Таңертең, тас төселген жолда келе жатып: «Мені кім жалдайды?», – деп айғай салдым. Дәл осы сәтте қос ат жегіліп әсемдеп безендірілген күймеден қолында семсері бар айбатты ұлық түсіп, жаныма келді, ол қолымнан ұстап: «Билігіме сүйеніп мен сені жалдай аламын», – деп күж ете қалды. Алайда, оның билігі менің назарымда түкке де тұрғысыз дүние еді. Ол шарасыз күйде күймесіне отырды да, жүріп кетті.
Түс мезгілі. Ми қайнаған ыстық. Барлық үйлердің есіктері жабық. Мен ойлы-шұңқыр тар көшелерге кірдім, бір шал қалтасынан ділдәсін алып шығып, маған сәп сала қарады. Содан: «Мен сені ақшаға жалдап аламын», – деді. Ол ділдәларын бір-бірлеп санай бастады. Бірақ, мен бұрылдым да жүре бердім.
Кеш батты. Саябақтағы гүлдер тегіс ашылған, сол гүлдер арасынан ару қыз шығып: «Мен күлкіммен сені жалдаймын», – деді. Іле-шала оның күлкі ойнаған жүзін қайғы-қасірет жапты. Қайғылы жас сұлу жүзді жуып төмен қарай сырғып жатты. Қасіретті сұлу бұрылып гүлдер арасына сіңіп ғайып болды.
Күн нұры теңіз айдынын алтын шұғыласына бөледі, теңіз толқыны бірін-бірі қуалай келіп жағаға ұрылады. Шалқар теңіздің бетінде көбіктер асыр салып, жағаны аймалайды, олар мені көріп бейне көнекөз таныстарын көргендей күлімсіреп: «Біз сені жалдауға тырыспаймыз», – деді. Мен сол күннен бастап еркін адамға айналдым.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: stevemccurry.com