Сезімге құрмет
Кейде махаббаттың оттегісі таусылады... Тынысы тарыла бастайды. Махаббатты нәрлендіретін, толтыратын қуатсыз өте қиын. Қамқорлық пен нәзіктік болмаса махаббат қуатсыз қалады. Ыстық құшақ пен тәтті лебізсіз... Адалдық пен сенімсіз... Бірақ бәрінен де немқұрайлылық қатты бүлдіреді. Бейтараптықтан махаббат өшіп қалады. Махаббатыңды көзіңнің қарашығындай сақта! Махаббат ерекше сый! Сол сыйға сай құрмет болсын! Махаббатты құрметтеп, мәпелеу соншалықты қиын емес. Бірақ міндетті! Өшіп қалды десең де оны үрлеп, қайта жағуға тырысып көру маңызды! Шынайылық пен ілтипат ғажап сиқырды тудыра алады! Тек соған сараңдық танытпа!
Алина Ермолаева
Ішіңде не бар болса, сыртыңда да сол
Егер ішіңде үрей болса, өмірден қорқып өтесің.
Егер ішіңде ашу болса, өмір үнемі саған "шабуыл" жасайды.
Егер ішіңде күрессем деген ниет болса, айналаңда бәсекелестер көбейе бермек.
Егер ішіңнен өзіңді кінәлі сезінсең, өмір сені "жазалаудың" жолын табады.
Егер ішіңде өкпе-реніш болса, өмір алдыңнан өкпелетудің жаңа сылтауын тосады.
Осының бәрінің бір себебі ғана бар: сенің кім екеніңді көрсету үшін, жан дүниеңде не сақтап жүргеніңді көрсетпекке. Жан дүниең қандай болса, өмір сені сол қалпыңда көреді. Өмірге, айналамыздағы жандарға қандай болып көрінгіміз келгендей қабылдамайды.
Александр Свияш
Менің бағым бар екен, себебі жер бетінде өмір сүрудің өзі ғажап емес пе? Өзіңді бақытты, я бақытсыз сезіну- тек сенің ырқыңдағы таңдау. Сенде тек бір ғана өмір бар. Осыны ұмытпашы! Жай ғана кеуде кере тыныстай алғаныңа қуана білші! Осы өмірді толыққанды сүруге мүмкіндік берген тағдырыңа риза бол! Бар айтайын дегенім осы ғана.
Тони Джаа
Ешқашан ешкімнің пікіріне құлақ асқан емеспін. Бірді-екілі өзгенің сөзіне тәуелді болған сәттерімде мені сатып кетіп, алдап жіберген еді. Мұным қателік боп, ақырында бәрін өз бетімше жасауға мәжбүр болушы ем.
Франк Чамизо
Аударған Шынар Әбілда