Басы
Экспрессионист ақындардың жыр жинағына байланысты
Кафка. Кітап мені мұңға орады. Бір қарасақ, ақындар адамдарға достық құшағын айқара ашып жатқан секілді. Бірақ адамдардың көретіні ашық құшақ емес, жүректі, көзді нысанаға алған тас-түйін жұмылған жұдырықтар ғана.
* * *
Жас жазушы хақында
Кафка. Мен жастарға қызыға, қызғана қараймын.
Яноух. Өзіңіздің де қартайып тұрғанығыз шамалы ғой.
Кафка. Мен Ажалсыз жөйт секілді кәрімін... Осы жерде сізді қорқытып алдым-ау деймін. Ал менің тек әзілдегім ғана келген болатын. Бірақ мен расында да жастарға қызғанышпен қарайтынымды жасыра алмаймын. Адамның жасы ұлғайған сайын оның білетіні де көбейе бермек. Ал мүмкіндігі сарқылған үстіне сарқыла түседі. Ақыр соңы соңғы көз салыс, соңғы дем қалады. Шамасы, осы сәтте адам бүкіл өмірін тұтасымен қайта көз алдынан өткізетін шығар. Алғашқы және соңғы рет.
* * *
Яноухтың портфелінен детектив романды көріп қалғанда болған әңгіме
Кафка. Сізге мұндай кітапты оқығаныңыз үшін ештеңеден қысылудың жөні жоқ. Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасы» да, шынтуайтына келсек, детектив роман. Ал Шекспирдің «Гамлеті» ше? Бұл детектив пьеса. Қимылы жайлап-жайлап барып ашылатын құпияға құрылған. Бірақ ақиқаттан артық құпия бола ма? Өнер дегеніміз әрдайым ақиқатты ашуға жіберіліп жатқан экспедиция ғана.
Яноух. Ал ақиқат дегеніміз ше?
Кафка. Сіз мені сөзден ұстап алған секілдісіз. Әйтсе де, бұл былай емес. Ақиқат – бұл әрбір адамға өмір сүру үшін керек, бірақ ол ешкімнен сұрап не сатып ала алмайтын дүние. Әр адам оны үздіксіз өзінен тудырып отыруы тиіс. Әйтпесе ол қаза табады. Ақиқатсыз өмір мүмкін емес. Бәлкім, ақиқат дегеніңіз өмірдің өзі болар.
* * *
Ішінде Пикассоның кубистік натюрморты және аяқтары үлкен қызғылт әйелдер бейнеленген картиналары бар француз сурет өнерінің көрмесінде болған әңгіме. Яноух Пикассоны «қиялын желік билеген қалып бұзғыш» атайды.
Кафка. Мен бұлай ойламаймын. Ол, бар болғаны, біздің санамыз әлі дәл танып білмеген жарымжандықты көрсетіп отыр. Көркемөнер – айна, кейде оның да сағат секілді «уақыттан алға озып» кететіні бар.
* * *
Соғыстан кейінгі уақытта жиі өткізіліп кеткен халықаралық конференциялар жөнінде
Кафка. Бұл үлкен саяси басқосулардың деңгейі кафедегі кәдуілгі кездесулердің ар жақ-бер жағында. Адамдар барынша аз айту үшін қолынан келгенше барылдап айқайлауға тырысады. Бұл өте шулы үнсіздік. Шын мәнісінде бағаға біз ештеңе біле бермейтін сахна сыртындағы келісімдер ғана ие.
Яноух. Сіздіңше, баспасөз ақиқатқа қызмет етпейтін болғаны ма?
Кафка. Ақиқат ешқандай сатып алуға болмайтын шын мәнісіндегі ұлы ап-азғантай өмірдің құндылықтарға ғана қатысты. Адамдар оларды махаббат пен әдемілік секілді сыйлыққа алады. Газет дегеніңіз болса сатуға, сатып алуға болатын тауар ғана ғой.
Яноух. Демек баспасөз адамзатты топастандыруға қызмет етеді ғой.
Кафка. Жоқ, жоқ! Бәрі, оның ішінде өтірік те бар, ақиқатқа қызмет етеді. Көлеңке ешқашан күнді өшіре алмайды.
* * *
Г.Яноух Кафкаға Винсент Ван Гог картиналарының көшірмелерін көрсеткенде болған пікір алысу
Кафка. Күлгін түсті түн құшағында кафенің маңындағы мына бақ қандай әдемі. Басқа картианалар да тамаша. Бірақ мына бақтың мені таң қалдыруы ерекше. Сіз оның суреттерін білесіз бе?
Яноух. Жоқ. Білмейді екенмін.
Кафка. Өкінішті. Олар «Жындыханадан жазылған хаттар» кітабында келтірілген. Сізге күндердің күнінде бұл кітапты парақтаудың сәті түсер. Менің дәл осылай сурет салғым келген. Мен қазірде әрдайым сурет салуға тырысамын. Бірақ жөн-жосықсыз бірнәрселер шығады. Оларым иероглифтерге ұқсап кетеді де, кейін өзім де не дегім, не салғым келгенімді есіме түсіре алмай дал боламын.
* * *
Бір газетте Еуропадағы бейбітшіліктің болашағы түнеріңкі екені туралы айтылады
Яноух. Бейбітшілік келісіміне қол жеткізілді емес пе?
Кафка. Түпкілікті шешілген ештеңе жоқ. Авраам Линкольн айтқандай, бәрі әділетті реттелмейінше, ештеңе де түпкілікті реттелмек емес.
Яноух. Бұл қашан болады?
Кафка. Кім біледі? Адамдар Құдай емес. Тарих кез келген болмашы сәттің қателігі мен қаһармандығы арқылы жасалады. Өзенге тас лақтырсаңыз, су бетінде шеңберлер пайда болмақ. Бірақ адам біткеннің көбісі болашақ үшін өз жеке басына артылған жүктің салмағын сезіне бермейді. Меніңше, барлық қасірет-қайғының түп-тамыры осында.
Яноух. Макс Хельц турасында не айтар едіңіз (1920 жылы орталық Германияда болған жұмысшылар қарулы көтерілісінің басшысы)?
Кафка. Жақсылыққа зұлымдықпен қол жеткізу деген мүмкін нәрсе ме өзі? Шынтуайтында, тағдырға қарсы тұрғысы келетін күштің өзі әлсіздік. Өзіңде бардың бәрін беріп, тағдырдың барлық соққысын қабылдауға дайын жан одан анағұрлым қуатты. Бірақ мұны Маркиз де Сад түсіне алмайды.
Яноух. Маркиз де Сад дейсіз бе?
Кафка. Иә, Маркиз де Сад, маған сіз өмірбаянын оқуға берген, шын мәнісіндегі бүгінгі күннің жарылқаушысы... Ол өзгелерді қасіретке бөктіру арқылы ғана өзін бақытты сезіне алады. Бұл – байлардың мерекесі кедейлердің көз жасымен өткізілетіні секілді қасіретті шындық.
* * *
Қолдарына ту, плакаттар ұстап жиналысқа кетіп бара жатқан бір топ жұмысшыларды көргенде болған пікірлесу
Кафка. Мына адамдар өздеріне-өздері нық сенімді, батыл да көтеріңкі көңілде. Көшені ғана басып алған олар әлемді басып алдық деп ойлайды. Бірақ олар қателеседі. Қазірдің өзінде олардың артында хатшылар, шенеуніктер, кәсіпқой саясатшылар – бұлар билікке баратын жолды жасап беретін бүгінгі күннің сұлтекештері тұр.
Яноух. Сіз көптің күшіне сенбейсіз бе?
Кафка. Мен қалыпқа түспеген, икемге келмейтін адуын күшті ғана көріп тұрмын. Ал ол күш біреудің игенін, қалыпқа салып ауыздықтағанын қалайды. Кез келген шынайы революциялық процесстің соңын ала қандай да бір болмасын қожайын Наполеон Бонапарт шыға келеді.
Яноух. Сіз орыс революциясының ендігі жердегі дамуына да сенбейсіз бе?
Кафка. Тасқын нөпір алысқа жайылған сайын суы саяздап, лайлана береді. Революция бу болып ұшып кетеді де, соңында жаңа бюрократияның сасық иісі мұрын жаратын батпағы ғана қалады. Азапқа бөккен адамзаттың бұғауы канцелярияның қағаздарынан жасалған.
* * *
Бодлер жайлы
Кафка. Поэзия – дерт. Сосын, ыстықты түсіру дегеніңіз сауығу дегенді білдірмейді. Керісінше! Ыстық тәнді тазалап, сананы сәулелендіреді.
* * *
Яноух Кафкаға Лейпциг баспагері Курт Вольфтың таңертеңгі сағат сегізде Рабиндранат Тагор шығармаларының аудармасын кері қайтарғандығы, екі сағаттан кейін Тагорға Нобель сыйлығы берілгенін естіп, қолжазбадан айырылып қалмас үшін баспа редакторын жүгірткізгені туралы әңгімелейді.
Кафка. Оның қолжазбаны кері қайтарғаны қызық екен. Өйткені, Тагор Курт Вольфтен онша алыс емес қой. Үндістан – Лейпциг, бұл тек былай қарағанда ғана біраз қашықтық болып көрінуі мүмкін. Ал шындығына келсек, Тагор дегеніңіз үндіше киініп алған неміс қана.
Яноух. Бәлкім, ұстаз болар?
Кафка. Ұстаз? Жоқ, бұл емес, бірақ ол Рихард Вагнер секілді саксондық бола алар еді.
Яноух. Яғни, ешқашан су болмайтын пальто киген атышулы мистик дейсіз ғой.
Кафка. Иә, осы шамада.
Аударған: Әмірхан Балқыбек
Сурет: grafixcrush.com