Сузуки Астория (Жапония)
Ол есіктен кіре бергенде, үйден ақ басты шал шыға келді. Тауар таныстырушы жігіт иіліп, тағзым ете сәлемдесті.
– О-о-о, қайтып келдің бе, айналайын! Ақыры қайтып келдің-ау! – деген шал, - кемпір, тез бері қарай шық, ұлымыз қайтып келді, Иочи қайтып келіпті. Салтанаты келіскен жігіт болыпты! – деп айғай салды. Қартаң әйел жығыла-сүріне үйден шықты. Тек қана «Иочи» деп айғай салды да, аузын баса қойды, көздерін жыпылықтатып, ештеңе дей алмай қалды. Зат таныстырушы жігіт сасқалақтай енді ғана «Мен...» деп бергенде, шал басын шайқап: «Сөзің болса, артынан айтарсың. Тез үйге кір, үйіңді ұмытпағаныңның өзі үлкен олжа. Сен аяқ астынан жоғалып кеткенде мектептің алтыншы сыныбында ғана оқушы едің. Мен сені сөзсіз қайтып келеді дейтінмін. Сондықтан, мына көне есікті де қозғамадым, бұрынғы беті орнында тұр. Содан бері сені күтіп жүрміз ғой!» деді.
Тауар таныстырушы мұның соңын енді күте беруге төзімі қалмай, үйден қашып шықты. Шал мен кемпірдің айғайлаған дауыстары құлағының түбінде жаңғырып қалып қойды.
«Жалғыз ұлдарынан айырылып қалған болды ғой. Қатты қайғырған қарт адамдар ақыл-естерінен адасып қалған-ау шамасы! Байқұстар-ай деші!» деп ойлады жігіт.
Ол осыны ойлай-ойлай компанияға қайтып келді. Жұмыстағы үлкендерге болған жайды баяндады. Олардың жасы үлкені: «Саған ертерек ескертсек болғандай екен. Ол бір өте бай, ауқатты отбасы. Үйде тек шал мен кемпір ғана тұрады. Үйде жабығып зеріккен соң сен сияқты зат тасушы, таныстырушыларды кейде осылай келеке етеді» деді.
«Алданып қалған екенмін ғой! Жарайды, мен ертең тағы барайын, олардың ұлы болып жасанып, ықтарына жығылайын, сонда қайтер екен?!» деді жігіт.
«Қой, қой болды, бұл жолы олар қызымыз қайтып келді деп, қыздың киімін алып келіп саған кигізеді. Сосын, тағы да қашып құтылатын боласың» деді олар.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз