Түрік ақыны Вейсел Шатыроғлының өлеңдері

Вейсел Шатыроғлы

(1894-1973)

Түрік ақыны Вейсел Шатыроғлының өлеңдері қазақ оқырманына жол тартты. Аудармашы тұпнұсқадағыдай ырғағын сақтаманғанмен өлең рухын жеткізуге тырысқан. Бұл еркін аударма.

Сивастық ақын, бала шағынан соқыр болған. Сопылығымен танылған.

 

                                  Соңғы өлең

Қайтыс боларының алдында ұлы Ахмет Шатыроғлына жаздырған өлеңі.

 

Сәлем, құрмет бәріңізге ағайын,

Кетіп барам бұлдырланды маңайым.

Көрде әлде шөлде жанбақ  бақ айым,

Қайтпас жолға кетіп бара жатырмын.

 

Бір ауылға не қалаға жетемін,

Мүмкін жұлдыз, мүмкін Ай ма мекенім.

Толқыны асау дариядан өтемін,

Қайтпас жолға кетіп бара жатырмын.

 

Кеме тосып тұр жағада бір мені,

Көтерілген желкенімен іргелі.

Мына әлемнен жоғалтайын сүлдені,

Қайтпас жолға кетіп бара жатырмын.

 

Жарым, досым, балаларым бол аман!

Күзім жетті жапырағымды тонаған.

Вейсел, түнің тым мұңлылау салады ән,

Қайтпас жолға кетіп бара жатырмын.

 

                              Үміт үзілмес

 

Қасірет шексе де қаншама,

Сау адам армандар күні - түн.

Тоқсан, жүз жасайтын болсаң да,

Өмірде үзілмес үмітің.

 

Үміті үзілмес пенденің,

Бұл хикмет ұға алмас ешкім де.

Дертті күй кешсең де ең көрім,-

Үмітің жоғалтпас сес мүлде.

 

Көңілің үміттің жолдасы,

Тау -  тасты кезеді бір тынбай.

Ақтық дем сәтте де қолдасып,

Үмітің тұра алмас жұлқынбай.

 

Жалбарын Вейселім, әрдайым,

Осылай жаратқан Аллаға.

Табытта, кепсе де таңдайың,

Үмітің үзілмес сонда да.

 

                           Нәзік жолдамын

 

Бір нәзік жолдамын,

Алысып күдікпенен.

Білмеймін сор, бағым,

Күндіз түн жүріп келем.

 

Дүниеге келген шақ...

Аяғым шыққанынан, -

Жүрдім мен кеңді аңсап,

Даламмен құт дарыған.

 

Ұйқыда да жүремін,

Кеткендерді көрем күнде.

Қалуды ойлар жүрегім,

Қарастырып себебін де.

 

Жазық, тауда, шөлдерде,

Қырық тоғыз жылды өткеріп.

Жат елдерде, бел - белде,

Жүріп келем құрмет көріп.

 

Тереңірек ойлансаң,

Алыстау жол сезіледі.

Тоқтап бір сәт қайғы алсаң,

Арманың да көз іледі.

 

Таң қал, Вейсел өте, міне,

Ауыспалы бақ қалай?!

Жету үшін мекеніме,

Кетіп барам тоқтамай.

 

                              Сен болмасаң...

 

Сен бір Ләйлі, мен бір Мәжнүн,

Сені көріп демде алжастым.

Гүлсің деп жыр келді жазғым,

Сен болмасаң мен болмаспын.

 

Жүрегіме тұрақ теуіп,

Өміріме сен жалғастың,-

Қонақ болдың шуақ төгіп,

Сен болмасаң мен болмаспын.

 

Түске елес боп кірдің-дағы,

Дерт бердің ау – ем қонбас мың.

Әлі айтылар сырдың бәрі,

Сен болмасаң мен болмаспын.

 

Сенсің менің бар әлемім,

Көктем жазым  –  жалғанбас мұң.

Жаным сенен алар емін,

Сен болмасаң мен болмаспын.

 

Жүректегі гүлдеп сезім,

Жұпар шашты заңғарға астым.

Үміт отын үрлетші өзің,

Сен болмасаң мен болмаспын.

 

Осылай жыр өреді ақын,

Қалай ғана толғанбаспын?!

Сенсің маған менен жақын,

Сен болмасаң мен болмаспын.

 

Сақтармын көзімде сұлулығыңды...

 

Көзіме тұнып қалдың,

Қай жаққа қарасам да сені көрем.

Жөні бар ұмытпаудың,

Егіз боп кетіпсің-ау меніменен.

 

Әсемдік әлемісің,

Артықсың әдеміден.

Жаралған өлең үшін,

Сол үшін кәделі де ең!

 

Қолдағы  байлығымсың,

Жоғалды кемірген мұң,

Арайлы Ай, Күнімсің,

Көрдім де көңілдендім.

 

Болмысын желге беріп,

Толқиды теңіз кеудем.

Жұлдыздар перделеніп,

Сөнеді сені іздеумен.

 

Жанымды сөйлеттірдің,

Бір қонбай кеткен бағым.

Өзіме «қой» деп тұрмын,

Айтады көктем бәрін.

Төккен зарын...

 

Қорлама

 

Сен мені қорлама бауырым,

Сен - алтын, мен сонда қола ма?

Мастанып жүргенге дәуірің,

Адамды жүндеуге бола ма?

 

Бар ма еді басқадан айырмаң,

Бөлекше ме еді әлде денең де.

Жар бермес әдетің жайылған,

Қара жер тең қылар дегенге.

 

Ал айтшы өмірден нені ұқтың,

Қол созба у жаққан жебеңе.

Несіне атойлап желіктің,

Сен - балсың,  мен сор ма ем, немене?!

 

Бәріміз адамнан жаралдық,

Нәпсіңді өлтіргін, өлместен.

Бойыңа жұқтырма қараулық,

Күйді ешкім кешпесін сен кешкен.

 

Биікке шықпаймыз имансыз,

Шегі жоқ кер кетсек әуренің.

Пендеміз, жалғанға мейманбыз,

Жоқ әлде, мәңгілік жан ба едің?

 

Жаңа хат алдым гүл жүзді жардан...

 

Жаңа хат алдым гүл жүзді жардан,

«Күттірме жолды, кел» деп жазыпты.

Етемін мен сол үр қызды арман,

Аңсаймын әр сәт сол бір нәзікті.

 

« Күндерден күтем бәрін алдағы,

Жайқалды шалғын көрігі бекем.

Қаратастың да қары қалмады,

Сағынышымнан еріді ме екен...»

 

Ықылас, пейілі елімді танытты,

Ұл едім шеттеп болған жазықты.

Шыт орамалын қоса салыпты,

«Көзіңнің жасын сүрт» деп жазыпты.

 

« Жат жердегі аңсар жеткізеді елге,

Табасың туған жерден қазықты.

Күндерді босқа өткізе берме,

Абай бол, жылдам жет!» деп жазыпты.

 

                                                                   Аударған: Бауыржан ӘЛІҚОЖА

Дайындаған: Әкежан Дәкен

  сурет: galeri.uludagsozluk.com; ilkdefagidiyorum.com