Гринтаундағы жазғы мектепке Энн Тейлордың сабақ беруге келген аптасы болатын. Сол кезде оның жасы жиырма төртте еді, ал Боб Сполдингтің жасы әлі он төртке де тола қоймаған.
Энн Тейлор барлық жанның есінде қалар ерекше жан еді. Ұстазы айтып үлгерместен әлемнің көк-жасыл картасын жая қойып, әр сабаққа шырынды апельсин мен бір құшақ гүлін алып келуге тырысатын оқушылар бар болса, ол сол құртметке лайықталып жататын. Үнемі ескі қаланың емен-қарағайы жасыл көлеңкені шығарып салып, жасыл көлеңкенің жүзінде кемпірқосақ қуаныш жүректі селк еткізсе, ол сол болатын. Ол жаздың жаймашуақ көрінісі болатын, ақ қардың арасындағы ғажайып шабдалы тұғын, құдды жүгері қауыздарына құйылған ерте маусымдағы аптап ыстықтағы салқын сүт секілденетін. Егер үлгі боларлық бір жан болса, ойға бірден Энн Тейлор келуші еді. Табиғатта бәрі өз үйлесімімен мамыражай жайлы күн орнаса, үйеңкі жапырағының нұрлы желдің жеңіл самал есуіндегі осы бір санаулы күндер, күнтізбедегі бұл күндер Энн Тейлордың есімімен аталуы тиіс болатын.
Ал Боб Сполдингке келсек, қазанның кештерінде жазғыздықты ертіп алып қала кезетін, Қасиеттілер күнінде ұшқан жарғанаттар тобындай сусыған жапырақтар соңынан еруге тырысатын, көктем кезінде Лись көлінің тоңғақ суында дәу балық секілді баяу жүзіп, ал күз түсісімен жүзі дәл талшын жемісіндей қызартып, құлпыра түсетін. Немесе оның дауысы жел қыдырып жүрген ағаштың жоғары ұшында шығып жататын; бір бұтадан бір бұтаға түсіп, әлемге көз салумен жалғыз отырушы еді. Немесе алаңқайдан көрінетін - бесін уақытта жалғыз отырып оқыған кітабы, оның бетінде өріп жүрген құмырсқалар үйреншікті көрініс саналатын. Немесе әжесінің үйі алдында өз өзімен шахмат ойнап отыратын баланы көресіз. Немесе терезе алдындағы қара фортепьянода өзі білетін күйлерді орындап тұратын. Өзге балаларға қосылмайтын.
Сол бір күні ертеңгілік мисс Энн Тейлор бір бүйірдегі есіктен сыныпқа кіріп, дөңгеленген қол ізімен өз есімін тақтаға жазып болғанша, отырған балалардан ешкім қозғалған жоқ.
— Менің есімім Энн Тейлор, - деді ол ақырын ғана. - Мен сендердің жаңа мұғалима апайларыңмын.
Сынып іші сол сәтте жарық нұрға, құдды үйдің шатырын алғандай жарық нұрға толып кеткендей болды. Құс дауыстары ағаш бастарында шуылдасып жатты. Боб Сполдинг шайналған қағаздан дайындалған домалақты (шарикті) қолына ұстап отырған-ды. Бірақ, жарты сағат мисс Тейлорды тыңдаймын деп, жұдырығы жазылып, абайсызда домалақты еденге түсіріп алды.
Сабақтан соң суы бар шелек пен матаны алып келіп, сол күні ол тақтаны жуа бастады.
— Сен не істеп жатырсың? — үстел алдында дәптер тексеріп отырған мисс Тейлор бұрыла қарады.
— Тақта кірленіп тұрғасын, — деді Боб, ары қарай өз ісін жалғастыра бергісі келіп.
— Иә, көріп тұрмын. Ал саған шынымен де оны жуған ұнай ма?
— Мүмкін, алдын ала рұқсат сұрап алуым тиіс пе еді, - деді ол қысылғансып.
— Сен сұрады деп түр көрсетейік, - деді ол күлкісімен, сол сәттегі оның күлкісін көре салысымен ол жай оғындай тақтаға кірісіп, терезе алдында мақта қағысынан көшеде қар жауып тұрғандай болды.
— Иә, мэм.
— Олай болса, Боб, рақмет.
— Күнде жуып тұруыма бола ма?
— Ал мүмкін өзгелер де байқап көрер?
— Мен өзім істегім келеді, — деді ол, — Күн сайын.
— Жарайды, бірнеше күн жуарсың, ар жағын көре жатармыз, – деді ол.
Ол сол күні кетпей тұрып алды.
— Меніңше, саған үйге қайту керек, — деді ақыры ол.
— Сау болыңыз — деді де, сыныптан кеткісі келмеген күйі есік артында жоқ болып кетті.
Келесі күні ол пансиондағы жалдап тұрып жатқан үйінен шыққанда, ол есік алдында күтіп тұрды.
— Ал бұл мен, — деді ол.
— Ойлап көрші, мен таңырқап тұрған жоқпын, — деді ол да.
Олар бірге жүрді.
— Сіздің кітаптарыңызды алып жүруіме бола ма? — деп сұрады ол.
— Боб, рақмет.
— Болмашы нәрсеге, — деді де, кітаптарды өзіне алды.
Сөйтіп олар бірнеше минут жүрді, Боб жол бойы үндемеді. Ол сәл жоғарыдан төмен назар тастап, оның қалай жүріп келе жатқанын көрді - емін-еркін, қуанышты, сосын өзі бірінші сөйлесін деп түйді, бірақ, сол күйі сөйлемеді. Мектеп алдына жеткен соң, кітаптарын беріп жатып ол оған:
— Жалғыз өзім барғаным дұрыс болар, — деді. — Әйтпесе, балалар түсінбей қалар.
— Мен де түсінбей тұрған сияқтымын, Боб, — деді мисс Тейлор.
— Қалайша, біз достармыз ғой, — деді өзінің салмақты, өзінің әдеттегі шынайылығымен.
— Боб… — деді ол.
— Иә, мэм?
— Жоқ, ештеңе емес. — Сосын ол кетіп қалды.
— Мен сыныпқа кеттім, — деді Боб.
Сабақтан соң екі апта бойы әр кеште қалып отырды, бір ауыз сөз айтқан жоқ, үндеместен тақтаны сүрте берді, матаны қағып, картаны орап жүрді. Ал ол болса сол уақытта дәптер тексерумен сынып ішінде отыратын.
Сағат төртті соқты – күн көкжиекке асықпай батып бара жатыр, дәптер беттерінің ашылған сыбдыры, қаламсап сусылы, кей-кейде шыбын ызыңы, қуатсыз долылықпен ұрылған жоғарыда тұрған терезе әйнектері, тыныштық орнап алған сынып іші. Тыныштық сағат беске дейін орнап тұра берер ме еді, егер мисс Тейлор кенет Боб Сполдингтің артқы отырғышта өзіне қарап, кезекті тапсырманы күтіп отырғанын көрмегенде.
- Ал енді, үйге қайтайық, - деді мисс Тейлор үстелден тұрып жатып.
— Иә, мэм.
Алып ұшқан қалпағы мен пальтосын кигізуде. Мектеп күзетшісінің орнына сынып есігін құлыптауда. Мектептен шығып, бос тұрған ауладан өтуде. Күзетші асықпастан баспалдаққа шығып, күн магнолиялардың (хош иісті ірі гүлдері бар, жапырағы үнемі көкпеңбек болып тұратын сәнді өсімдік) артына барып тығылуда. Олар сосын не туралы сөйлеспеді...
— Кім болғың келеді, Боб, есейгенде? - деді ол.
— Жазушы, — деді ол.
— Дұрыс екен, бұл үлкен мақсат қой, оған аз еңбек кетпейді.
— Білемін, бірақ мен байқап көргім келеді, — деді ол. — Мен көп оқығам.
— Бері қарашы, сабақтан соң басқа жасайтын жұмысың жоқ па, Боб? - деді ол сосын.
— Сіз не туралы?
— Сол туралы, менің ойымша, саған сонша уақыт тақта жуып тұрған жарамас.
— Ал маған ұнайды, — деді ол, — Мен еш уақытта өзіме ұнамаған нәрсені жасаған емеспін.
— Сонда да.
— Жоқ, басқалай болмақ емес, басқалай жасай алмаймын, - деді ол. Кішкене ойланып тұрды да: - Сізден бір нәрсе сұрауға бола ма, мисс Тейлор? - деді.
— Неге байланысты?
— Әр сенбіде мен Бьютрик-стриттен Мичиган өзеніне бастар көл маңайына барып тұрамын. Онда қаншама көбелек, қаншама шаян және құстар бар. Мүмкін, сіз де барарсыз? - деп сұрады.
— Рақмет саған, — деді ол.
— Демек, баратын болдыңыз ғой? - деді ол.
— Өкінішке орай, бара алмайтын шығармын, - деді.
— Керемет болар еді бұл деген! - деді ол.
— Иә, әрине, бірақ, қолым бос болмайды, - деді.
Ол неге босамайтынын сұрағысы келді, бірақ, тілін тістеп қалды.
— Мен өзіммен бірге сэндвич алып жүремін, — деді ол. — Тұздалған сан ет пен тұздықталған көкөніс те бар. Оған апелсин шырынын қосыңыз. Көл жағалауымен асықпай жүріп отырып, түскі уақытта өзеннен табыламыз, кері қайтқан жолда сағат үштерде үйде боламыз. Күн жақсы өтеді, сіз де барсаңыз дегенім ғой. Сізде көбелектер бар ма? Менде үлкен топтамасы бар. Сізге де жинай бастауға бола беруші еді.
— Рақмет, Боб, бірақ болмайды, ендігі жолы болмаса, - деді.
— Сізден сұрамауым керек еді, солай ма? - деді ол.
— Сен не нәрсе туралы болса да сұрауға құқылысың, —деді.
Бірнеше күннен кейін ол "Үлкен үміт" деген кітапты сыйға алды. Кітапты түні бойы оқып шығып, ертесіне мектепте айтып жүрді. Ол әр күні оны үйінен алыс емес жерде күтіп тұрды, ал оның «Боб…» деп әр жолы сөз бастап, ары қарай айтпай қалатынын көрді. Диккенс жайлы, Киплинг жайлы, По мен өзге жазушыларды айтумен мектепке барып, мектептен қайтатын.
Жұма күні таңертеңгісін ол өз үстелінің алдында жатқан көбелекті көрді. Ұшырып үркітуге шақ тұр еді, көбелек өлген болып шықты. Мисс Тейлор басын оқушылардан жоғары асырып, Бобқа қарады. Бірақ ол сол күні кітаптан басын алмады: кітап оқып жатпағаны анық еді.
Бобты тақта алдына сабақ айтуға шақыра алмады. Шақыра алмай-ақ қойды. Қарындашты тізім бойы жүгірте отырып, оның тегіне келгенде шешім шығара алмай тұрып қалатын болыпты. Сосын, ол астында немесе үстінде тұрған біреудің есімін айта салды. Мектепке бара жатқанда, не болмаса қайтқанда бетіне қарай тура алмайтынын сезіп жүретін. Тақта алдында математикалық формулаларды өшіріп тұрған сәтте де оның дәптерден бас алып, ұзақ уақыт өзіне қарап отырғанын іші сезетін.
Бір сенбіде, ертеңгілік уақыт тұғын, ол шалбарын түріп алып, еңкейген қалпы көл ортасында тұр еді – таспен шаяндарды аулап жатқан кезі. Кенет басын көтеріп қараса, жағада мисс Энн Тейлор тұр.
— Ал бұл мен, — деді ол күлкісімен.
— Ойлап көріңіз, мен таңырқап тұрған жоқпын, - деді бұл.
— Маған шаяндар мен көбелектерді көрсетші, - деді ол.
Олар өзеннен өтіп, құм үстіне отырды. Боб әріректе отырған оған қарады, жел оның шаштарымен және блузкасының бүрмесімен ойнап жатты. Сосын олар тұздалған сан ет пен тұздықталған көкөніс жеп, апелсин шырынын ішумен болды.
— Керемет болды! — деді ол. — Туғанымнан бері мұндай керемет болып көрмеппін!
— Мұндай серуеннен табылам деп ешқашан ойлап көрмеппін, - деді ол да.
— Әлдебір баламен, — деп ол қоса кетті.
— Керемет сонда да.
— Мен қуаныштымын.
Одан кейін олар әңгімелеспеді.
— Мұның бәрі күтілмейді, - деді ол кешкісін. — Неге екенін түсіне алар емеспін. Жай серуендеп, көбелектер мен шаян ұстап, сэндвич жеп отырмыз. Бірақ, егер әкем мен шешем, оқушылар біліп қалса, маған жақсылық әкелмес еді. Ал сізге өзге мұғалімдер күлер еді, солай ғой?
— Солай ма деп қорқамын.
— Онда, мүмкін бізге енді көбелек ауламау керек шығар.
— Өзім де түсіне алар емеспін, бұл қалай болғанын, мұнда қалай келгенімді, – деді ол.
Осы күн осымен бітті.
Жалғасы бар...
Рэй Брэдбери
Аударған: Әкежан Дәкен
сурет: astrology.gr