бүгінгі әлеуметтік желілер қарқын алған заманда бұлай жасау әбестік деп ойлайсыз ба? Мүмкін, расымен де, бұл туралы ойланып көрмеген шығарсыз. Ғаламтордағы сіз бен біз қолданып жүрген қысқа хаттарға қарағанда өз қолыңмен хат жазудың әсері мүлде бөлек. Сенбесеңіз, тексеріп көріңіз.
Мысал ретінде ұлы тұлғалардың ғашықтарына жазған хаттарын ұсынамыз.
Лев Толстой - Софья Бернc.
1862 жыл, 16 қыркүйек.
«Софья Андреевна, менің шыдамым шегіне жетті! Одан да бәрін айтайын: сол жанның мұңы, қайғысы, өкініші және бақыты боламын деп бекінгеніме үш апта болды. Әр түн сайын неге айтпадым немесе қалай айтар едім деп әбігерге түсемін. Бұл хатты сізге беру үшін қолыма қалам алып отырмын. Мұны беруге батылым жете ме, жетпей ме, білмеймін... Отбасыңыздың сенімсіз көзқарасы бойынша, мен сіздің әпкеңіз Лизаға ғашық екенмін. Бұл дегенің барып тұрған әділетсіздік! Сіздің повестіңіз миыма кіріп алып, шығар емес. Мен оны оқыған сайын сіздің махаббатқа деген поэтикалық тамаша талабыңызға таңғала түсемін. Сіз кімді ұнатып, кімді жақсы көрсеңіз де қызғанбаймын, қызғанған да емеспін. Менің сізге қарап қуанғаным - жас сәбиге қарап шаттанғандай.
Шындықты сүйетін адам ретінде айтыңызшы, маған тұрмысқа шыққыңыз келе ме? Өз-өзіңізден дұрыстап сұраңызшы. Жан-тәніңізбен, шын көңілден "иә" деп айта аласыз ба? Егер көңіліңізде титтей де күдік болса, "жоқ" деңіз. Әрине, маған "жоқ" деген жауап есту қиынға соғады, алайда мен оны көтере алатындай күш-жігер табамын. Бірақ мен қалайша өз сүйгеніме күйеу бола алмаймын?! Бұл - өте қорқынышты...»
Онере де Бальзак – Эвелина Ганская
«Мен сіздің аяғыңыздың астына басымды қойып, қиял теңізіне шомып, өзімнің ойларыммен рахаттанып, ал кейде ештеңе айтпай, көйлегіңізге ернімді тигізіп жатқым келеді. О, менің махаббатым Ева, өмірімнің қуанышы, қараңғы түндегі жарығым, үмітім, сүйіктім, бағасыз алтыным! Мен сізді қашан көремін?! Мен сізді әлде көрдім бе, өңім бе, түсім бе?! Тәңірім-ау, сіздің акцентіңізді қаншалықты сүйетінімді білсеңіз ғой! Періштем менің, мұны айтуға рұхсат етіңіз: сіздің жұмсақ ерініңіз сондай сезімтал.
Желтоқсан айынның екі аптасын сізбен бірге өткізу үшін күн-түн демей жұмыс істеймін. Жол-жөнекей ақ қар басқан Юр тауын көремін, көремін де сіздің ақ иығыңызды ойлаймын. Эх, шашыңыздың жұпарын жұту, балғын денеңізді құшағыма қысу, мұның бәрі дегбірімді алып, шабытымды оятпақ! Достарым менің күш-жігеріме таңданыспен қарайды. Эх, олар кез-келген адамның шынайы сезімі барлық қиындыққа қарсы тұра алатынын білсе ғой! Періштем менің, бір рет қана сүйдім, бір рет баяу ғана сүйдім. Қайырлы түн!»
Александр Пушкин – Наталья Гончарова
1830 жыл, наурыз айы.
«Бүгін - сізді өмірімде алғаш көргеніме жыл толды. Сізді көрген сайын өзімнің тек сізді сүю үшін ғана жаралғаныма көзім жете түседі. Сізден жырақта жүргенімде мені рахатын әлі сезініп көрмеген бақытым аңдитындай көрінеді. Ерте ме, кеш пе маған бәрін тастап сіздің аяғыңызға жығылуға тура келетін шығар. Ол күннің мәні: бір уыс топырақты қажет еткен біреу мені қалың мұңнан босатып алып қуантады. Сол кезде маған сіздің үйіңіздің ауласында серуендеуге, сізді күтіп алуға, сізбен бірге жүруге болады...»
Наполеон Бонапарт – Жозефина Богарне
«Сені сүймеген күнім де, сені құшпаған түнім де болған емес. Жаным менің, сенен алшақтататын менмендік пен өркөкіректікті тудырмас үшін мен шай да ішпеймін. Жұмыста да, сап түзеген сарбаздар алдында да, лагерлерді тексерген кезде де, менің жүрегім Жозефине деп соғатынын сеземін. Ол мені ақылымнан алжастырып, ойымды ойран етеді.
Егер мен сенен алшақ кетер болсам, қайтадан тезірек көру үшін ұмтыла түсерім анық. Егер түн ортасында жұмыс істеу үшін ұйқымнан оянсам, онда ол саған оралудың орайын жақындатудың белгісі. Өзіңнің 23-ші және 26-жазбаңда сен маған «сіз» деп жазыпсың. Күнім-ау, бұлай жазуға қалай дәтің барды?! Қандай суық сөз!
Жозефина! Жозефина! Есіңде ме, саған "мені табиғат күшті, берік болуға үйретті, ал, сені ауадан жасады" деп едім ғой! Өмірімнің мәні, кешір мені! Саған деген жүрегім қорқыныш пен мұңға толы. Мұны ойласам, жүрегім қарс айрылады. Мені өз атыммен атамайтының жаныма батады. Сенің менің атымды атап жазғаныңды күтемін. Қош бол! Эх, егер сен мені жек көріп кететін болсаң, онда ешқашан сүймегенің! Және мен де ол туралы өкінетін боламын...»
Аударған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: adme.ru