- Негізгі бет
- Аударма
- Паул Джанс. Қайыршы...
Паул Джанс. Қайыршы мен күшігінің әңгімесі
Қаладағы өтпелі көпірде бір қайыршы отыратын. Күй шертпейтін, əн айтпайтын, тіпті, жерге бормен аянышты тағдырын да жазбайтын. Əр күні көпірдің жақтауының қасында басын бұтының арасына қысып жүрелеп отыратын оның, аяғының астында мыжырайған қола тегеші жатушы еді. Бір тəуірі, көпірден адамдар көп өтетіндіктен, тегеші де анда-санда шыңғыр ете қалып жатады.
Кеш батқанда қайыршы өзінің жатын орнына, қаланың сыртындағы иесіз қалған көкөніс бақшасына қайтатын. Көкөніс бақшасындағы селдір шарбақ пен бақшаның ішінде тозығы жеткен лашық бар болатын. Қайыршы сол жерде əлденеше қақаған қысты өткізді. Бақшаның ішінде тағы бір тартылып қалған құдық, қасында кəрі ағаш бар еді.
Сүйектен өтетін терістік боранымен ілесе, қалаға қыс кіргеннен бергі тұңғыш қар қапалақтап жауа бастады. Өтпелі көпірде жүргінші сирек болатын. Қайыршы қайтып кетуге ыңғайланғанда, көпірдің енді бір басынан тоңып қалған күшік жүгіріп келді. Күшік ептеп қайыршыға жақындап, қайыршының аяғының астындағы тегешті ыждақатпен жалай бастады. Қайыршы кеше оған тамақ салып ішкен болатын. Қайыршының жүрегіндегі ең бір нəзік қыл тітіркенді. Ол наннан бір үзімін алып тегешке салды. Күшік оған разылықпен қарап қойып, қомағайлана асай бастады.Қайыршы күшікті «үйіне» алып қайтты, содан бастап екеуі бір-біріне сүйеніп жан бағатын болды. Күшік өте зерек еді. Қарны ашқанда тегешті тістеп қайыршыны айнала жүгіретін. Жүргіншілер таңғалып, ойын көрсететін итке ақшаларын тастайтын. Қайыршы сауданың орайын байқап, жаттықтырғаннан кейін, күшік екі артқы сирағымен тік тұрып, адамдар арасында арлы-берлі ыршып-шоршып жүретін болды. Сонымен қайыршының қалтасына тіпті көп ақша түсті.
«Байыған» қайыршы артық ақшаларын лотереяға салатын болды. Тəлейім оңынан келеді деп түсінде де ойлап көрмеген еді. Бір күні тосыннан есепсіз мол ұтыс шықты.
Қайыршы əлгі көкөніс бақшасын сатып алды. Сонымен бірге, бақшаның ішіне сəнді үй салды. Дегенмен, артқы ауласындағы тозған лашықты, құдықты, кəрі ағашты жəне айналасындағы шарбақты сақтап қалды.
Қайыршының үйіне түрлі-түсті əшекей бұйымдар тізілді, ол зат сатып алуға өлердей құмартты. Уыс-уыс ақшаны алып шыққанда елдің таңырқаған, қызыққан бейнесін көруді тіпті ұнататын. Қайыршы салтанатты қоғамдық қарым-қатынас орындарына кіре бастады. Əрине, күшігін де ертіп баратын. Жоғарғы жіктегі мырзалар мен ханымдар осы бір қонышынан басып жүрген жаңа көпесті ерекше мақтайтын болды. Бай мырзалардың арасында оның өткенін ешкім де білмейтін.
Қайыршының бірден-бір ыңғайсызданатыны қасындағы осы күшігі еді. Басқалардікі түгел таза қанды, салауаты жоғары иттер болатын. Күндердің күнінде тынышсыз күшігі бас қосуда подле итінің құлағын тістеп алды. Иесі қатты ашуланып, намысына тиетін сөздер айтты.
Қайыршы үйіне қайтқан соң, күшігін артқы ауладағы құдықтың қасына ертіп барды. Ол күшікті ағаш шелекке салып, арқанмен құдықтың түбіне тастады. Содан бастап қайыршының қасындағы бейшара күшігі жоғалды. Ол бір күтуші бикештің қиылған жанарынан лəззəт алатын. Əлгіндей салтанатты бас қосуларға енді жалғыз баратын болды. Бір тəуірі əр күні құдыққа бірнеше кесек ет тастауды ұмытқан жоқ. Күшіктің үргені оның көне досының əлі тірі екенін білдіретін.
Күшік құдықтың түбінде айнала беретін, айнала беретін. Күндіз де, түнде де басын көтеріп жоғарыға қарап тұратын. Бірақ, əр күні тасталып тұратын азықтан басқа ештеңе де көрген жоқ. Күшік құдықтың астында телміріп тұра берді…
Əне-міне дегенше бір ай өте шықты. Қайыршы өмірі жабырқау өтіп жатты. Күшіктің жоғалуымен достары көбейген жоқ, мазаққа ұшырап ешкім елемейтін болды. Қайыршы бұл дүниеде əлгі өзіне серік болған күшігінің ғана нағыз дос екенін білді. Дереу құдықтың қасына барып, арқанға байлаулы шелекті тастады. Бірақ, күшік шелекті айнала жүгіргенмен шелекке түспеді. Қайыршы жүгіріп барып арқан саты əкеліп, сатыны құдықтың қасындағы ағашқа байлап, өзі түсіп күшігін құтқарып шықты. Құдық өте терең болатын. Қайыршы қорқуды ойлаған да жоқ. Құдықтың түбі қараңғы əрі сыз, оның үстіне өте сасық еді. Ол күшігін құшақтап, жоғары қарай өрмеледі. Күшік иесін кінəлаған жоқ, қайыршының бетін қуана жалаумен болды.
Құдықтың түбінде ұзақ жатқандықтан, күшіктің мойыны сіресіп қалыпты. Мойынын созып, тұрған жерінде айнала беретін.
Қаладағы ең жақсы шипагер де күшіктің ауруын сауықтыра алмады. Қайыршы кінəсін жуу үшін, əр күні оған жақсы тамақтар беретін. Қайда барса да оны алып баратын. Сонда күшік мойынын созып аспанға қарап ұзақ телміріп тұрушы еді.
Қайыршы əр күні күшігін ертіп, қаланың бұрыш-бұрышын аралап, ақшаны басқа қайыршыларға беретін. Олар шексіз разылықтарын білдіріп, көздеріне жас алатын еді. Қайыршы тағы бір ойға келіп, қайыршыларға əр күні келіп ақша алып тұруларын хабарлады.
Хабар тез тарады, ақша алатындардың қатары барған сайын молайды. Ақша алғандар дүниедегі ең сұлу сөздермен оны мадақтады, қайыршы осыған шаттанды. Телевизияның адамдары келіп, кешегі хабарда осы бір дабыралы жайды арнайы экраннан да көрсетті.
Келесі күні адамдар қотарыла қаптады, кейбірі, мүлде қайыршы еместер де, ақша алатындардың қатарына қосылды. Қайыршы ерлігіне шалқып, əр күні банк пен үйінің арасында шапқылаумен болды.
Күндердің бірінде банктен оған ақшасының таусылғанын ұқтырды. Ол тізілген ұзын кезектегілерге тарататын ақшасы қалмағанын айтуға мəжбүр болды. Жиналған топ əп-сəтте абыр-сабыр күйге түсті. Адамдар оны «алдамшы», «сазайын берейік» деп балағаттай бастады. Үйіне тап беріп, таспен терезелерін быт-шыт қылды, есікті де бұзып кірді. Зəресі ұшқан қайыршы күшігін алып артқы аулаға қашып барды. Қайыршы құдықтың аузындағы сатыны көріп, жалма-жан құдықтың ішіне түсті. Құдықтың түбіне таяғанда, саты ілулі тұрған бұтақ кенет сынып, қайыршы мен саты құдықтың түбіне құлап түсті. Сақшылар əзер дегенде жұртты таратты. Бірақ, үй əлдеқашан қирандыға айналған еді. Адамдар қолына ілінгеннің бəрін алып кеткен болатын.
Күндер жылыстап өте берді. Қайыршы бүктеліп қараңғы əрі суық құдықтың түбінде жата берді. Ол күніге аңырап, айға қарап шағынатын, бірақ, онысын ешкім естімейтін. Күшік əр күні айнала іздеп тапқан азығын, кейде сасыған сүйегін, кейде көгерген нанын əкеліп тастап тұрды. Күшіктің азық табуы өте қиын болатын. Мойыны артына қайырылып сіресіп қалғандықтан, қоқсықтың үстіне шалқасынан жатып, иіскеп тапқан сасыған ет болсын, ілінген бірдеңесін тістеп əкеліп құдыққа тастайтын. Бір күні күшіктің əкеліп тастағаны өлі мысық болды.
Əне-міне дегенше бір ай өте шықты. Күшік тауып əкелген заттарын тіпті өзі жеуге қимайтын. Ол арықтап, құр сүйек болып қалды. Кейін тіпті жүретін де дəрмені қалмады. Қайыршы əр күні құдықтың түбінде жатып айғайлаумен болды. Бірақ, келіп құтқарған адам болған жоқ.
Енді бірде бірнеше күн күшік ештеңе əкеліп тастай алмады. Қайыршы күшікке бірдеңе болғанын білді. Құдықтың аузынан көрінген аспанның бұрышына телміріп отырып, ажалым жеткен шығар деп ойлады.
Бір күні таңертең мең-зең болып жатқан қайыршы құдықтың аузында біреулердің сөйлеген дауысынан есін жиып, жанталаса айғайлады. Адамдар оны арқанмен тартып алып, осы өне бойы кірқожалақ денесінен сасық иіс мүңкіген адамға қарап тұрып: «Мына күшік құдықтың аузында өлмесе, ешкім дауысыңды естімеген болар еді», – деді. Есін жиған қайыршы, көз жасы кір-кір болған күшіктің жүнін жуды. Қайыршы күшікті артқы ауласына жерлеп, кішкентай ғана құлпытасқа «жалғыз досым» деген сөзді жазып қалдырды.
Қытай тілінен аударған Қайрат Ноғайұлы
Төтеден айналдырған Түрген Бұлақ
@. @assel_assanova