- Негізгі бет
- Аударма
- Неге адам жүрегімен...
Неге адам жүрегімен толыққанды бақытты іздейді?
Әр адам өмірден бақыт, тыныштық, қуаныш пен махаббат іздейді. Өмірді жаңа парақтан бастаған сайын, жаңа қарым-қатынасқа түскен сайын осымен бәрін уысымда ұстаймын деп ойлаймыз. Бірақ әркез толыққанды бақыт бола бермейді. Қолыңа қондырған арман келесісіне жол ашады. Сөйтіп бақыт қуып өмір өтеді де кетеді.
Не үшін бармыз? Өмір не үшін беріледі? Неге адам жүрегімен толыққанды бақытты іздейді? Баланың ойыны қанбайтыны сияқты, ересек адам да бақыт іздеуден жалыққан емес. Көңіл қалып, жүрек қан жыласа да, жанымыздың түкпірінде алда бір бақыт күтіп тұрғанын сезінеміз. Мәңгілік, мөп-мөлдір, тек бақыт сыйлайтын бір махаббаттың барына сенеміз.
Оның жауабы мынада. Адам бір рет қана тумайды ғой. Адамның жаны мәңгілік. Ол түрлі тәнге қонады. Бір өмірден екінші өмірге өтіп отырады. Оның мақсаты – өзінің не екенін сезіну, сосын қайнар бұлағына қайтып оралу.
Жан деген жарық. Ғаламның бір бөлшегі. Біз оны Жаратқан деп атаймыз. Қайнар бұлағына оралу дегеніміз – өзінің табиғатын сезіну. Жаратқанмен үздіксіз байланысын сезіну.
Фәни өмірдің бәрі елес. Бес күн жалған. Бірақ ол жазалау үшін берілмеген. Адам өмірге сабақ алу үшін келеді. Әр адам санасы толысқанда өзі білетін болады. Бұл өмірдегі ешбір жетістік пен атақ-даңқ, дәулет пен ұрпақ оған жанның тыныштығын бере алмасын түсінеді. Жан бақыт пен махаббаттың ішкі иірімін жаттап қалады. Бірақ оның пернелері фәнидің сағым дүниесімен көмкеріліп тұрғандықтан оны тану адамға оңайға түспейді. Адам қалауын таба алмас жерден іздей беретіні де содан. Өмірде бәрі өткінші. Тұрақсыз нәрсе тұрақты бақытты қалай бермек?
Тек жүрегіңе үңіліп, жаныңның түкпіріндегі сезім ұйығындағы тартылыс іздегенге жеткізеді. Адам – тек тән емес. Адам деген ойы мен сезімі ұштасқан тіршілік иесі. Адам рухани дамыған жаратылыс. Тек уақытша өз бастауын ұмытқан. Сондықтан қайғы мен азапқа төзу арқылы өзінің бастау бұлағына қайта оралады. Жанның іздеген бақытын табу үшін өмір мен өзіңді түсін, кім екеніңді түсін.
Адам осы сұрақтарға жауап бере алар деңгейге жеткенде өмір оны қолдаусыз қалдырмайды.
Көмек әрдайым бар. Қасынан өтіп кетпесеңіз болғаны. Адамға шын бақытын тауып беруге қол ұшын созатындар ылғи да керек кезде табылады. Кей жан өзін танудың барлық сатысынан өтіп, жан дүниесі Жаратқанмен табысып жатады. Олар ең керекті біліммен сусап, рухани зор қуатқа ие. Олар Рухани Ұстаздарға айналады. Олар жер бетіне адам баласына көмектесу үшін түседі. Олардың міндеті адамды елес өмірден жарыққа жетелеу. Қараңғы түннен жарық күнге бастау. Надандықтан құтқарып, білімнің қайнарымен сусындату. Адасудан арылтып, ақиқатты тануға ұмтылдыру.
Аударған: Шынар Әбілдә
Ж. Жұмағұлов