Жыланның рухы

Жапония – аңыз бен әфсанаға бай ел. Жапон мәдениеті тарихы тым тереңде. Белгілі жапонтанушы Шарапат Жылқыбаеваның "Жыланның рухы" (Акита префектурасының аңызы) атты аудармасы сізді тылсым аңыздар ауылына жетелейді. 
 
Торикайдзаң тауының етегіндегі бір мекенде Кандзоу деген шаруа болыпты. Мекен іргесінде алып жылан тіршілік ететін орман бар екен. Сол орманға барған кісі баласы кері оралмайды дейді. Жылан келген кісінің бәрін жұтып қояды-мыс. Бір күні Кандзоу жыланның ұясына баруға бел буады. «Елдің бәрі «жылан, жылан» дейді. Бірақ сол жыланды көрген ешкім жоқ қой»,- деп ойлапты ол. Балтасын қолына алып, қалың ағаш, бұталардың арасынан өтіп, орманның ортасына келген Кандзоу шұғыла шашқан дарияға келеді. Гуілдеген, ысылдаған дыбыстарды естиді. Жойқын гуілдің күшінен ормандағы алып емендер теңселіп тұр. Бұл жыланның үні еді. Кандзоу ағашты шаба бергенде, әлгі дыбыс сап тиылады.

Гуілдеген жел Кандзоуды өзіне тарта бастайды. Жалынды аузын ашқан жыланКандзоуға тап береді. Кандзоу жыланның басын балтамен шауып тастайды. Басы кесілген мақұлықтың денесін алып ағашпен бастырады. Содан соң әлгінің мойнына жіп байлап, орман сыртына сүйреп шығарады. Бір емес, үш шаһардың халқы көретіндей етіп үлкен жолдың бойындағы ағаш басына іледі. Сол жылдан өткен кеткен кісілер жылан денесінің жанына тоқтап, Кандзоудың ерлігіне тамсаныпты.

Үрейлі мақұлықтан құтылған шаруалардың қуанышында шек болмайды. Олар быдай былай орманға қорықпай баратын болады. Алайда әлгі оқиғадан кейін Кандзоудың үй іші белгісіз дерттен сұлап, қырыла бастапты. Бірден түн ішінде Кандзоудың көзіне алып жылан көрініп былай дейді: «Сенің күшің басым түсіп, жеңілдім, амал жоқ. Бірақ қылмыскердің басындай етіп жамағаттың көзіне көрінетін жерге іліп қойғаныңды еш кешірмеспін. Үрім бұтағыңа, жеті ұрпағыңа дейін жазасын беремін...»
 
Кандзоу ел-жұртын жиып, жыланның рухына дұға оқып, арнайы рәсімдер жасапты. Кандзоу жыланның рухын тыныштандырған соң да сыйынуын жалғастырады. Ол өмірінің соңына дейін Торикайдзан тауына қырық жеті рет шығып, жыланның рухы үшін сыйынумен болыпты дейді.
 
Аударған: Шарапат Жылқыбаева