Мажар ақыны Аттила Йожефтің өлеңдері

Мажар ақыны Аттила Йожефтің өлеңдері
Фото: LiveJournal

Мажар ақыны Аттила Йожефтен (1905-1937) аударылған өлеңдер. Мажаршадан аударған —  ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Раушангүл Зақанқызы.

Жабайы алма

Жабайы алма болғым келеді,
Жабайы алма саясы бар.
Өзегі талған әр жас бала
Тойып жейтін жемісімді,
Көлеңкемнің аясында.

Жабайы алма болғым келеді,
Жетім бала жаны мұңды.
Көзінің жасы көлкігенде,
Мені іздеп кеп көз жасымен,
Суаратын тамырымды.

Болғым келед жабайы алма,
Қурап қалсам егер бір күн.
Отын болып жалыныммен
Көз жастарын жетімдердің
Құрғатуға жарай алған.

Болсам егер жабайы алма,
Қайғы болмай жер үстінде,
Барлық адам көңілді де
бақытты өмір кешер еді,
Еске алмай өлімді де.
1921 ж.

Шамға қараймын

Шамға қараймын. Пойыз шамы.
Сиқырлы, жанып тұр қызарып.
Жарығынан жаңа өмір туады
Көлеңкесі ұзарып.

Қарашы, неткен күш, не сиқыр!
Ойлаумен кетердей таң атып…
Қанша құдіретті болса да жарығы,
Мен – Адам, оны жағатын.

Ұйықтасам, шамды өшірем –
Жанымды түйрейді сан күдік:
Қайта жанбаса,  қалам ба
Қараңғылықта мәңгілік?!
1922 ж.

Сені күтіп жүрмін…

Сені күтіп жүрмін. Шық түскен,
ағаштың бұтақтары аспанға ұмтылып.
Өне-бойым мұздады, дірдектеп
қара түнде,  жалғыздық тым суық.

Қасыма келсең, түрілер түн-қайғы да ,
Тыныштық орнар,  тыныштық …
Тыңдармыз сазы сырлы Айды да.
Ерніміз сыбырлап жүректің әуенін,
Бақыттан баянды дәмелі,
Кетер ме ек ілесіп
шырақтың буына,
тірлікті түгесіп?
1922 ж.

Сегед маңында

Тиса ‒ жас өзен, жазғы кеште
баяу ағады‒ ескі тек мұңымыз.
Күн де бұйығы бізге „қош” деп
ұзайды, Түн-қайың жұбымыз.

Құшақтап, жүзімді ақырын
сипайды жапырақ-күлтесі.
Мола-төсегім шақырып
көзім жұмылар, мұң кешіп.

Ескі жыр ‒ мендегі жүректің аңсары,
тыңдайтын әуенін тамсанып.
Байланып қайтеміз ұйқасқа?

Билейді бір діріл жанымды,
Сәлем берерде жалынды
жалғыз, жетім Дьюла Юхасқа[1]
1922

Шын жүректен

Жоқ не әкем, не анам,
Не тәңірім, не панам.
Не бесік, не кебінім,
Не сүйгенім, серігім.

Нәр татпадым мен үш күн,
Не берсе де келістім.
Жиырма жылым – байлығым,
Сатсам болмас қайғы-мұң.

Ешкім сатып алмаса,
Шайтан мүмкін жармасар.
Шыным кіріп үйге бір
Кісі өлтірер күйдемін.

Ұстар онда дарға асар,
Тәнім қара жер басар.
Тыншығанда жүрегім,
Тұрар өмір-гүл өніп.
1925 ж.

Естідім темір өксігін…

Естідім темір өксігін,
Естідім жаңбыр күлгенін.
Қирады елес, өшті күн,
Өтеді бәрі – білгенім.

Тірліктен күйбең дара қап,
Сүюді ғана жөн көрдім.
Айтшы тек алтын санадан
Адамға қару жон дер кім?
1933-1934 ж.ж.

Сол бір ару

Сол бір сұлу әйелді көрсем шіркін тағы да,
Пері қызы еді ол, нәзік еді жаны да.
Серуендеген шақтарда гүл далада масаты,
Жерді жеңіл қауырсын қадамменен басатын.
Сүймей-ақ мен қояйын оны мына жалғанда,
Тек қарайын сүйініп, мендегі осы бар арман –
Бақта отырса шуақтап ақ аруым таранған,
Қолында бар кітабы жаңа ғана жабылған.
Күзгі желге сыбдырлар жапырақтар жанында.
Көріктіме қараумен абайлап жай, сыр ұрлып,
Өзімді-өзім ұмытып, тұрғанымда сыбырлап.
Сезіп мені, үркіп, орнынан тез тұрып,
Ұзар бетін алыс бақ шетіне бұрып.
Жол шетінде ағаштар қоштасуды құптар.
(Айырылысар осылай бұйырылмаған жұптар)
Көз жұмған анасын көрген сәби құрлы,
Сол аруды көрсем айдай аппақ нұрлы.
1936 ж.

[1] (Дьюла Юхас жас ақын Йожеф Аттиланы әдеби ортаға алып келген ақын, қамқоршысы)

Н. Айдархан