Адабракедегі автобус станциясына тақау жерде такси аялдамасы бар. Онда ине-жіптен жаңа шыққандай етіп, жалтырата жуылған желжетпес «морис-оксфорд» жеңіл машинасымен қатар, ыстық күн аптабына мүлгіген «зефирлер», «мерседестер», «симкилер» және «волволар» да толып тұрады. Тіпті номеріне дейін жалт-жұлт еткен «оксфордқа» қарай беттедім. Креслосына қаптаған жаңа былғарының сықырлап тұрғанынан артық жаным сүйер нәрсе жоқ!
Менің жақындай бергенімді байқаған айдаушы өзіндей серіктерімен әжіл-күжіл әңгімесін тастай бере, машинасына қарай жүгірді.
– Еһе, жолың болды, Джентльмен! – деген жігіттер оның соңынан кәукілдеп жатты. Ол достарына қарап күлімсіреді, бас бармағын жоғары көтеріп, әлдене деді. Содан кейін жылдамдай жүріп кеп рульге отырды да, арт жақтағы кабинаның есігін ашып:
– Қалай қарай жүруді бұйырасыз?– деп сыпайы ғана сұрады.
– Корле Буға дейін қанша аласыз?
– Үш шилинг.
Аккр таксилерінде қанша жүргенін көрсететін есепші касса жоқтығын пайдаланып, кейбір шофер клиенті баратын жеріне жеткесін ойына келген бағасын айта салатыны болады. Сондай қолайсыз болып қалмауы үшін, қашанда қанша төлеу керек екенін алдын ала сұрап алған жөн. Содан кейін алаңсыз жұмсақ арқалыққа сүйеніп, желжетпестің құстай ұшқан жүрісіне насаттанып отыра беруге болады.
Менің назарым аспаптар панеліне көк, қызыл және жасыл түсті әріптермен соншалық мұқият, тәптіштеп «Джентльмен» деп жазылған жазуға ауды. Аңғырттық жасағанымды біле тұра, мен шоферден түк түсінбеген, аңғал дауыспен:
– Сізді неге Джентльмен дейді?– деп сұрадым.
Оны ренжітіп алар ма екенмін деп қауіптенгенім бекер боп шықты. Қайта, ол жолаушыларымен тіпті сондай көңілді сөйлеседі екен.
– Тілесеңіз тоқтайын. Сыртқа шығып қараңыз. Бұл қалада менің машинамдай таза машина жоқ екеніне сонда көзіңіз жетеді.
– Иә, мен оны аялдамада анықтап көргенмін. Тап-таза машина күнге шағылысып жарқырап тұр екен. Басқаны емес, мен осыны таңдадым.
– Солай ма? Онда неге сұрайсыз? Машинам тап-таза боп тұруы үшін, мен еңбегімді аямаймын. Оны өзіңіз де көріп тұрсыз ғой.
– Сіздің лақап атыңызға мұның қандай қатысы бар? Машинаңыз тіпті жап-жаңа. Тви тілінде «фофоро е фе» – «Күллі жаңаның бәрі, әрі сұлу, әрі әдемі» деген мақалды білесіз бе?
– Ақиқат. Тек, ескі машинаның өзі де менің қолымда жайнап шыға келетініне күмәнданбауыңызға болады. Аккрліктердің кез келгенінен сұраңыз. Ішкі істер министрлігінің жарлығынан әлдеқайда бұрын-ақ мен крахмалданған жағалы көйелк киіп, мойныма галстук тағып жүргенмін. Он жылдан бері таксиде шофер боп істесем де, әрқашан киетінім ақ жейде. Менің шалбарымды мақтадан немесе зығыр маталарынан шығар дегендер қателеседі. Тза жүннен тоқылған, көйлегім де жоғары сапалы териленнен, оларды өтектеп жатудың қажеті жоқ. Жағасы алмалы-салмалы, әр күні өзгертіп тұрамын.
Ол маған еңкейіңкіреп аяғындағы жеңіл кебісін көруді өтінді.
– Италияның «Болли» фирмасынікі!
– Бірақ та, достым, – деп үн қаттым, – жақсы киініп жүру, ұқыпты болумен іс бітпейді! Джентльмендер өзгелерге тамаша үлгі көрсете алатын, мейірімді, сезімтал-сергек, жылы жүректі адам болуы керек.
– Мырза,– деді ол алақанымен қолында ұстап отырған барабанды қағып қалып. – Сіздің бұл айтқандарыңыз мүмкін, ағылшын, америкалық, еуропалық басқа мемлекеттер үшін дұрыс шығар... (Оның геграфиялық біліміне ішім жылып кетті). Біздің Ганада барлығы керісінше. Кімнің үлкен автомобилі, қымбат бағалы костюмі және жеке меншікті үйі болса, кім шет елдерге барып қайтса, соны джентльмен деп атайды. Ауа айналып жерге түскендей ыстық күндерде үстіне қаусырмалы пенжак, шалбар, желетімен немесе тіпті менің Англияға барып қайтқанымды жұрт көрсін деп пальто киіп, кербезденіп жүрсе бітті – оны джентлбмен деп түсінеді. Олар тіпті өз елдерінде жүріп: «Сендердің мына шаң басқан жолдарың сондай жиіркенішті»,– деп мұрнын тыржитады. Байқасыз ба, «Сіздердің» дейді. «Ағылшын елінде де осындай ма екен? Ағылшындарда сұның өзі әлдеқайда жақсы! Тап осындай сасықтарға мына көршілес Нигерияға барып қайтса да бітті, бүкіл Еуропаны аралап келгендей түр көрсетеді. Тек джентльмен атанығсы келіп, ойына келгенін істейді. Ондай джентлбмендердің құны көк тиын. Шындығында олар Ломеден бөтен ешқайда шығып көрмеген, такси айдауды ғана білетін шофер менімен теңесе алар ма екен?
– Сіз тек шет елдерде болғандар жайлы ғана айтып келесіз. Ал әлгі өзіміздің қолтума джентльмендер ше? Олар несімен жақсы?
– Оларыңыз аналардан да сорақы. Қыздарға жақсы көріну үшін, шетелдіктерге барлық жағынан өлеміте еліктейді. Шет ел адамдары қандай болатыны жайында түбегейлі дәнеме білмейтін нағыз ақымақтар. Жексенбі күндері кешке қарай Аккрдың орталығында серуендеп жүріп еркектердің не істегенін бағдарлаңыз. Салтанат кештерде темекі тартып, жалтылдап жүретін смокинг костюм, цилиндр қалпақ киіп, қолына таяқ ұстаған өңкей біреулерді көрсетіпФрэнку Синатра мен Бингу Кросбилерге еліктейді.табақтай етіп киіп алған үлкен қара көзілдіріктер тұмсығына түсіп кетейін деп тұрады. Ал, кейбіреулерге тіпті жараспайды-ау, сонда да тыштиып сақал өсіріп алатынын қайтерсің. «Баскесерлер» фильміндегі Марлон Брандо мен оның достарына ұқсамақ боп тәулік бойы сыраны сыңғытқаны сыңғытқан. «Амбассадор» немесе «Стар» мейрамханаларында келімсек ағылшындарша іші кепкенше шай ішіп отыратыны тағы бар-ау.
Жуықта сондайлардың біреуі тартып отырған сигарының қалдығын машинаның еденіне тастап, өрт шығара жаздады. Мен одан сигар тартқаның қалай десем, бұл өзі ғажап мода деді беті бүлк етпей!
Еркектерді мен онша айыптай қоймаймын. Әңгіменің үлкені қыздар туралы. Міне, кімдердің милары қазір шекесінен киген бөрік сияқты қисайып кеткен. Анау аялдамада күріш сатып отыратын семіз әйелді білесіз бе, сол айтады: «Егер қыздарды қызықтырам десең, оларға қалтаңда ақшаң мол екенін сездірсең бітті»,– дейді. Ия, дәл солай Ұятсыз шыбжыңбайлар еркектерді қалтасы мен автомашинасына қарап бағалайды. Жігіттер де оларға сайма-сай, тіпті сұрағанға тілеген! Өздері ағылшынша екі ауыз сөздің басын құрап айта алмай тұрып, басқаларға өлгенше күлетінін көрсеңіз.
Шофердің ойнап емес, ішіне сыймай жүргендерін ақтарып салғаны көрініп тұр. Тіпті өзі шаяндай қызарып кетті. Сәл болмаса бойын билеген ашудан жарылып кетердей.
– Мен өзім сауатсызбын, бірақ сөйлер сөзімді сол желбуаздардан артық болмаса, кем білмеймін. Тіпті мен алып жүретін ағылшындардың өздері тәуір сөйлейтінімді, сөздерді бүлдірмей айтатынымды мақтап та қоятын.
Мен де қысылып келем. Осы мақтаншақ бір пәлеге жолықтырмаса еді деп қоям ішімнен. Оқтын-оқтын бұрылған ол бетіме қарап қояды. Ондағысы, менің жүзімнен өзін қолдап келем бе, жоқ па – соны білу. Қимыл-қозғалысы ұстап келе жатқан баранкасын ұмытқан тәрізді. Оның қолдары кейде сигнал беретін рычагты басып, көше бойын боздаған дауысқа толтырғанда болмаса, рульді ұстамай ауада ербеңдеп бос келе жатқандай. Көше бойындағы лықыған машиналар арасында бұлтыңдаған оның автомобильді сағатына отыз мильдік жылдамдықпен зымырап келеді. Біз Корле Буға жақындап келгенде Джентльмен өзінің шынын айтты:
– Бұл менің машинам емес. Мұның иесі – бір бай адам, мен оның қызметкерімін. Маған ол түкке тұрмайтын тиын-тебен төлейді. Неге десеңіз, орныма қай кезде болмасын бір емес, жиырма шофер табыла кетеді. Қожайыным қашан қаласа сол кезде мені босатып жібере салады. Қолға көбірек ақша түскен бақытты күндері мен де шат-шадыман боп жүрем. Тағы да бір ақ сорочка сатып аламын. Шыны керек, мұндай күндер көп қайталана бермейді. Бұ да лоторея сияқты! Өмір деген қысқа ғой. Неге тәп-тәуір боп киініп жүрмеске? Өйткені, егер ертең мен қайыршы боп қалсам: «Иә, бұл адам бір кезде өзінің рақаты үшін өмір сүре білген Джентльмен еді!»– деп айтады ғой білетіндер.
Үш шиллинг төледім де, қоштастым.
– Тағы да кездесеміз!– деп айғайлады ол машинасын бұрып жатып. Енді бір сәтте қалың шаң арасына сүңгіп жоқ болды.
Арада екі ай өткенде мен әлгі такси аялдамасына тағы да келіп ем, джентльменді таппадым. Машинасын жуып жатқан бір шоферден қайда деп сұрадым.
– А, Кваме Виреду! Жаңа ғана осында жүр еді. Аһа, анау құбыр алдында тұр екен. Шақырайын ба, мырза?
– Жо-жоқ, керек емес. Оның машинасы қайда?
– Алып қойған,– деп сүлесоқ жауап берген шофер қайтадан өз жұмысына кірісіп кетті.
Құбыр жаққа қарап Джентльменнің екі жолдасымен ганалықтардың қуырған балықтан жасаған ұлттық тамағы – кенки жеп тұрғанын көрдім. Оның үстінде тап бұрынғысы тәрізді, аппақ қардай көйлегі бар еді.
Осы кезде әлгі мен сөйлескен шофер машинасын жуып болды. Одан Корле Буға апарып тастауын сұрадым.
– Қанша аласыз?
– Төрт шиллинг.
– Тіпті жақында ғана менен небәрі үшеу-ақ алып еді.
– Ол шофер, мүмкін, сіздің таныс досыңыз болған шығар. Стандарт бойынша жалпы бағасы төртеу.
– Ондай стандартты кім енгізген?– деп, мен де егесе бастап ем, шофер менің кекесін сөзімді бөліп:
– Егер сәтті күн бола қалса, аздап бағаны түсіруге дайынмын. Бірақ осы жерден Корле Буға төрт шиллинг екені анық,– деді.
– Ендеше, маған төлемді кемітіңіз!
– Сіз солай өтінсеңіз, жарайды! – деді ол маған бүтін бір патшалықты қиып бере қойғандай салмақты үн қатып.
Жүріп бара жатқанда менің шоферім:
– Ей, Джентльмен! Кваку Аду алыс сапарға жүретін жүк машиналарына жүргізушілер алады екен,– деп айғайлады.
Джентльмен тамақ жеп болғасын қолын жақсылап жуып, орамалымен сүртті. Енді ол ертең жұмыс табады. Сөйтіп, өмір шіркін тағы да бұрынғыша ақырын жылжып өте береді.
Аударған: Р.Райымқұлов