Жозе Сарамаго
(Португалия, 1998 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының лауреаты)
Кәдімгі қарақшылардың тонаушылық істейтіні сияқты Карло Паликно бет-аузын тұмшалап, қолына пулемет көтеріп мейрамханаға атылып кірді. Мейрамхана іші қонақтарға лық толы екен. Шетінен қалталы адамдар, сәулетін ат көтере алмастай. Бәрінің басынан аяғына дейін алтынмен апталып, күміспен күптелген. Солай бола тұрса да, қарсыласуға қауқарлары жоқ, өйткені, қолдарында көк темірдің сынығы да жоқ. Олар тонауға таптырмайтын адамдар.
Карло Паликно пулеметін серте ұстап, есікті бір теуіп ашып, ресторанға кіріп келді де: «Көтеріңдер, қолдарыңды!» деп айғай салды.
Айғай салды дегенмен, Карло Паликноның үні қарақшылардың атаманының үніндей айбарлы шыққан жоқ. Араның ызыңына ұқсас әлсіз шықты. Тек ғана жақын маңдағы бінеше үстелде отырғандар ғана оның үнін естіген сияқты. Оркестр «Үшінші адам» атты ешкім де ілесіп шырқай алмайтын жалғыз адамдық би музыкасын ойнап жатыр еді. Күлімсіреген күтушілер үстелдер арасында табақшаларын көтеріп, ас тасып, қызыл танау болып жүр. Ас үйдің жауаптысы есіктен кіргендерге орын нұсқап, ізет-сәлем жасап, бәйек болып жүр. Карло Паликно өзінің тұмшалап алған бетінің күйіп-жанып бара жатқанын сезді. Расында да ойламаған жағдай болды. «Мені шынымен де елемегендерің бе?» деген ызалы ой оның басына сап ете қалды. «Топас есектер, көтеріп жүргенімнің пулемет екенін көрмедіңдер ме?» деп ойлады тағы ол. Сонымен Карло Паликно бар күшін жинап тұрып тағы бір рет айғай салды: «Көтер қолдарыңды!»
Уэйрелоли ханымның омырауына көздері қадалған бірнеше еркек әзер дегенде жанарларын тайдырып, Карло Паликно жаққа қарады.
- Мына қарақшы неткен айбарлы жігіт еді, - деді бірі.
- Жігітің қайсы десе, мынау дегендей екен, - деді тағы бірі.
Карло Паликно һам ашуланып, һам ғажаптанып әуреге түсті.
- Көтер қолдарыңды! Неше рет айтамын сендерге, тонаушылық істегелі келгенімді көрмей тұрсыңдар ма? Енді қолдарыңды көтермесеңдер, оқ шығарамын! Сайтанның сапалақтары сол!
Әлдебір үстелден күлкі үні естілді:
- Қызық жігіт екен! Әй, қарақшы, кел бір стақан көтермейміз бе?! Күтуші, күтуші! Мына мырзаға бір стақан шампан әкел!
Карло Паликно жерді теуіп қалды:
- Құлақ салып естіңдер, қалжыңдап тұрғаным жоқ, көтеріңдер қолдарыңды!
Әлгі мырза қарқылдап күліп жіберді, дауысы қатты шыққаны соншалық, маңайдағы неше көшенің адамдары да оның күлкісін естігендей еді.
- Жетер жігітім, аптығыңды бас, оншалықты шындап кетпесең де жетер еді.
- Шындағаны несі, мен тонаушылық істегелі жүрмін. Білдің бе? Қолымда мылтық та бар. Ал сен болсаң, тіпті кәперіңе алмайсың, кәшөлегіңді, інжу-маржандарыңды үстел үстіне қоймай қарқылдап күлесің-ау, мені күлкі қылғаның не? Мырза, бұл істі елеместен, күлкі қылғаның не?
Оркестр «Үшінші адамды» орындап болды да, «Жауыз қасқырдан кім қорқар дейсің?» деген мелодияны ойнай жөнелді.
Таңдайы құрғап, тілі аузына сыймағандай болып кеткен Карло Паликно: «Көтер қолдарыңды, ей, көтер деймін сендерге!» деп тебітіп қойды.
- Жоқ жігітім, қолымды көтерер жайым жоқ, біреудің дүниемді тартып алуын қаламаймын.
Күлкі үні таудан аққан селдей бір үстелден енді бір үстелге қарай жайылып кете барды. Бірнеше үстелде отырғандар орындарынан тұрып Карло Паликноны қоршап алдысты да, қол ұстасып, үндістердің ақ нәсілді адамдарды қарсы алғанындай-ақ дөңгелене биге басты.
Карло Паликно өзін әзер ұстады. Ол:
- Жарайды, көрерміз, колдарыңды көтересіңдер ме, жоқ па? – деп сұрады айналасындағылардан.
Көпшілік және қыран-топан күліп жырғап жатыр. Бірнеше бәйбіше, әуелі, «Мына қарақшы неткен сүйкімді еді?» десті. Оның маңына жиналып билегендер барған сайын көбейе түсті. Карло Паликно өзінің сәтсіздікке ұшырап, сүлкінінің түсе бастағанын сезді.
- Жарайды, - деді ол лажы таусылып, жұмсақ үнмен, - Ана стақандағы шампанды маған беріңдер, кенезем кеуіп кетті.
Мейрамханада тамақтанып отырғандардың барлығы көңілденіп алған, өңдері бал-бұл жайнайды, әлгінде болған оқиға ойларына да кіріп-шығар емес, риза пейілде еді.
- Мына ресторанның қожайыны, - деді біреу білгірсіп, - Расында да қайдағыны ойлап табатын адам екен, бұл ойынды қайдан ойлап тапты екен?!
Карло Паликно орындыққа отырып, стақандағы шампанды қылқылдатып жұта салды. Оның алдындағы үстел үстіне қойылған гүл құмырасы, стақан, желпуіш және оған таяу қойылған пулемет сияқтылардың барлығы әсем бір көрініс қалыптастырған-ды.
Полиция қызметкері келіп, Карло Паликноның қолына кісен салды. Екі сақшы оны мейрамханадан алып шығып бара жатқан кезде, оның жанарынан «Өтінемін, қалжыңдамаңыздаршы!» деген жалыныш менмұндалап бара жатты.
Аударған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: krasview.ru