Бексұлтан Нұржекеев тәржімасындағы Африка жазушысының шығармасы
Мен өзіме ылғи да қатыгез емес адам сияқты көрінетінмін. Нансаңыз, мені қаны көріністер қызықтырмайды, одан гөрі жылы төсекте жатып алып, бір сатқан ыстық кофе ішсем, содан рахаты жоқ. Алайда, сол жұмада мен, әйтеуір, таңғы алакеуімнен оянып алдым, бір мен емес, бүкіл қала сөйтті.
Құдды ауаға әлдебір індет тарап кеткен тәрізді – үлкен де, кіші де таңертеңгі жеті жарымға белгіленген төтенше маңызды іске үлгере алмай қаламыз ба деп қорқып, содан өздеріне тиесілі жартымсыз үлестерін жырып алып қалуға асықты. Күннің сәулесі пердеден өтіп, аптап ыстығымен жатын бөлмені де шыжғыра бастады. Мен, әсте, таңғы сәулені тамашалап, ерте тұрып әдеттенгенмін. Бірақ бұл жолы жұқа кірлікті басыма бүркеніп, соның күңгірт аясында көңілі түсіп жата бергім келді. Ішкі сырымды абайсызда ашып қалып, өзімді өзі опасыздықпен әшкерелеп алмайын деп қорықтым. Егер өйтсем, оңбайтыным һақ.
Әйтсе де, оның қандай өрескелдігі бар? Өзге жұрттан нем артық? Күллі қауымға өзімді қарсы қойып қажеті не? Ол оңбағанның қылығының өзі де өзім жазасына татарлық бола ма?
Мен асығыс киіндім де, көшеге шықтым. Шамамен, бір мильдей жер жүрген соң, жазалайтын орынға да жеттім. Қапырықтан дем алуым қиындай бастады. Әбден ығыр қылған жүкті үстінен аударып тастамақ болған піл ұқсап, екі иығымды өз өзінен қиқаңдатып келе жатқанымды да сол арада байқап қалдым. Жиналған адамдар:
– Опасыз, опасыз, – деп бақырып жатыр екен.
Күн шайдай ашық, қылмыскердің жазасы да ашық күндей ап-айқын болатын. Бәрі дұрыс, бәрі заңды. Көк жүзінде де шөкімдей бұлт көрінбейді, күн көзіне қылаудай да дақ түспеген. Жиын топ еліріп, екілене кеп шулайды: «Опасыз! Опасыз!»
Қанша дегенмен тыныс алудың өзі тым қиындап кетті. Қай жағыңа бұрылсаң да, әлдекімнің бет жүзіне тірелесің. Қара, ақ, қоңыр – барлығы да жаппай тамақ үлестіріп жатқандай ентелейді. Мойындарын созып бәрі де ілгері ұмтылады. Ұйқысы қанбаған солдаттар алға ешкімді жібермейді. Жиын – жарты шеңбер етіп керіп тастаған арқанға тіреліп тоқтап тұр. Біз сонда үстімізден төмен қарап тұрған аспанға құдды бір қан төгілетінін біліп құмартып, аузын ашқарақтана ашып тұрған кәдуілгі құтырынған жарты ай ұқсап көрінген шығармыз. Мен ырымшыл балаларамыыздың айға қарап соғыс пен қиыншылықтарды күні бұрын болжай білгенін есіме алдым.
– Қандай тамаша көрініс! Бүкіл сатқындарды дарға асу керек,– деп менің қасымда тұрған кісі темекінің табынан сарғайып кеткен тістерін ақсита көрсетіп, шаттана айқай салды. Бет-аузын мыжырайтып, қырылмаған иегін қасып-қасып қойды.
– Халық қалай көп жиналған! Бірақ ең қызығы... әй, неғып ұнжырғаң түсіп тұр? Ол, бәлкім, досың шығар сенің.
– Жоқ, – дедім, – менің досым емес ол, жай әнейін, таңертеңнен бері сөзге зауқым жоқ.
Жаңа танысымның көңіл күйі күрт төмендеп кетті. «Көңілшек қаншық» дегендей бірмені мыңқ етті де, теріс қарай беріп, оң жағындағы көршісіне де сол сөзін құайталап айтты. Ол, тіпті, тоттанып кеткен тістерін барынша көрсетіп тұрып ыржиды, сөйтті де қатарында тұрған кісінің иығынан қапсыра құшақтап алып, бар дауысымен барқ ете қалды.
– Иә, тамаша көрініс!
– Опасыз! Опасыз!– деп жиын-топ жарыса айқайлап, гүж-гүж етеді.
Жазаланатын адамның бет-жүзін мен тек сонда ғана дұрыстап көрдім. Биіктеу жерге шығарып, бағанға байлап тастапты. Күннің сәулесі тура бетіне түсіп тұрса да, көзін тайдырмай, дәп бізді мүсіркеп тұрған адамша миығынан күліп қарайды. Сол көзқарастан кейін мен өзімді біртүрлі ыңғайсыз сезініп қалдым.
Әбден ыза қылған итін тұра кеп құған адам ұқсап, дәл қазір байлауынан босап кетіп, бізге қарай тап беретін сияқтанып көрінді. Тап сол замат таңертең төсегімде жата бермегеніме өкіндім. Сол сәтте көзім кенет қырынбаған көршіме түсе кетті. Қылмыскердің күлімсірегеніне жауап қайтарғандай, тісін қышырлатып, кіжініп тұр екен. Соған көзім түсті де, өзімді қауіпсіз сезіндім. Мына ырызғысы таусылған адам алда-жалда бізге тұра ұмтылса, көршімнің мені қорғап қалары хақ-ты. Қылмыскердің бізге деген өшпенділігін, тәкаппар жымиысын қатты жек көріп қалдым. Өзін не күтіп тұрғанын қалайша білмейді ол? Бізге тап бір күзетші иттердің тобырына қарағандай қарайды.
Сағат тоғызға ауа бастаған кезде жиыннан шыдам кете бастады. Карабинерлер әлі келген жоқ болатын. Керме жіптен өтіп кетпесін деп бізді солдаттар мен полицейлер ғана бағып тұрған күн бірте-бірте көтеріліп барады, терге әбден малшындық. Ынтығуымыз мүлде шегіне жетті. «Сатқын! Сатқын!» – деген дауыстар да үдеп кетті. Аштық та қарнымызды қырнап барады. Қылмыскер болса әлі сол баяғы қалпынша жымиып қарайды. Мына көріп тұрғанның бәріне дән риза сияқты. Шамасы, карабинерлер әдейі кешеуілдеп жатқан болулары керек. Кейін бұл жайлы өсек қалада кең жайлыып кетсін деп, бізді әбден шыдамымыз таусылғанша ашындырмақ тәзірді. Аспанның таңертеңгі ашықтығы бүкіл сол күннің бұлтсыз болатынына кепілдік емес қой. Қазір, әне, аспан жиегінде бұлт белдеулері пайда бола бастапты. Бірақ ерекше шабытпен шыжғырып тұрған күннің көзін ол бұлттар әлі бүркей қойған жоқ. Біз де, тіпті, салқындықты керек етпедік. Жаңағы бұлт жолақтары аспанның жарасымды геометриясын бұзып жіберді. Батысқа қарай сырғып бара жатып, бұлт бізге көлеңкесін сәл бүгіп кетті. Жағдай насырға шауып бара жатты. Өлімге кесілген адамның қандай кінәсі бары ешөайсысымыздың есімізде жоқ. Бірақ бәріміз қан құмартып-ақ қажып біттік.
– Опасыз! Опасыз! – дегенді соза айқайлап, жиналған топ гүж-гүж етеді.
Қыдырма сатушының:
– Балмұздақ! – деген дауысы шықты.
– Кока-кола! – деді біреу қосанжарласып.
Саудагерлер мен қалтаға түсушілер уақыттарын еш жоғалтып жатпаған сияқты. Қырынбаған көршім қазір маған бұртиюын қойды. Бетінен аққан терін бес саусағымен сыпырып тастап, кенет ол тамағына сүйек тұрып қалған адамша қылғына кеп күлді. Бір балмұздақта ол екеуміз ортақтасып сатып алып жедік. Ақыры, түс әлетінде полицейлер мен солдаттар қол ұстасып, үстімізге жатып алып кеп өздеріне жол аша бастады. Әбден ес түсінен айырылғанша құтырынып, жарты айға ұқсап иіріліп тұрған біздің жиынның арасына он екі карабинердің сыналып кіргенін көзіммен көрдім.
– Түзу тұрыңдар, – деп бұйрық берді аға офицер. Бұрқ етіп қанымыз басқа тепті. Азап және он минутқа созылды. Әбден делебесі қозған жұрттың мәселені бітіріп, бір-ақ тынығармыз-ау деп күте-күте шыдамы таусылған болуы керек. Ауыстырып, салмағын екі аяғына кезек салады. Сөйтіп тұрғанымызда топтың ішінен кішкентай қыздың жылаған дауысы шықты. Жіптің астынан жүгіріп өтіп, әлгі қыз тура аға офицердің алдына жетіп барды. Қолына ұстаған бір шоқ гүлі бар. Қыздың жолын бір солдат бөгей беріп еді. Қылышын көтерген қалпы қозғалмай тұрған офицер оған қоя бер деп бұйырды. Дәл не дегенін анықтап ести алмадым. Өйткені өте алыста тұрғам. Қыздың енді аздан соң өлетін адамның қасына үрке жақындап, одан батырдың жүзіне сүйсіне қарап тұруына бар-жоғы, шамасы, бір-ақ минут кеткен шығар. Ойы басқаға бөлініп тұрғандықтан өлімге кесілген адам қызды тіпті байқамады да. Гүл ұстаған қызға көзі кенет түсіп кетіп еді, оның жүзіндегі өршіл күлкі әп сәтте қолмен сылып алғандай зым-зия болды. Қатты толқып кеткені білініп тұрды. Күбір етіп қызға бірдеме деді. Қыз қолындағы гүлін оның аяғының үстіне тастады. Қылмысты адамның басы сол кезде кеудесіне сылқ етіп түсті. Алыста тұрғандықтан мен жөндеп көре алмадым. Сонда да оның жаңағы жымиысының жай әншейін жасанды екенін, ондай қылықтың оған тек біздің қатыгез жүрегімізден қорғану үшін ғана керек болғанын қалтқысыз ұқтым. Ол көзіне жас алды. Ризашылық білдіргені ме, қапа болғаны ма, білмедім. Тек байқаным, жылап жіберіп, әлгі қыз қайта бұрылған кезде жиынның да көңіл күйі күрт өзгеріп сала берді. Әлдебір қасиетті нәрсенің шарпуы тигендей болып, жүрекке ауыр жүк шөге қалды.
Әйелдердің бәрі орамалдарын беттеріне басып алыпты. Біз ержүрек еркектер болсақ, тап бір команда бойынша істегендей-ақ бастарымызды төмен салып, бір-бірімзге тығыла түстік, ұялғандікі ме – кім білсін... мен өзімнің шегіншектеп, құйрығымды қысқан күйі үйіме қарай безіп бара жатқанымды бір-ақ байқадым.
Бәрімізді де әлдеқандай әбігерлік басты. Көршім тұмсығынан салып жіберген итше қайсақтап кетті. Маған әлдене айтпақ боп оқтала берді де, бәрібір еш жауап қатпасымды сезе қойып, түрпідей иегін қасыған күйі үндемей қалды. Істің ақырына қарайлағысы келмей тұр. Сірә, оның да жанды жеріне тиіп кетсе керек. Бірақ қашып кетуге кеш болды.
Гүрс ете қалды. Біз дәл уақытысында бұрылып үлгердік: Өз үлесімізді ақыры алып тындық. Сол үшін келдік қой мұнда. Бір жағында – қошқыл түтін, ешкінші жағында – шыланған қан мен құм.
Сақал-мұртын қырмай келген кісі менің қасымнан сонадай жерге ытып кетті. Сөйтті де, түскі тамақтан кешігіп қалмайын деген болуы керек, кері бұрылып алып зыта жөнелді.
Аударған: Б.Нұржекеев