Хорхе Луис Борхес - есімі елге таныс Аргентина жазушысы һәм ақыны. Джон Максвелл Борхес жайлы: "Оның өзгелерге ықпал ету қуатының күштілігі соншалық, оның прозасындағы тіл - Латын Америкасындағы бір дәуірдің ұлы жазушыларына жол салған" деген пікір айтады. Назарларыңызда 1986 жылы өмірден озған жазушының қысқа әңгімесі.
Әлдеқалай дәлізден бағыт көрсеткіш болат белгі көргенім бар. Осы бір түк жазығы жоқ белгіні өз кезінде адамдар мен арыстандардың денесіне қадалып, Фермопилдің аспанын қанталатқан, Харальда Сигурдансон мүрдесіне алты футтық ағылшын жерінің бұйыруына себеп болған шығар, деп ойлағам. Кейінірек менің көзіме салт атты венгрдің де суреті түскен; аттың төсінен әдемілеп өрілген өмілдірік көрініп тұрды. Өз кезінде аспанда ысқырып, көзі шатынаған бұқаларды тәубесіне түсірген арқанның да ең соңында сәндік мәнге ие болғанын ұқтым. Еуропалық моладан мен қызыл мрамордан жасалған руникалық айқыш та көргем. Айқыш-ұйқыш тармақтарының ұшы жуандай келе бір-біріне тиюге шақ қалыпты. Осы бір ауқымы шектеулі айқыш иіні кең басқа бір нәрсені де - Лукан Самосатскийдің қарғысына ұшыраған "күнәһар қондырғыны" - Құдайдың жанын алған дар ағашын да кейіптейтін-ді. Айқыш, арқан һәм жебе құрыған немесе символдық мәнге дейін көтерілген адамзаттың көне құралдары. Өзімді олардың не үшін таңғалдыратынын да білмеймін. Егер жер бетінде болған оқиғаны ұмыттырып, естен шығаратын ештеңе болмаса, олардың түбі қандай мәнге ие болатынын бір де біріміз білмесек, не болар еді?
Аударма: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: lib.rus.ec