- Негізгі бет
- Аударма
- Отбасылық оқиға. Кимис...
Отбасылық оқиға. Кимис Флорал
Үйге оралсам әйелім кешкі ас әзірлігімен үстел үстін қамдап жүр екен. Қолынан ұстадым да, әңгіме барын айттым. Орындығына отырды, жайбарақат тамағын жей бастады. Көздерінен дерт көрінді. Алғашқыда абдырап қалдым, не айтарымды білмедім. Бірақ, ойымда жүрген нәрсені айтуға бәрібір тиіс едім. "Ажырасқым келеді" - дедім ақырын ғана.
Оған қарасам, бұл айтқандарым мүлдем оны мазаламаған секілді, оның орнына жылылықпен қарады: "Неліктен?" Бұл сұрақтан жалтаруға тырысып бағып едім, нәтижесінде оны ренжітіп алдым. Бұл уақытта менің жүрегім Джейнге тиесілі болатын. Әйелімді ендігі таңда жақсы көрмеуші едім. Оны аяйтынмын!
Келесі күні үйге кеш оралсам, ол үстел алдында бірнәрсе жазып отырды. Ас та ішпедім, жай ғана жатқым келіп еді, сол заматта көзім ілініп кетті. Өйткені, Джейнмен бірге өткен керемет күннен кейін қатты шаршаған екенмін.
Ертеңгілік уақытта ол маған ажырасуға өз шарттарын ұсынды: ол менен ешнәрсені қаламады, бірақ, ажырасуды бір айға кешеуілдете тұруымды өтінді. Ол менен осы бір ай ішінде барынша жақсы өмір сүруге тырысайықшы деп сұрады. Бұған қарапайым ғана себептерін келтірді: біздің ортақ ұлымыздың бір айдан соң емтиханы күтіп тұрған болатын, сол үшін де ол неке айыру процессімен оның дайындығын бұзғысы келмеді. Маған да жөн болып көрінді. Алайда, тағы бір шарты бар еді. Ол бойынша, мен отбасылық өміріміздің алғашқы кезін еске салып, оны үйлену тойы күніндегідей қолыма көтеріп жүруім тиіс екен. Ол менен әр күн сайын бір ай бойы жатын бөлмеден ауыз бөлмедегі есікке дейін қолыма көтеріп жүруімді сұрады. Есі кеткен шығар деп ойладым.
Біздің екеулеп өткізер соңғы күндерге төзіп бағу үшін, біртүрлі болса да оның тілектерін қабыл алдым.
Әйелім екеуміз жақындасып кете алмайтынбыз, бұл да мен үшін ажырасуға бір себеп болатын. Содан болса керек, бірінші күні қолыма көтеріп жүргенде, екеуміз де ебедейсіз болып көріндік. Жалғыз ұлымыз күлкіден жарылып, қол-аяққа тұрмай қуанып салды: "Әкем менің шешемді қолында ұстауда". Оның сөздері жанымды шаншып өткендей болды.
Жатын бөлмеден қонақ бөлмеге, сосын есікке дейін он метрден аса жер жүрдім. Ол көзін баяу жұмды да, баяу тіл қатты: "Біздің ұлға ажырасу туралы айта көрмеші". Сол сәтте көңілімнің бұзылғанын сезіне тұрып, басымды шұлғыдым. Мен оны есік алдына апарып түсірдім, сосын ол жұмысқа бару үшін автобус аялдамасына кетті. Өзім кеңсеге жаяу тарттым.
Біздің ұл кірді де, шешемді көтеріп шығарудың уақыты келгенін айтты. Оған әкесінің өзінің шешесін көтеріп шығарар сәт өмірдің бір айнымас бөлігіндей болып кеткен-ді. Әйелім сол уақытта баламызды жанына шақыру үшін қолын бұлғады, келген соң қатты құшаққа алды. Мен теріс қарадым, өйткені, осы бір соңғы минуттарда ойланып қалудан қорықтым. Сосын мен оны жатын бөлмеден шығарып, қонақ бөлмеден өткізіп, ауыз бөлмеге дейін қолыма көтеріп жүрдім. Оның қолдары менің мойныма жұмсақ әрі табиғи асылып қалыпты. Мен болсам оның денесін мықтап ұстап алғанмын; бұл сәт дәл біздің той күніндегідей еді. Алайда, оның ортайып қалған салмағы көңілге қаяу салды.
Соңғы күні оны соңғы рет қолыма көтеріп тұрған сәтте қозғалуға болар-болмас қана икемім бар еді. Ұл мектепке кетті. Ал мен болсам оны әлі де қолыма мықтап көтеріп тұрдым, сосын біздің өмірге жай ғана жақындық жетіспегенін айттым.
Кеңсеге бардым да, көліктен секіріп түскен бетте, тіпті есікті жаппай қалдырып кете бардым. Кез келген кідіріс қайта ойлануға мәжбүрлеп қояр ма деп қорықтым... Баспалдақтармен жоғары көтерілдім. Джейн есікті ашты, мен бөгелместен: "Кешір, Джейн, мен ендігәрі ажырасқым келмейді" - дедім. Джейн сол сәтте оянғандай болды. Бетімнен шапалақпен тартып жіберіп, есікті "тарс" жауып алды, арғы бетте өксіп жылауға айналды. Мен төменге түсіп, кетіп қалдым.
Үйге қайтар жолда гүл сататын дүкеннен бір құшақ гүлге тапсырыс бердім. Сатушы қағаз бетіне не жазу түсіргім келетінімді сұрады. Жымидым да, былай деп айттым: "Мен сені әр таңда қолымда көтеріп өтетін боламын. Ортамызға өлім түспегенше!!!".
Сол күні кешке қолыма гүл ұстап, үлкен қуанышпен үйге оралдым. Баспалдақпен жүгіріп шығып, бірден жатын бөлмеге тарттым. Әйелім төсекте жатыр - өлі жатыр.
Менің әйелім көптеген айлар бойы рак ауруымен алысып келіпті, ал мен болсам Джейннен қол босамағандықтан, тіпті, мұны байқамаған екенмін. Ол өзінің таяуда жан тапсыратынын біліп, егер біздер ажырасқан жағдайда, ұлымызды жағымсыз кері әсерден арашалап қалуға тырысыпты. Бұл уақытта, ұлымыздың көз алдында - мен - сүйікті күйеуі...
Отбасылық өміріміздің әрбір бүге-шүгесі - шын бағаға ие нағыз бағалы сәт саналады. Мұны сән-салтанатты зәулім үймен де, көлікпен де, банктегі ақшамен де салыстыруға болмайды. Екінші жартыңызға уақыт тауып, жақындық пен отбасылық үйірлестікті туғызатын бүге-шүгелерді бір-бірлеріңізге жасап бағыңыздар. Сіздер шын бағалы бақытты отбасыға айналасыздар.
Кимис Флорал
Аударған: Әкежан Дәкен
Сурет: bbs.xmtv.cn