Бүгін - даңқты шотланд ақыны Роберт Бернстің туған күні. Аталған күнге орай ақын Қалқаман Сариннің бір топ аудармасын назарларыңызға ұсынған болатынбыз. Жазбамыздың жалғасы ретінде Қалқаман Сариннің тағы бірнеше аударма өлеңдерін топтастыруды жөн көрдік. Қабыл алыңыздар!
Азаттық ағашы
Парижде, достым,
келісті, нұрлы
Бір ағаш бар-тын мәуелі.
Саясында оның жеңісті күнді
Тойлаудың өзі әдемі.
Қарарсыз таң боп бұған сіз, бәлкім,
Емін-еркін жұрт жүргенге.
Бастилия деген Француздардың
Зынданы болған бұл жерде.
Жыл сайын жеміс төгер алдыңнан,
Бауырым, мұның сыры бар.
Жемісін оның жеген әрбір жан,
Адам екенін ұғынар.
Сол бір жемістің құл білсе дәмін,
Бойына бітіп бекзаттық.
Қолында тұрған бір күлше нанын
Досымен бөліп жеп жатты.
Француздардың осы жемісі,
Бауырым, қымбат бәрінен.
Қызара бөртіп, көсіле кісі
Күш-қуат алар дәмінен.
Көзің ашылып, нұрланып, жанып,
Денеңде күш боп қайнайды.
Ал, сатқындарға у болып дарып,
Түбіне жетпей қоймайды.
Қиратып галлды,
қастандық туын
Құлатқан.
сыйлап қуаныш.
Әкелген жанға бостандық гүлін,
Халықтан мынау мың алғыс!
Күш-қуат берген айбын-жігерім,
Бауырым, үміт гүлі еді.
Болашақта әлі қайғымды менің,
Батыс пен Шығыс біледі.
Бір қауіп төнді шер болып дертті,
Жас үміт гүлдеп шыққанда.
Жасыл жапырақ жем болып кетті,
Қамқа киінген құрттарға.
Бауырым, Бурбон терек тамырын,
Кеспек те болды кек құшып.
Жоғалтып сосын, кенет, қадірін,
Тәж киген басы кетті ұшып.
Қаскүнем, жауыз қорлайды күндеп,
Көре алмай біздің бар күшті.
«Биік Бәйтерек болмайды бұл!», – деп,
Серт беріп, олар ант ішті.
Бауырым, кері жолға бастаған,
Зұлымдар түгел жиналды.
Істерін көріп оңға баспаған,
Өкініп іштей қиналды.
Бостандық сонда ашып құшағын,
Шақырды ұлдарын ұран сап.
Көргендей бәрі бақытты шағын,
Келеді ерлікті шын аңсап.
Семсерлі халық түсті майданға,
Бауырым, көзден жасты іркіп.
Қанатын теңдік күшті жайғанда,
Қанішер, жауыз қашты үркіп.
Британдық өлке! Емен, терегің
Сымбатты, көркем - білгенім.
Жастық шағыңда сен еркеледің,
Күлкіге толып күндерің.
Қаулап тұрсаң да қалың орманмен
Бауырым, ол жер - жалаңаш.
Себебі сенде бәрі болғанмен,
Бостандық деген жоқ ағаш!
Сол бір ағашсыз ел іші де оңбай,
Бодандық нанымды ащы етті.
Еккен егіннің жемісін алмай,
Еткен еңбегім бос кетті.
Еткен еңбектің жемісін жеген,
Бауырым, байлар жарыған,
Жатқанда ғана көр ішінде мен,
Осы қорлықтан арылам.
Сенемін бірақ: келеді күнім,
Алыста емес ол мезет.
Сиқырлы ағаш төгеді нұрын,
Бәрімізге де сол қажет.
Құлдыққа толы уақытты жеңіп,
Татулық құрар сауығын.
Барлық адамзат бақытты болып
Ғұмыр кешеді, бауырым!
Солдаттың оралуы
Соғыс бітті отқа ораған даланы,
Бейбіт өмір бәрінен де бағалы.
Балғын ғұмыр бақытынан айрылған.
Бір топ бала баспана іздеп барады.
Мен келемін туған елге асығып,
Иығыма көк дорбамды асынып.
Қолын бұлғап майдандастар қалды артта,
Жанарларға қимас сезім жасырып.
Мен келемін жеңіл басып таза армен,
Ех, нұрлы өмір, қандай ғажап, ажарлы ең!
Өмір, өмір, сені сүйдім күмәнсіз,
Әр күн сайын алыссам да ажалмен.
Таңғажайып таңның нұры бойды өпкен,
Келем үнсіз ғашығымды ойлап мен.
Жанған оттай жанарымен жанымды
Жылытатын бар еді бір бойжеткен.
Сол баяғы өзен жатыр жәй ағып,
Диірмен тұр, көк тұманға боялып.
Мына тұста сырымды айтқам Аннаға,
Менің алғаш махаббатым оянып.
Бойлап шықтым бетегелі белеске.
Балалық шақ, өткен күннің бәрі есте.
Қарсы алдымда тұрған күндей күлімдеп,
Сүйгенімнің өзі, шіркін, емес пе?!
Жанарымнан сағынышым тамшылап,
Дауысымды дірілдерден аршып ап.
Сұрақ қойдым сұлу қызға сонда мен,
Есімде жоқ, қандай сұрақ — сол сұрақ?!
Сәлден кейін, көпке созбай уақытты,
Мен сөйледім: күн нұрындай жақұтты.
Жүрегіңмен, сүйсең егер бір жанды,
Сол бір адам — бәрінен де бақытты!
Жалғыз жанмын жолаушылап шаршаған,
Ақшам да жоқ, берер едім мен саған.
Маған тұрақ табылар ма жаныңнан,
Жауынгер ем жып-жылы үйді аңсаған?
Ал, қыз болса құлазыған күйменен:
— Мен де өзіңдей жауынгерді сүйген ем.
Бар ма, жоқ па бұл өмірде білмеймін,
Күтіп оны жүрмін осы үйде мен.
Ол жауынгер оралмады — осы мұң,
Бірақ оның ұмытпаспын есімін.
Адалдықты ту көтерген жан болсаң,
Әркезде де ашық менің есігім.
Кенет, менің келбетімді аңғарып,
Қатты үңіліп, қарағандай шам жағып.
Екі көзі оттай жанып әлгі Ару,
— Бұл сенсің бе, Вилли?!— деді таңданып.
— Иә, менмін, көзіңе ыстық көрінген,
Ертелі-кеш еш кетпедің көңілден.
Сенің көктем махаббатың — сыйлығым,
Менің төккен қаным үшін берілген!
Соғыс бітіп, артта қалып қайғы-мұң,
Сені таптым, өзгермеген Ай-Күнім!
Кедейшілік құшақ жайып тұрса да,
Сенсің — менің баға жетпес байлығым!
— Жо-жоқ!, — деді ол, — қалай жаның қиналмақ,
Атам маған қалдырды осы сыйды арнап.
Тапшылықты, таршылықты көрмейсің,
Сенікі енді мынау тұрған үй мен бақ.
Мұхит кешіп, көпес шығар жолға алыс,
Аңсағаны — арзан байлық, алданыш.
Диқан жүрер жатпай-тұрмай жер еміп,
Жауынгерге ең керегі — ар-намыс!
Жолаушылап келе жатса жауынгер,
Пана болып суын құйып, нанын бер.
Ел басына күн туса егер күні ертең,
Ең бірінші солар елдің қамын жер.
Макферсон өлім жазасы алдында
Ең соңғы рет сүйіп тұрса да өмірді,
Алғаш рет көріп тұрса да өлімді.
Қорқынышты сездірместен,
Дар ағашты көзге ілместен,
Макферсон бүгін өте көңілді.
— Сәлем, сендерге —
Құлдары тіршілік ететін,
Құлазып, күрсініп өтетін,
Патшаның абақтылары.
Бүгін менің өліміме,
Жауларым сүйсініп, қарап тұрады.
Талай соғыс алаңында
Ажалменен ұшырасқам бетпе-бет.
Бүгін тағы дар алдында,
Шықтым онымен жекпе-жек.
...Қорқыныш менде жоқ, демек.
Сендік намыс өшті, сөнді,
Қолымдағы шеш, кісенді!
Қайда сауыт-сайманым?
Талай-талай қол жапырған,
Сен сүйенген он батырдан
Асып түсер абырой мен айбарым!
Кескілескен ұрыстарда
Қылыш қимаған мойынымды,
Қиып барады қыл арқан.
Қаныпезер қас адам,
Опасыздық жасаған,
Сатқындардан басқа кімге кінә артам?
Осы бір өлімнің алдында,
Өкініш өртеді мені алғаш.
Туып-өскен өлкемде
Бүгін, тіпті ертең де,
Мен үшін ешкім кек алмас.
Кешір Отан, Қош бол, әлем!
Торға түстім, ойрандалды ой-сана.
...демім біткен,
Өлгісі жоқ, өлім күткен,
Мен бір бейбақ, бейшара!
Ең соңғы рет сүйіп тұрса да өмірді,
Алғаш рет көріп тұрса да өлімді.
Қорқынышты сездірместен,
Дар ағашты көзге ілместен,
Макферсон бүгін өте көңілді.
Шотландық даңқ
О, Шотландия,
қас дұшпаның саған қару кезенді,
Бастан кештің кері кеткен кезеңді.
Қоштаса бер даңқыңменен ежелгі,
Отан деген оттан ыстық сөз өлді.
Твид мұхиттың асығушы ед жолына,
Сарк болса түсті құмның торына.
Атамекен бәрі, бәрі... көшті енді,
Ата жауың — ағылшындар қолына.
Ғасырларға тізе бүкпей келгенде
Сені сатқан — сатқындар ғой, көр кеуде.
Ұлы Отанды айырбастап жіберді
Уға татыр уыс ақша бергенде.
Ағылшынның қылышына болаттай
Қарсы тұрдық, жерімізге жолатпай.
Бірақ, бізді ағылшынның алтыны
Саудаласып сатып алды, оқ атпай.
Қамын ойлап жесір менен жетімнің,
Өшпегенін тіледі олар отымның.
Брюс, Уоллес отқа түсіп жатқанда,
Отан үшін өлмегенге өкіндім.
Жасырмаймын.
Тәңір қолдап, дем берсе,
Айтам бәрін, жанар отым сөнгенше.
Отанымды сатып кеткен ойланбай,
Залымдарға қарғыс болсын өлгенше.
Тауда менің жүрегім
Тауда менің жүрегім, әлі сонда,
Бұғылармен шыңға өрлеп жарысам да.
Құз-жартасты құламай кезіп жүрем,
Самға, самға, жүрегім, әрі самға!
Қош бол, менің отаным, солтүстігім,
Өзің берген бойымда бар күш бүгін.
Әлем шарлап кетсе де, сені ғана
Сүйемін деп серт беріп, ант ішті ұлың!
Қош бол, менің қар басқан таулы аймағым,
Қош бол, менің жазира жан-жайлауым.
Қош бол, менің жап-жасыл нулы орманым,
Жасырынып ішіңе қалды ойларым.
Тауда менің жүрегім, әлі сонда,
Бұғылармен шыңға өрлеп жарысам да.
Құз-жартасты құламай кезіп жүрем,
Самға, самға, жүрегім, әрі самға!
* * *
Қош бол енді көктегі күн, көк аспан,
Қош, достығым, туыстығым жарасқан.
Біздер өткен өмір жолы осылай,
Қоштасумен аяқталар о бастан.
Бәрі өледі, ал біреулер соны ұқпай,
Өлер шақта тулайды кеп балықтай.
Өмірге ынтық мына менің жүрегім,
Өлімді де қарсы алады қорықпай.
Cурет: media.newzealand.com