- Негізгі бет
- Аударма
- Қазақтың тазысы...
Қазақтың тазысы
Стефан Бодио – АҚШ-тың танымал жазушы-саятшысы. Ол өзінің Eagle Dreams: Searchіng for Legends іn Wіld Mongolіa («Қырани армандар: жабайы Моңғолия аңыздары жолымен») атты еңбегінде бала күнінде Natіonal Geographіc журналынан баcында тымағы, үстінде шапаны, қолына қыран құсты қондырып тұрған қазақ бүркітшісінің суретін көргенін жазыпты. Бұл бүркітшінің бала Стефанға әсер еткені сондай, ол өмірлік мақсаты ретінде – Орталық Азия, Сібір, Моңғолия мен Қытайдың саятшылық өнерін зерттеуге бір-ақ бұрады. Көшпенділер өркениетімен танысқан зерттеушінің аңшылық өнерге құмары ерекше артады. Төменде автордың қазақ тазысын қалай АҚШ-қа апарып, жерсіндіргені жөнінде жазған мақаласын аударып, жариялап отырмыз.
Мен алғаш «Тазы» деген атауды осыдан он жыл уақыт бұрын Иранда өмір сүрген неміс әйелдің аузынан естідім. Ол бұл сөзді менің Луна атты салуки тұқымдас итіме қарата қолданған еді: «Не деген әдемі тазы!»
Сол уақытта мен бұл сөздің тек иттердің аймақтық, яғни парсы тіліндегі атауы шығар деп қойғанмын. Алайда біршама уақыт өткен соң маған орыс достарым Орталық Азиядағы «салукилердің» Қазақстанда бүркіттің көмегімен түлкі аулап жатқандары бейнеленген таспаны көрсетті. Бұл оқиға Ресейде болғанымен, бейнефильмдегі көрініс – биік қыраттар мен таулар менің туған өлкем – Нью Мексиконы есіме түсірді. Ал аңға шығып жүрген иттер менің салукилеріме өте ұқсас келеді екен, тек артқы аяқтарының түгі ұзындау әрі қалыңдау көрінді.
Қазақ тазылары менің құмарлығымды бірден оятты. Менің соңғы салукиім тоқсаныншы жылдардың басында-ақ өлген болатын. Ал мына тазылар біздің өлкенің ауа райына тез-ақ бейімделіп кететіндей көрінді. Өйткені Нью Мексиконың табиғаты мен таспадан көрген қазақ даласына өте ұқсас келеді. Демек, маған керегі дәл осы ит тұқымдастары деп шештім. Оның үстіне, жақсы аңшы салукилерді табу өте қиын шаруа.
Ақыры, қазақ тазыларына деген құмарлық мені батыл қимылдарға итермеледі. Ғаламтор арқылы қажетіңді іздеп табу бүгінде оңайлаған, мен де соның көмегіне жүгіндім. Тазыны іздеу барысында Финляндияда тұратын Сари Мантила есімді азаматпен және Украинадағы «Натуралист» интернет-журналының редакциясымен байланысқа шықтық. Сари біздің сұрауымызға орай жауабын лезде-ақ берді. Оның жазуынша, Санкт-Петербург қаласында тазының екі тұқымдасын асырап жатыр екен. Бірі – қазақ, яғни таулық тұқымдастары болса, екіншісі - түрікмен тазылары екен. Оны басқаша шөл дала тазылары деп атайтын боп шықты. «Қазақ тазылары ірі әрі мықты, бас сүйегі мен құлақтары үлкен және аяқтары қалың түктес келеді», – деп жазды Сари.
Нью Мексиконы көп адам ауа райы ыстық штат деп ойлағанымен, шын мәнінде, оның климаты құрғақ. Біз теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте өмір сүреміз, ол тау оңтүстікке қарай 3500 метрге дейін созыла биіктей береді. Мұнда көктем ыстық, желді әрі құрғақ. Температура 35 градусқа дейін көтеріледі. Ал, негізінен, шілдеге тап келетін жаңбыр алқапты суарып, ыстығын басып, біршама жасылдандырып кетеді. Дегенмен, қазан айы туысымен ызғар біліне бастап, көп ұзамастан-ақ жерді қалың қар басады. Қаңтар айында температура – 20 градусқа дейін төмендейді.
Биік таулардың бәрі қарағайлы орманмен көмкерілген. Дегенмен құрғақ жайылымдар мен арша өскен ашық ормандар да кездеседі. Қарап отырсаңыз, Қазақстан табиғатынан айырып алар ештеңесі жоқ. Осы атырапты қояндар мен түлкілердің бірнеше түрі мекен етеді. Сондай-ақ қасқыр, борсық, бөкендерді де кездестіруге болады. Осы жағдайлардың бәрін ескере келе, біздің таңдауымыз қазақ тазыларына түсті.
Сари жазған хаттармен қатар, украиналық «Натуралист» журналының тілшісі Сергейдің жазған мақалаларын да тамсанып оқып жүрдім. Әсіресе, оның тұмсығы қара түсті келген Қабылан атты ұрғашы тазысы қатты ұнады. Түрі барысқа келетін, тұмсығы қара иттерді АҚШ-та кездестіру мүмкін емес, сондықтан, бұл түстес тазы асырау біз үшін үлкен мәртебе болар деп санадық. Сергейге хат жазып едік, 2001 жылы ол өзінің тазылары жайлы баяндап, жауап жазып жіберді.
«1995 жылы мен Оңтүстік-шығыс Қазақстаннан Киевке екі тазы әкелдім. Өзім қазақ даласының Жетісу жерінде 1970 жылдан бері мекен еткенмін. Бүкіл өмірім сол тазылармен байланысты. Олармен үнемі аңға шығатынмын. Қос тазымнан бөлек тұйғыным бар болатын, ол көзіне іліккен қоянды аман қалдырмаушы еді. Кейін түлкі, қарақұйрық, жабайы мысықтар, қабан, тау ешкісі, борсық және өзгелерге де аңға шығуға машықтанып алды. Қазақ тазылары – аңшылық ит атаулыларының ең мықтысы десе болады» деп жазған Сергей Қабылан мен Аққұс атты тазыларының қыста күшіктейтінін жазды. Біз тағатсыздана күтумен болдық. Ақыры, 2002 жылдың 17 ақпаны күні Сергейден қысқа хат келді: «Қабылан күшіктеді. Күшіктерінің бірі анасына ұқсас – барыс жүнді, қара тұмсықты. Сіз күшік сатып алу ойыңыздан айнып қалған жоқсыз ба?»
«Әлбетте, жоқ» еді, біздің жауабымыз. Осы күнді көптен күтіп жүрдік қой. Сергейге қысқа хабарлама жазып жіберіп, жолға дайындала бастадық. Логистика өте қиын еді. Алғашқыда Сергей күшікті Финляндияға жеткізіп берсе, біз сол жерден алып кетерміз деп шештік. Алайда бұл мүмкін болмайтын болды да, екі ай бойына Магдалена – Киев – Хельсинки арасында толассыз электронды хат жолданып жатты. Мәселе жалғыз нәрсе – күшікті қалай АҚШ-қа жеткізе аламыз? Ақыр аяғы Микола Руд есімді азаматтың көмегімен біз жаңа жоспар әзірледік. Күшік Киевтен Амстердамға, ол жақтан Лос-Анджелеске ұшатын болды. Мен сол жерден күтіп алып, үйге алып кететін болып келістік. Бұл уақытқа дейін Сергей апта сайын күшікті суретке түсіріп, маған жолдап отырды.
Расы керек, күшік өте сүйкімді болатын. Өскен сайын денесі салмақтанып, бітім-болмысы аңшы итке лайықтанып келе жатқанын суреттен-ақ анық аңғаруға болатын. Күшікке Киевте-ақ ат қойылып қойды. Қазақтың «Лашын» деген аты берілген екен. Сергей тазыға құс атауын жүйріктігіне қарап беріпті. Мен бұл сөзді Моңғолияда мекендейтін қазақ ауылдарына барған кезімде алғаш естіген едім.
Әйтеуір, Лашынды күтіп алатын күн де жетті. Біздің мекеннен Лос-Анджелеске дейінгі жолдың өзі 2 күн уақытты алады. Оның үстіне, жол шөл дала арқылы өтеді, ал күн болса ми қайнатарлық. Бақытымызға орай, көлігімізде желдеткіш бар болатын. Біз Лашынды күтіп алуға өзіміз ғана емес, екі қыран құсты және қоян аулап әдеттеніп үлгерген «Пламмер» атты итімізді де ертіп шықтық. Қайтар жолда Лашынның аңшылық қасиетін сынап көрмек ойымыз бар. Әрине, Сергей оны ешқандай өнерге баулымағанын жазған, алайда нағыз аңшы иттері табиғатынан бұл іске бейім келетінін естуші едім. Мені, қызықтырған нәрсе, міне, осы болды.
Бақытымызға орай, сапарымыз оқыс оқиғасыз болды. Құстар мен итті бір көлікте тасымалдау, негізі, дұрыс емес. Өйткені біреуі жолды көтере алмай ауруға шалдығып қалар болса, дерт лезде өзге жануарларға жұғып кетуі мүмкін. Бірақ мұндай қиын жағдай орын алмады.
Ұшақ Лос-Анджелеске таңертең қонғанымен, құжаттарды рәсімдеу ұзақ уақыт алып, тек кешкі 17-50-де ғана күшікті көру бақытына ие болдық. Тор себетте жаңа адам, жаңа мекеннен үрке қарап тұрған күшікті жұмсақ қана «Лашын» деп шақырдым. Оның бұдан басқа бірде-бір сөзімді түсінбесін де білдім. Десе де орыс тіліндегі өзім білетін бірнеше сөзді қайталай бердім. Мүмкін, бұл сөздер оған таныс боп қалар деген үмітпен. Менің таң қалысыма орай, Лашын себеттен ытқып шығып, менің қолыма асылып секіріп берді. Құдды ендігі қожайыны мен екенін сезінгендей. Мен оны көтеріп көлікке мінгізіп ем, аяғымның арасына оралып жатып алды. Бұған дейін мен асыраған бірде-бір ит салған жерден мұндай достық пейілін танытпаған еді. Лашынның жаңа мекенге үйренісуі үшін біз Лос-Анджелесте бірнеше күнге аялдап қалдық. Бұл күндерде Лашын жаңа қожайыны мен, тек қана мен екенін анық түсініп үлгерді. Алғашқы 4-5 күн бойы менің қасымнан екі елі ұзамай қойды. Тысқа шықсақ, құдды мойнына қарғыбау салынғандай, соңымнан ереді де жүреді, үйге кірсек, арқасын маған жанап жатып ұйықтайды. Тіпті жуынып жатқанымда да, жуынатын бөлмеге басын кіргізіп қойып жатып алатын.
Алайда бұл әдеттің бәрі үш-төрт күннен соң үйге қайтқан соң басылды. Лос-Анджелесте жүргенде мені басқа ит пен құстардан қызғанып, шабуылдап жүрген Лашын менің фермамда олардан әлдеқайда көп жануарлар барын байқап, сабасына түссе керек. Әйтеуір көп ұзамастан-ақ, енді бір төсекте жатпайтынымызды түсінді. Лашын үй кептерлерімен тез-ақ «достасып» кетті. Алайда ол құстарды өзінің жолдастары емес, азық деп түсінеді. Қанша уақыт өтсе де, бұл әдетінен айықтыра алмай қойдық. Сірә, бұл да қазақ тазысының аңшылық инстинкті болар. Сондықтан кептерлер аулада Лашын жүрсе, кепелерінен шықпайтын боп алды. Сергей өз хатында «Лашынды ерте жастан қыран құстармен бірге баулып үйрету керек. Әйтпеген жағдайда ол құстарды аңшы емес, жемтік ретінде көретін болады» деп ескерткен. Айтқаны айдай келді, Лашынды қырандарға қосып, баулимын дегенше, бірнеше кептердің басын жұлып үлгерді.
Дәл осы Лашынша құс аулай алатын жалғыз итім салуки тұқымдасынан болатын. Алайда ол бұған есейіп, біраз тәжірибе жинағаннан соң ғана машықтанса, қазақ тазысы оған табиғатынан бейім екенін аңғартты. Оның аңшылық инстинктінің күштілігі сол, жемтік көрсе, өзін тоқтатуы қиын. Соған орай, Лашын кептерлерімді аяусыз өлтіріп жатқанда, құсты қанша аяғаныма қарамастан, тазыға ешқандай ашу блдіре алмадым. Өйткені тазы – табиғатынан жыртқыш жануар. Тазы асырап-бағушылар жақсы білуі қажет, бұл жануар күшік кезінен-ақ талағыш келеді. Соған орай Лашынға біз қойған алғашқы ат – Шреддер (қағаз жоятын аппарат атауы) болды.
Оның аузына түскен заттың аман қалуы мүмкін емес. Ойыншықтар, құстардың томағалары, доп, аяқ киім, тіпті бұған дейін он шақты иттің аяғы боп келген пластмасса ыдыстың өзін тістеп, ұнтап, әбден ұсақтап тастады. Бірақ соған қарамастан, тазылар өте сезімтал келетінін аңғардым. Бір жолы оған мән бермей, итеріп тастаған сәтімде қатты материал саналатын бонзай ағашын 15 минут ішінде уақтап, теріс қарап жатып алды. Қызығы, ол әлі күнге дейін өзін менің «қызым» ретінде санайтын сияқты.
Лашын таза аңшылық ит екенін көп ұзамай дәлелдеп берді. Бар болғаны төрт айында алғашқы қоянын ұстап, рекорд жасады. Қанша ит асырасам да, дәл мұндай ерте жасында аң аулаған бірде-бірі жоқ болатын.
Лашынның ерек қасиеті сол, жемтік таңдамайды. Жүгірген қоян болсын, төмен ұшқан құс болсын, атылып тұрады. Ешқандай қорқыныш жоқ, үнемі тек алға ұмтылады. Мен оған «қолға үйретілген жыртқыш» деп баға беремін. Қазақ тазысынан асқан талантты аңшы ит көргенім жоқ. Лашынды Америкаға әкелу қанша қиын болса да, оған қанша шығын кетсе де, ол соның бәрін ақтады деп есептеймін.
«Бүгінде Лашыннан тараған тазылардың саны жиырмадан асады. Қазақ тазысы болғандықтан, олардың көбісіне қазақ есімдерін бердік. Сұңқар, Жеңіс, Жел, Қыран, Бүркіт сынды. Ал Лашыннан туған жалғыз ұрғашы күшікке сол уақытта классикалық музыканың үздігі Лариса есімді қыздың құрметіне орай осы атты еншіледік».
(Стефан Бодионың жеке блогынан)
Аударған: Нұрболат Аманжол
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina