Франц Кафка – ХХ ғасыр әдебиетінің тарихын жасаған ең атақты қаламгерлердің бірі. Одан кейінгі буындарда осы бір жұмбақ жанды жазушыдан оқып үйренбедім, шығармашылығынан тәлім алмадым деген қара сөз шеберлерін өте сирек кездестіресіз. Фолкнер, Хорхе Луис Борхес, Габриэль Гарсиа Маркес, Милорад Павич – Кафка прозасы әсер еткен қаламгерлер тізбегі осылай созылып кете береді.
Төмендегі күнделік ретінде жазылған диалогтар шын мәніндегі интервью жанрының талаптарына сай келмес, бірақ осы бір шағын диалогтардан Кафка әлемінің бұлыңғыр сұлбасы, оны мазалаған ойлардың легін аңғаруға болатын секілді. Бәлкім, осы бір шағын пікірлесулерде Кафка прозасы құпиясының кілті жатқан болар деп, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
(Франц Кафканың Густав Яноухпен әңгімелерінен)
Кафка. Сіздің өлеңдеріңізде қазірге шу көп. Бұл жастыққа тән құбылыс. Ол сіздің тұла бойыңызда әлі тепсініп жатқан бұла күштің көп екенін аңғартады. Әрине, былай қарағанда бұл шу әдемі-ақ, бірақ оның шын, шынайы өнерге ешқандай қатысы жоқ. Керісінше! Шу мәнерлілікке кедергі келтіреді. Әйтсе де, мен сыншы емеспін. Алдымен өзгенің ішіне кіріп кетіп, одан лезде өзіме орала алмаймын. Яғни, екі ортадағы арақашықтықты дәл басып айта алмайтындығым анық. Қайтадан айтайын, мен сыншы емеспін. Бар болғаны, жазаға кесілген һәм көрермен жанмын.
Яноух. Сонда төреші кім?
Кафка. Мен, рас, сондай-ақ сот қызметкерімін де, бірақ жоғары соттарды танымаймын. Шамасы, мен соттағы кішкентай ғана уақытша қызметкер болармын. Маған тіреліп тұрған ештеңе де жоқ. Тиесілі тек қасірет қана. Сіз қай уақытта жазасыз?
Яноух. Кешке. Түнде. Күндіз - өте сирек. Тіпті жаза алмаймын десем де болады.
Кафка. Түн – ұлы сиқыршы.
Яноух. Маған жарық, фабрика, үйлер, қарсыдағы терезе, бәрі кедергі келтіреді. Әсіресе – жарық. Жарық зейініңді алаңдата береді.
Кафка. Бәлкім, оның ішкі әлемнің түнегіне зейініңді салдыртқысы келмейтін болар. Адамға жарықтың үстемдігі жүріп тұрса ғана жақсы. Егер осы бір басымнан өткен, өтіп жатқан қорқынышты, ұйқысыз түндер болмаса мен ешқашан қолыма қалам алып жазуға отырмаған болар едім. Былайша мен әрдайым өзімнің жалғыздықтың түнеріңкі шырмау торына қамаулы екенімді түйсінем де тұрамын.
* * *
Кафка. Сіз ақынды табаны жерде тұрғанмен, басы бұлттардан ары асып кеткен ғажайып алып ретінде суреттейсіз. Әрине, тоғышарлық көзқарастың деңгейінен алсақ, бұл әбден таптаурын болған таныс образ, жаттанды бейне. Шындықпен ешқандай байлынысы жоқ құрғақ бос қиялдың тілегі, арманы. Ал шынтуайтына келсек, ақын дегеніңіз орташа деген адамнан анағұрлым ұсақ және әлсіздеу келеді. Оның мына жер беті тіршілігінің ауыртпалығын өзгелерден анағұрлым артық, анағұрлым ащылау сезінетіндігінің себебі де осыдан. Ол үшін оның өзі салатын ән – зар ғана. Суреткер үшін шығармашылық дегеніңіз оны жаңа қасіреттерге дайындайтын қасірет. Ол алып емес, бар болғаны жалғыз тіршілік кешу үшін торға қамалған ала қанат құс қана.
Яноух. Сіз де ме?
Кафка. Мен тіпті ұсқынсыз құспын. Мен – Кафкамын (чех тілінде ұзақ қарға дегенді білдіреді). Тайнхофтағы көміршінің сондай құсы бар. Сіз оны көре алдыңыз ба?
Яноух. Иә, дүкеннің маңында секеңдеп жүреді.
Кафка. Бұл туысқанымның жағдайы менікіне қарағанда бірқанша, тіпті анағұрлым жақсы. Рас, оның қанаты қырқылған. Мені болса бұлай азаптаудың тіпті де қажеті жоқ. Өйткені, менің қанаттарым әлдеқашан солып, қурап қалған. Мен үшін қашықтық дегеніңіз де, биіктік дегеніңіз де жоқ. Бар болғаны, адамдардың арасында үркектеп секеңдей беремін, секеңдей беремін. Олар болса маған сенімсіз көзқараспен, жақтырмай қарайды. Өйткені, мен қауіпті құспын ғой. Ұры қарғамын, ұзақ қарғамын. Әйтсе де, бұл былай алғанда ғана. Шынына келсек, менің әдемі, жылтырақ заттарға еш құмарлығым жоқ. Менде түндей қара жып-жылтыр қанаттың болмайтыны сондықтан. Мен күл секілді сұп-сұрмын. Яғни, тастардың арасында жасырынып қалғысы келетін ұзақ қарға деуіңізге болады. Әрине, бұл әзіл... Бүгін көңіл-күйімнің пәс екенін аңғарыңыз деп жатқаным ғой.
* * *
«Көмір салушы» хикаятының чех тілінде Милена Есенскаяның аудармасымен шығуына байланысты
Яноух. Хикаятта жарық пен көтеріңкі көңіл-күй басым. Ол туралы тікелей айтылмағанымен махаббатқа да көп орын берілген.
Кафка. Бұл хикаятқа емес, хикаяттың объектісіне, жастыққа ғана тән. Ол күн сәулесі мен махаббатқа толы. Жастық әдемілікті көре алатын қасиетке ие екендігімен бақытты. Бұл қасиет жоғалған күні қартаю, солу, бақытсыздық басталады.
Яноух. Демек, қарттыққа ешқандай бақыт, қуаныш сезімі деген тән болмағаны ғой? Қарттық бақыт атаулыны сызып тастайды?
Кафка. Жоқ. Керісінше, бақыт қарттықты сызып тастайды. Әдемілікті көре білу қасиетін жоғалтпаған жан қартаю дегенді де білмек емес.
Яноух. Демек, «Көмір салушы да» сізді жап-жақсы һәм өте бақыттысыз деуімізге болады ғой?
Кафка. Бір кезде басыңнан өткен, ендігі алыс дүниелер жайлы жақсы айтылады. Мұнда да солай. «Көмір салушы» - әлдебір кезде көрген түсім туралы естелік. Ал ол түс болды ма, ол жағы тағы белгісіз. Асылы ешқашан болмаған болар. Өйткені, Карл Россман (хикаят кейіпкері) еврей емес секілді. Біздер, еврейлер болсақ, туғаннан ақылы қудай қария болып дүниеге келеміз ғой.
* * *
Яноух оқуға сатып алған бір бума кітапты көргенде болған әңгіме
Кафка. Сіз бір күндік дүниелерге көп уақыт бөлесіз. Бұл жарамайды. Бұл кітаптардың көпшілігі – бүгінгі күннің болар-болмас жылтыраған ұшқындары ғана. Олар тез өшеді. Сізге, керісінше, ескі кітаптарды көп оқыған жөн. Классиканы, Гетені оқыңыз. Мәңгілікке таласа алатын қасиет – көне дүниелерден аңғарылады. Ал жаңа дегеніңіз өтпелі, сырғымалы ғой. Бүгін әдемі, сұлу көрінгенмен, ертең бар кем-кетігі менмұндалап шыға келеді. Әдебиеттің жолы осындай.
Яноух. Поэзия ше?
Кафка. Поэзия өмірді жаңғыртады. Кейбір ретте бұл бұдан, прозадан да сорақы.
* * *
Үндінің «Бхавадгита» діни кітабы жайында
Кафка.Үнді дініне қатысты кітаптар мені бір жағы қызықтырады, бір жағы үрейлендіреді. Олар есірткі секілді. Таң-тамаша етіп басыңды айналдыруы да, есіңнен тандыра қорқытуы да мүмкін. Осы бір йог дегендеріңіздің бәрі өмірді оған деген шынайы сүйіспеншілігімен бағындырған жандар емес, керісінше үнсіз, салқын жеккөрінішімен оны талақ ету арқылы мойынсындырғандай. Үнді діни жаттығуларының негізінен терең, өткел бермес пессимизм жатыр.
Яноух. Шопенгауэр үнді діни философиясымен шұғылданды емес пе?
Кафка. Шопенгауэр – тілдің шебері. Оның ойлау жүйесі де осы шеберлігіне тәуелді. Шопенгауэрді оқу керек болатын болса, тек тілі үшін ғана оқыған жөн.
Жалғасы...
Аударған: Әмірхан Балқыбек
Сурет: proza.ru