- Негізгі бет
- Аударма
- Уильям Фолкнердің Нобель...
Уильям Фолкнердің Нобель сыйлығын алғандағы сөзі
Өзінің саналы ғұмырында артына 19 роман, жетпістен астам әңгіме қалдырған суреткер Уильям Фолкнер бірден даңқты болмады. Екі роман жазғанына қарамастан, бірде-бір шығармасы өзі күткен атақ-даңқты алып келмеді. Сосын ол Йокнапатофта - ойдан шығарылған АҚШ-тың оңтүстігінде жаңа еңбектерін жаза бастайды. Ал шын мәніндегі танымалдылық 31 жасында, "Айғай мен кек" романынан соң келе бастады. Аударма саласында көп еңбек еткен қазақтың классик жазушыларының бірі Асқар Сүлейменов. Оның америкалық жазушы Уильям Фолкнердің Нобель сыйлығын алғандағы аудармасын назарларыңызға ұсынамыз.
Менің ойымда, осынау сыйлық маған – пенденің жеке басына емес, менің бүкіл ғұмырлық еңбегіме, еңбекке – адам рухының азаптан сауылған табан ақы маңдай теріне беріліп отыр. Еңбек болғанда, атақ пен даңқ, лауазым-мансап үшін, әсіресе ақша аталатын буын құрт үшін айқасқа шыққан еңбек емес, жаңағы адам рухының иін-иірімдерін бұрын әлем көрмеген әлдене жасап, оны дүние-жарыққа олжалау үшін буынған, ышқынған, шыңғырған еңбек. Бұл сыйлықты менің аманат-кепілдік санатында қабылдау себебім де осы. Оның, сыйлықтың, ақша-қаржы аталатын бөлігін көзін тауып жұмсау көп қиындық әкеле қоймастай.
Бұл мінбеге көтерілгендегі бірегей міндет: мен, маған көрсетілген сый-құрмет, көңіл-пейілді де сарқып пайдалансам деп ем. Ол міндет, таратып айтқанда, мынаған саяды: мен көрген, мен көрген азап пен ғазаптың қамытын киіп үлгерген, жұлдызы оңынан туған күнде дәл осы кафедрадан дабыс берер ақжолтай жас қаламның бірі менің дауысымды естір ме деген үміт.
Біздің басымыздағы бүгінгі трагедия: қара түндей қалың үрейдің бізді ерттеп мініп алғаны. Ол үрейге бойымыздың үйренгені соншалық, біз оның ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалдық. Бүгіндері рух ныспылы ұлы ұғым құрдымға кетті; басы ашық, жалғыз, жалқы сауал қалды: адам тәнін кім, қашан, қалай бұтарламақ? Еркегі бар, әйелі бар бүгінгі жас қаламгердің өз-өзімен қаржасып, қырқысып өтер адам жүрегіндегі зар-запыранға сырт беру себебі де осында. Ал, хас әдебиеттің құнары тек осынау қырқысу, тек осы конфликт. Қат-қабат тірлікте азап пен тердің өтеуіне жүрер, қайран қаламның қадіріне, қастеріне, қасиетіне жетер басқа түк те жоқ.
Жас қаламгер дәл осы шындықты қайрылып қарап, қайтадан ұрпаққа керек; бүткіл табиғатта үрейден асқан нәкәстік болмасына өзін сендіру керек; сенген бетте онымен – үреймен, ат құйрығын үзілді-кесілді кесіспекке керек, кесіскен бетте адам жүрегінің байырғы мұраттары – махаббат пен намыс, аяныш пен құрбандық, бауырмалдық пен рахымнан басқасын шеберханасынан сыпырып тастау керек. Байырғы мұраттардың деңгейінен табылмаған әдебиетті ақта десе де, батырып айтып, “мүрде” десе де артық емес. Бұл ақиқатты тынысына баламаған жазушы қарғыс қаһарының қарамағында күн кешеді, ондай жазушы махаббат емес зинақорлық хақында жазады, туы жығылмаған жеңіліс, үзілген үмітті жалғары жоқ, назары пәс жеңіс хақында жазады; адамгершілікпен, аяугершілікпен қоңсы қонып көрмеген ондай жазушы есіл жүректің нала -мұңы хақында емес, нәпсі бездерінің безгегі хақында жазады;
Ондай жазарман толқыны толассыз уақыт фәнидің жағасына қол қата алмақ емес.
Осынау ақиқат-айғақты ұқпаған жазушы аталуы адамның ақыр- соңының енжар-марғау бақылаушысы, қалыс куәгері болып қала береді. Мен адамның ақырына мойынсұнбақ емеспін. Шыдамын жігермен, жігерін шыдаммен шыңдаған адам өлмейді деу оңай күрмеу; адам, демі бітер, дәмі бітер тұсында сөніп-семіп бара жатқан намазшамның қаналау бояуына малынған тас құзардың басынан үзілер үнмен қарғыс айтқанның өзінде һауа-көкте бәрібір бір тербеліс қалады, ол тербеліс әлгі адамның талма дауысының дірілі деу де қиын күрмеулерден емес. Мен бұл ұғымнан түбегейлі бас тартамын. Тірліктің тепкісінен тірі қалғаны өз алдына – адам жеңеді. Адамның өлместігі: оның ұланғайыр ғаламдағы жаны барлардың ішінен өзек өртер дауысты өзіне еншілегені емес. Адамның өміршеңдігі: онда, құрбандыққа дайын, басқаның азасы мен қазасын бөлісуге дайын жан бар, мейір бар, рух бар.
Ақынның борышы да, парызы да, міндеті де осыны жазу, осы хақында жазу. Суреткердің басқадан, басқалардан оқ бойы озықтығы да осында: оның, адам жүрегіне медет бере тұрып, адам жүрегінде қайтпастық пен намысты, үміт пен ерлікті, рахым-мейір мен бас тігер мәрттікті – адамзаттың өткен тарихтағы бар қазына-даңқ, сес-айбарын қайта оятып, адамның тізе бүкпеуіне қол ұшын берері.
Ақын адам ғұмырының жылнамасын түзеумен, тізіп – хаттаумен шектеле алмайды. Оның жүрекжарды перзенті – шығармасы, жарыққа шырқырап келіп, түнекке шыңғырып кетер адамның тәркіңе төтеп беруіне ғана емес, оның жеңуіне көмегі тиер іргетас орнына, ұстын-арқа орнына жүруі бек мүмкін.
1950 жыл
Ж. Жұмағұлов