Жазушы, суретші Жефф Киннидің балаларға арналған қызықты "Тентек балақайдың күнделігі" ("Wimpy Kid") атты комикс-романдардың бірін Steppe & WORLD Publishing баспасы қазақ тілінде жарыққа шығарды.
Аталған туындыны қазақ тілінде сөйлеткен – Нәркез Берікқазы. Редакторы – Назгүл Қожабек.
Кітапта қазақ және орыс тіліндегі нұсқа қатар берілген.
Баспа басшысы Райса Қадірдің айтуынша ата-аналар кітаптың пайдасын балаларына түсіндіре алмай келеді, ал аталған роман осындайда көмекші болады.
"Балалар планшет пен телефоннан айрылмайды, кітаптан қашады. Соның кесірінен бойында психологиялық теріс өзгерістер болып жатады. Мұны құмарлыққа теңер едім. Көп ата-ана балаларына кітап оқудың пайдасын түсіндіре алмай қиналады. "Тентек балақайдың күнделігі" комикс-романы осындайда жақсы көмекші болмақ. Бұл еңбекті балалар сүйсініп оқиды және басқа кітапты оқуға деген құлшыныс пайда болады. Ал түпнұсқа мәтіннің қатар берілуі ағылшын тілін жақсартады", - дейді Райса Қадір.
Сонымен қатар, ол кітап авторы Жефф Кинни Қазақстанға келуге ниетті екенін айтты.
"Алдағы уақытта авторды арнайы шақырып, оқырмандарға ерекше кеш сыйлаймыз деп үміттенемін", - дейді баспа басшысы.
Райса Қадір кітап оқуға жеңіл екенін айтады.
"Мәтіні жеңіл, суреттері тартымды, кейіпкерлерінен балалық аңғалдық пен тазалық лебі есіп тұрған кітапта әр оқушының басынан өтетін, ата-анамен, мұғалімдермен, сыныптастармен арадағы қатынас, жақсы мен жаманның байыбына бару, барды бар, жоқты жоқ деп түсіну эволюциясы сипатталған", - дейді Райса Қадір.
Айта кетейік, әлемнің жетпіске жуық тіліне аударылған кітаптың басты кейіпкері Грег Хеффли әр түрлі күлкілі және қызықты оқиғаларға тап болатын қарапайым мектеп оқушысы. Ол жүргізетін күнделік күлкілі жазбалар мен өмірден алынған оқиғаларға толы. Грегтің суреттегенін оқыған әр бала өзін таниды, сабақ алады.