- Негізгі бет
- Аударма
- Оскар Уайлд. Бақытты...
Оскар Уайлд. Бақытты ханзада
Қолданушымыз Нұрболат Аманжол Оскар Уайлдтың "Бақытты ханзадасын" ана тілімізге аударыпты. Талапкердің талпысынына баға беретін өздеріңіз, патша оқырман!
Расымен де, бұл өзеннің өне бойын қамыс басып кеткен еді. Кейін күз келді де, қарлығаштар ұшып кетті. Олар ұшып кеткенде, Қарлығаш өзін жетім сезініп, Қамысқа деген құштарлығы оған азаптай көріне бастады.
Жаратқан, оның тілі жоқ қой, оның жауабын ести алмаймын, – деп сөйледі өзіне-өзі Қарлығаш. – Әрі ол тым ойнақы, жеңілтек пе деп қорқамын, желдің әрбір самалымен ойнап береді ғой.
Ол рас еді, сәл жел соқса болды, Қамыс еркелейді де, майыса түсіп, ойнақшып салады.
– Ол үйде отыруды жақсы көрсе, мен саяхаттауды жақсы көремін. Сондықтан менің жарым да саяхаттауды ұнатса жөн еді. Қалай, менімен бірге ұшасың ба? – деп сұрады ақыры ол, бірақ Қамыс тек басын ғана шайқады: ол өз үйіне қатты үйренісіп қалған еді.
Ааа, сен менің махаббатыммен ойнап келген екенсің, – деп айқайлап жіберді Қарлығаш. – Ендеше, қош бол, мен өзімнің пирамидаларыма ұшып кетемін.
Сөйтті де ол ұшып кетті.
Ол күні бойы ұшып отырып, тек түнге қарай ғана қалаға табан тіреді.
Қай жерге қонақтасам екен? Әйтеуір қала мені күтіп алуға дайындалып қойған шығар, – деді Қарлығаш.
Сол сәтте оның көзіне биік тұғыр үстіндегі ескерткіш түсті.
Міне, тамаша! Мен осы жерге қонақтаймын, жері де жақсы, ауа да тап-таза.
Сөйтті де, ол Бақытты Ханзаданың аяғының жанына кеп тоқтады.
– Менің жатын бөлмем алтыннан жасалған, – деді ол айналасына қарап ап.
Оның жанарына ұйқы тығылып, енді көзі іліне бергенде, үстіне бір ауыр тамшы құлап түсті.
– Қызық екен, – деп таңданды ол. – Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Жұлдыздар сондай анық көрінеді – жаңбыр қайдан болмақ? Еуропаның солтүстігінің ауа райы тым жаман ғой. Менің Қамысым жаңбырды жақсы көруші еді, бірақ ол өзі сондай өзімшіл ғой.
Осылай ойланып тұрғанда, тағы бір тамшы құлап түсті.
– Тіпті жаңбырдан да қорғай алмайтын болса, ескерткіштен не пайда? Мен өзіме басқа жерден қоналқа іздемесем, болмайтын болды ғой, – деп Қарлығаш қанатын қомдап, ұшуға дайындалды.
Бірақ ол ұшып үлгерместен, үстіне үшінші тамшы құлап түсті.
Қарлығаш жоғары қарады да, жанары бір нүктеге қадалды да қалды.
Бақытты Ханзаданың жанары жаспен мөлтілдеп тұр еді. Көзінен домалаған жас тамшылары оның алтын иегімен төмен құлдилап бара жатты. Ай сәулесімен нұрланған оның жүзі тым сүйкімді еді, Қарлығаш оған еріксіз көз тоқтатты.
– Сен кімсің? – деп сұрады ол.
– Мен Бақытты Ханзадамын.
– Онда неге жылап тұрсың? Сен мені малмандай су еттің.
– Мен тірі кезімде, кеудемде жүрегім соғып тұрған шақта, жастың не екенін білмедім, – деп жауап хатты Ханзада. – Мен Алаңсыздық сарайында мекен еттім, ал оның есігінен қайғы-мұң деген сығалап та қарай алмайтын. Күндіз достарыммен ойын-сауық құрсам, кешкілік үлкен залда би билеп, құмардан шықтым. Бақ биік-биік дуалдармен қоршалған болатын, мен оның сыртында не болып жатқаны жайында бір сәт те ойланбаппын. Айналамның бәрі бақытты, қуанышты еді. Менің жақындарымның бәрі мені «Бақытты Ханзада» деп көкке көтерді. Мен шынымен де бақытты едім, егер рахаттануды бақыт деп есептер болсақ. Мен солай өмір сүрдім, солай өлдім. Енді, міне, тірліктен өткенде, мені астанамда не болып жатқанының бәрін көріп тұруым үшін ең биік тұғырға орнатып қойды. Менің жүрегім қалайыдан жасала берсін, бірақ мен өз жасымды тыя алмаймын.
«Еее, сен түгелімен алтын емессің бе?» деп ойлап қойды ішінен Қарлығаш. Бірақ сыртына сездірген жоқ, ол әдепті құс болатын.
– Анау алыста, жіңішке көше бойында мен кішігірім ғана үйді көріп тұрмын, – деп Ханзада әуенді даусымен сөзін жалғай берді. – Бір терезесі ашық, үйдің ішінен үстел жанында отырған әйелді көремін. Оның жүзі шаршаңқы, қолдары күстенген әрі қызарып кетіпті, өйткені қолдарын ине шаншып-шаншып тастаған. Ол – тігінші. Ол Патшайымның жібек көйлегіне гүл моншақтар тігіп отыр. Ал жанында, төсекте оның науқас ұлы ыңырсып қояды. Баланың безгегі ұстап, қызуы көтеріліп жатыр, анасынан апельсин беруін өтінеді. Бірақ анасының оған өзен суынан өзге берер дәнеңесі де жоқ. Ал бала жылауын тоқтатар емес. Қарлығаш, а, Қарлығаш, кішкене Қарлығаш! Сен менің сапымдағы лағылды оған апарып бере алар ма едің? Менің аяқтарым мына тұғырға нықтап бекіген, өз күшіммен орнымнан қозғала да алмаймын.
– Мені достарым Египетте күтуде, – деп жауап берді Қарлығаш. – Қазір олар Ніл өзенінің үстін айнала ұшып жүрген болар. Жақында олар түнемелікке Ұлы Патшаның қабіріне ұшып барады. Сол жерде өз табытында Патша жатыр. Ол қасиетті шөптермен бальзамдалған, оның мойынында нефрит алқа тағулы, ал қолдары күзгі жапырақтарды еске түсіреді.
- Қарлығаш, а, Қарлығаш, кішкене Қарлығаш! Сен менің қасымда бір түнге қалып, менің хабаршым болшы. Бала қатты шөлдеп жатыр, ал анасының қабағын қайғы басқан.
– Балаларға менің бүйрегім бұра бермейді. Өткен жазда, мен өзен жанын мекендеп жүргенімде бұзық балалар үнемі маған тас лақтыратын. Әрине, оларға тигізу қайдааа? Біз, қарлығаштар, тым тез ұшамыз. Оның үстіне менің аталарымның ептілікпен аты шыққан, бірақ сонда да, олардың қылығы маған мүлде ұнамайды.
Бірақ Бақытты Ханзада тым мұңды еді. Қарлығаш оны аяп кетті.
– Бұл жер өте суық, – деп жауап берді Қарлығаш, – Бірақ, ештеңе етпес, мен бұл түнді сенің қасыңда қап, тапсырмаңды орындаймын.
Рақмет саған, кішкентай Қарлығаш, – деді Бақытты Ханзада.
Міне, солай Қарлығаш Ханзада сапындағы лағылды шұқып алып, қала шатырлары үстімен ұшып жөнелді. Ол төбесінде ақ мәрмәрден құйылған періштелері бар қоңыраулы шіркеу үстімен ұшып өтті. Ол Патша сарайы үстімен ұшып, музыка даусын да естіді. Балконға әдемі қыз бен оның сүйіктісі шықты.
– Жұлдыздар қандай әдемі, – деді оған сүйіктісі. – ...және махаббаттың құдіреті де қандай күшті...
Менің көйлегім балға дайын болар ма екен, мен оған гүл моншақтарды тігуге бұйырдым. Бірақ тігіншілер тым жалқау.
Қарлығаш өзен үстімен ұшып өтіп, кеме діңгектеріндегі алауды да көрді. Ол Гетто үстімен ұшып өтіп, өзара келісімге келіп, мыстан құйылған таразыға тиындарын тартып жатқан қарт жебірейлерді де көзі шалды. Ақыры ол Ханзада айтқан үйге келіп, оның ішіне үңілді. Бала қызуы көтеріліп, төсекте аунақшып жатыр, ал қатты шаршаған анасы үстелде ұйықтап кетіпті.
Қарлығаш жайлап ұшып, лағыл тасты үстел үстіне, тігін оймағының жанына қойды. Одан соң үнсіз ғана баланың үстімен ұшып, қанатымен оның бетіне суық жел бүркіді.
Қандай рахат. Мен шамасы, жақында жазылатын шығармын, – деп жаны жайланған бала ұйқыға шомды.
Содан Қарлығаш Бақытты Ханзадаға қайтып келіп, оған болған жайдың бәрін баяндап берді.
– Қызық, далада суық болғанымен, мен әдепкідегідей тоңып тұрған жоқпын, – деп сөзін түйіндеді ол.
– Бұл сенің жақсы іс жасағаныңнан, – деп түсіндірді оған Бақытты Ханзада.
Қарлығаш оның жайын ойланып жатып, ұйықтап кетті. Ол сәл ойланса, көзі ілініп кететін.
Таң сәріде ол өзенге шомылуға ұшып кетті.
Қызық, таң қаларлық құбылыс қой бұл. Қыстыгүні Қарлығашты көру деген, – деді өзді-өзі сол сәтте көпір үстімен өтіп бара жатқан Орнитология профессоры.
Содан ол бұл жайында жергілікті басылымда мақала жария етті. Оған көбі пікір айтып жатты, бірақ ол пікірлер тым түсініксіз болатын.
Қарлығаш «Мен бүгін түнде Египетке ұшып кетемін» деп ойлағаны сол еді, қуанып сала берді.
Ол барлық ескерткіштерді аралап, шіркеудің қоңырау түбінде отырды. Қай жерге бармаса да, торғайлар «Жат жерлік! Жат жерлік!» деп шырылдасып, оған шетелден келгендей көз тастады. Ал ол бұған ұнамайтын.
Ай туған шақта ол Бақытты Ханзадаға қайтып оралды.
– Сенің Египетке жолдар тапсырмаң жоқ па? Мен, міне, дәл қазір ұшып барамын, - деп қаттырақ дауыстады ол.
– Қарлығаш, а, Қарлығаш, кішкене Қарлығаш! – деп өтінді Бақытты Ханзада. – Сен менің жанымда тағы бір түн аялдашы.
– Мені Египетте күтіп жатыр, -– деп жауап қатты Қарлығаш, – Ертең менің достарым Нілдің екінші басына ұшып барады. Ол жақтағы қамыстар арасында қолтырауындар мекендейді. Ал гранит тұғырда Мемнон құдайдың өзі отыр. Ол түні бойы жұлдыздарға қарап отырады, ал күн сәулесі көрінген сәтте ол қуаныштан дауыстайды. Түскі уақытта сары арыстандар оның жанына су ішуге келеді. Олардың көздері жасыл сутастарына ұқсайды, ал гүрілдеген дауыстары сарқыраманың дыбысынан да күшті.
– Қарлығаш, а, Қарлығаш, кішкене Қарлығаш! – деді оған Бақытты Ханзада. – Анау алыста, қала сыртындағы үйде мен жас жігітті көріп отырмын. Ол үстелдегі қағаздарына еңкейіп, үңіліп отыр. Алдындағы құмырашада - солып қалған шегіргүлдер. Оның еріндері анардай алқызыл, ал талшын шаштары төгіліп тұр, көздері тым үлкен және арманшыл. Ол өз пьесасын тәмамдап, театр директорына баруға асығулы. Бірақ оның ошағындағы отынның бәрі жанып біткен, өзінің денесі мұздап қалған, аштық пен суықтан қазір-қазір бар сезімінен айрылардай.
– Жақсы, мен сенімен таңертеңге дейін қалайын, – деді Қарлығаш Ханзадаға. Оның жүрегі тым рақымшыл еді. – Бірақ сенде басқа лағыл бар ма?
– Жоқ, менде басқа лағылтас жоқ, өкінішті. – деді Бақытты Ханзада. – Менің көздерім – менде қалған бар байлығым. Олар өте сирек кездесетін жақұттан жасалған, мыңдаған жылдар бұрын Үндістаннан әкелінген болатын. Соның бірін шұқып ал да, әлгі жанға апарып бер. Ол оны зергерлерге сатып, өзіне тамақ пен отын сатып алып, пьесасын аяқтай алады.
– Аяулы Ханзада, мен олай жасай алмаймын, – деп Қарлығаш жылай бастады.
– Қарлығаш, а, Қарлығаш, кішкене Қарлығаш! Менің өтінішімді орындашы.
Қарлығаш Бақытты Ханзаданың көзін шұқып алды да, жігіттің үйіне ұшып жөнелді. Оған үйге кіру еш қиындық тудырған жоқ, оның шатыры шұрық-тесік болатын. Осы тесіктер арқылы ол бөлмеге енді. Жас жігіт бетін алақандарымен жауып отырған еді, Қарлығаштың қанат суылын естіген жоқ. Тек кейін ғана солып қалған гүлдер арасындағы жақұтқа көзі түскен еді.
Мені бағалай бастағаны ма? Бұл, шамасы, менің өнеріме бас иетіндердің біреуінің сыйлығы болса керек. Енді пьесамды аяқтай алатын болдым, – деп қуана дауыстады ол. Оның жүзіне нұр құйыла түсті.
Таң сәріде Қарлығаш айлаққа қарай ұшып кетті. Ол үлкен кеменің діңгегіне отырып, матростардың арқанмен жәшіктерді көтеріп жатқандарын тамашалады.
– Ал, кәнеки. Ал, кәнеки! – деп айқайласып жатты олар.
Мен Египетке ұшып барамын, – деп хабарлады Қарлығаш, бірақ оған ешкім де назар салмады.
Тек кешкілік қана, ай туғанда ол Ханзадаға қайтып оралды.
– Мен сенімен қоштасуға келдім! – деп алыстан айқайлады ол.
– Қарлығаш, а, Қарлығаш, кішкене Қарлығаш! Сен таңертеңге дейін аялдай алмайсың ба?
– Қыс келді, – деп жауап қатты Қарлығаш. – Таяуда мұнда суық қар жауады. Ал Египетте күн сәулесі пальмалардың жапырақтарын қыздыруда, ал қолтырауындар судан басын шығарып, жан-жағына еріне көз тастайды. Менің достарым Баальбек шіркеуінде өздеріне ұя жасап жатыр, ал ақ және қызғылт көгершіндер оларға қарап, тамсана дауыстайды. Аяулы Ханзада, мен қала алмаймын, көктем туғанда мен Египеттен қос қымбат тас әкеліп, саған беремін. Сенің біреулерге берген жанарларыңның орнына. Қызыл раушаннан да қызыл лағыл болады сенде, теңіз толқынынан да көгілдір жақұтың болады қолыңда.
– Төменде, алаңда, – деп бастады Ханзада. – Сіріңке сататын кішкентай ғана қыз тұр. Ол өзенге қолындағы заттарын түсіріп алған, егер ол үйге ақшасыз келсе, оны әкесі аямайды. Ол жылап тұр. Онда не аяқ киімі не шұлығы жоқ, басы да бүркелмеген. Менің екінші көзімді шұқып ал да, сол қызға апарып берші. Сонда оны әкесі ұрмайтын болады.
– Мен сенің жаныңда тағы бір түн қала аламын, – деді Қарлығаш, – Бірақ екінші көзіңді ала алмаймын. Онда сен мүлде зағип болып қаласың ғой.
Қарлығаш, а, Қарлығаш, кішкене Қарлығаш! Менің өтінішімді орындашы.
Қарлығаш оның екінші көзін шұқып алды да, қызға қарай ұшып жөнеліп, жақұтты қыздың дәл алақанына түсіріп кетті.
0 Қандай әдемі әйнекше! – деп қуанған қыз, үйіне жүгіре жөнелді.
Қарлығаш Ханзадаға қайтып келді.
– Енді мен сенің қасыңда мәңгіге қаламын, сен – зағипсың!
– Жоқ, менің аяулы Қарлығашым, – деп жауап берді Ханзада, – Сен Египетке ұшуың қажет.
– Мен сенің жаныңда қаламын, – деп Қарлығаш оның аяғында ұйықтап қалды.
Таңертеңнен күні бойы ол Ханзаданың иығына отырып, оған алыс елдерде өзінің көргендері жайлы баяндап берді: Айлы таулар патшасы жайлы, Ұлы Жасыл Жылан жайлы, өзге де бұларға таңсық хикаяларды әңгімелеп берді.
– Аяулы Қарлығаш, – деді Ханзада, – Сенің айтқаныңның бәрі ғажап. Бірақ менің әлемімдегі ең қызығы – ол адамдардың ауыртпалықтары. Оған шешімді қайдан табарсың? Менің қаламның үстімен ұшып өт, аяулы Қарлығаш, сосын маған не көргеніңді баян етші.
Қарлығаш ірі қалалардың бәрінің үстімен ұшып өтіп, байлардың ірі сарайларда, ал кедейлердің олардың босағасында отырғанын көрді. Қараңғы түкпірлерде де болып, аш балалардың бет-бейнелерін де көрді. Көпір астында екі бала құшақтаса, бір-бірін жылытуға тырысып жатыр.
– Біздің қарынымыз ашты, – десті олар.
– Бұл жерде жатуға болмайды, – деді қатаң Полицей.
Содан олар қайта жаңбырдың астына шықты.
Қарлығаш оралып, өзінің көргендерінің бәрін Ханзадаға баяндап берді.
– Мен бүкіл алтыннан қапталғанмын ғой, менің үстімнен бөліп алып, кедей адамдарға таратып берші. Адамдар бақыт алтында деп біледі...
Қарлығаш оның үстіндегі алтын жапырақшаларды бірінен соң бірін ағытып, тарата берді. Ақырында Ханзада қарайып, сұрланып қала берді. Кедей балалардың бәрі қуанып, олардың жүздеріне қан жүгірді. Көшеге шығып, ойнай бастады.
– Ал бізде нан бар, – деп қуанысты олар.
Кейін жерге қар түсті, қардан соң аяз да келді. Көшелер күмістеніп, жылтырай бастады, мұз сүңгілер сүйріктеніп, шатырдан құлаған қанжарға айналған. Бәрі тондарына оранды, қызыл түсті бас киім киген балалар болса, мұзайдын бетінде конькимен сырғанақ өрнек салды.
Әбден мұздап, әлсіреген қарлығаш болса, Ханзаданы тым қатты жақсы көріп қалғандықтан, оны тастап, қиып кете алмады. Ол нан дүкені жанынан жерге түскен бөлке қиқымдарын теріп, жылыну үшін қанатын қаға берді. Бірақ аз уақыттан соң-ақ ол өзінің бұл дүниедегі уақыты тәмам болуға жақындағанын сезді. Оның бар күші Ханзаданың иығына соңғы мәрте шығуға ғана жетті.
– Қош бол, аяулы ханзада! – деп әлсіз үн қатты ол. – Сен маған қолыңнан сүюге рұқсат етші.
– Мен сенің ақыры Египетке ұшып бара жатқаныңа қуаныштымын, – деп тіл қатты Бақытты Ханзада. – Сен мұнда өте ұзақ уақытқа қалдың. Сен менің ернімнен сүюге тиіссің, өйткені мен сені жақсы көремін.
Жоқ, мен Египетке ұшып бара жатқан жоқпын, – деп жауап берді Қарлығаш. – Мен Өлім мекеніне барамын. Өлім мен Ұйқы – бауыр емес пе?
Қарлығаш солай деді де, Бақытта Ханзаданың ернінен бір құшып, оның аяғына құлап түсті.
Сол сәт мүсіннің ішінде бірдеңе жарылғандай, тысыр етті. Бұл жарылған қалайы жүрек болатын. Шынында далада тым сұрапыл суық тұрған-ды.
Таң ертемен бұл маңда қала мэрі кеңесшілерімен бірге серуендеп жүрген-ді. Ханзада мүсіні жанынан өтіп бара жатқан мэрдің көзі ескерткішке түсті.
– Құдайым-ау, мына Бақытты Ханзада шоқпытқа айналып кетіпті ғой, – деп қатты дауыстап жіберді мэр.
– Әлбетте, әлбетте, шоқпытқа айналыпты, – деп қоштады кеңесшілер, әдеттегі басшысының әрбір сөзімен келісетін әдеттеріне басып. Сөйтіп, олар жақсырақ қарау үшін мүсінге жақындасты.
– Қылышында лағыл тасы да қалмапты, жанары да түсіп қалған, алтыны да жоқ қазір, – деп жалғады сөзін мэр. – Ол қайыршыдан да жаман күйде ғой!
– Әлбетте, қайыршыдан да жаман-ақ, – деп тағы да қоштасты кеңесшілер.
– Аяғының астында болса, өлген құс жатыр. Бізге жаңа жарлық шығару қажет екен: «құстарға мұндай жерге өлуге рұқсат жоқ!»
Кеңесшілер сол мезет бұл ұсынысты кітапқа түртіп алды.
Сөйтіп, Бақытты Ханзаданың мүсінін орнынан алып тастады.
– Оның сәні қалмады. Демек, мәні де қалмады – деді университетте Эстетика профессоры.
Сосын ескерткішті көрік отында балқытып жіберді. Мэр қалалық кеңесті жинап, балқытылған металдан жаңа не жасауға болатынын ақылдасты.
– Жаңа мүсін жасаймыз! – деп ұсынды мэр. – Бұл мүсін мені бейнелеуі тиіс!
– Мені! – деп іліп кетті әрбір кеңесші, сөйтіп талас басталды.
***
...Таяуда ғана олар жайлы хабар алып едім, сөйтсем бұлар әлі де таласып жүр екен.
– Міне, керемет! – деді Бас Балқытушы. – Мына сынған қалайы жүрек отқа балқығысы келмейді. Кәдеге жарамас, оны лақтырып тастаған жөн болар.
Сөйтіп, жүректі қарлығаш жатқан қоқыс арасына лақтырып жіберді.
Құдай өзінің періштесін осы қалаға жіберіп, ең қымбат деп тапқан дүниені алып кел деп тапсырады. Періште оған қалайы жүрек пен өлген құсты алып келді.
– Дұрыс таңдау жасадың, – деді Жаратушы. – Менің жұмақ бағымда мына құс мәңгілік сайрайтын болады, ал Бақытты Ханзада болса, осы жерде мені дәріптеп өтеді.
Сурет: christensonamber.wordpress.com, epubbooks.ru
Аударған: Нұрболат Аманжол
A. Mustafina