Бұл өлең 2015 жылдың қыркүйек айында өз елінен тыныштық пен пана таппай Еуропаға ауған босқындардың арасында болып (отбасымен), анасы Рехан мен бес жастағы ағасы Галиппен бірге Жерорта теңізіне батып кеткен үш жасар сириялық балақай (күрдтер әулетінен шыққан) Алан Курдидің оқиғасынан соң жазылған.
Түркиядан Грецияның Кос аралына бағыт алған қос қайықта барлығы 23 адам болған. Сол түні 11-і ғана аман қалған. Олардың арасында жан жары мен періштелерінен айырылған Абдулла Курди де бар еді…
"Менің ұлдарым дүниедегі ең сұлу балақайлар болатын. Олар ұйқыдан тұра сала менімен ойнағанды жақсы көруші еді. Айтыңызшы! Бұдан артық қандай бақ бар?! Енді ештеңе де жоқ. Ештеңе…" – деді ол халықаралық BBC агенттігіне берген сұхбатында.
Кішкентай Аланның теңіз жағасында жатқан денесінің суреті әлемнің айтулы басылымдарында жарық көргеннен кейін бұл қайғылы жәйт үлкен резонанс тудырып, Сириядағы азаматтық соғыс пен босқындарға қатысты өзекті саяси-әлеуметтік дискуссиялардың негізгі тақырыбына айналды.
Суретті 2 қыркүйек күні DHA ақпараттық агенттігінде жұмыс жасайтын түрік фотожурналисі Нилюфер Демир (Nilüfer Demir) түсірген. Кейінірек ол: "Мен балақайдың үнсіз жанайқайын адамзатқа жеткізгім келді", дейді.
Сол жылдың 4 қыркүйегінде Аланның һәм оның анасы мен ағасының денелері Сирияның солтүстігіндегі Кобани шәрінде жер қойнына тапсырылған.
Осы оқиғадан соң тура бір жыл өткенде, дәл сол аймақта (Жерорта теңізі) 4176 адам о дүниеге аттанып немесе із-түссіз жоғалған. Бұл жыр соғыс пен қырғыннан қашып опат болған және іздеусіз қалған босқындардың рухына арналады.
*кеббе, киббех, кубе (араб. كبة) – левантиялық тағам, яки булгурдан (ұнтақталған бидай жармасы) жасалған котлеттер. Оны көбіне: Ливан, Сирия, Палестина, Израиль, Иордания, Мысыр, Ирак, Иран, Түркия және Армения елдерінде дайындайды.
*сук (араб. سوق, sūq) – араб елдеріндегі сауда орталығы, қалалық базар
***
Аяулы Марван,
Алаңсыз-аңғал шағымыздың куәсі болған
жаздың ұзақ айларында,
дәл өзіңдей шынашақтай бала –
мына мен,
сенің ардақты ағаларыңмен
Хомстың етегіндегі
атаңнан қалған қарашаңырақтың төбесіне құрақ көрпе төсеп,
қиялға батып жатушы ем.
Түн кескіндерін алагөбе шақтың құшағында қалдырып,
қырқа үсті ақшолаң тартқан мезгілде,
ұйқылы-ояу таңмен бірге
желге құлағын тосқан зәйтүн ағашының сыбдырынан,
қарт әжеңнің әжім-әжім қолына сүйкеніп тұрар
жалғыз ешкінің маңырағынан оянушы ек.
Әріден даңғырлаған бақыраш үні жететін құлаққа.
Ауа да ғажайып таза еді,
Ал күн – шығыс құрмасы түстес жадау,
сыры кеткен сақинадай-тұғын…
Сені бұл маңға
тәй-тәй басқан күніңде әкелгеніміз –
бәрі де бәрі есімде…
Сол сапардан кейін
асыл анаңның бейнесі санамда мәңгілікке қатталды:
ол саған
лалагүл төселген көк кілемнің үстіндегі
сары-ала сиырларды көрсетіп тұрған.
Әттең, сен құртақандай бала едің.
Әйтпесе,
ауылдағы ескі үйіңді,
оның тас қабырғаларын қарайтқан күйіктің
һәм
күн қақтап, ыс сіңген құрым киіздің иісін,
ағаларыңмен бірге тастақ жолдар төсеген бұлақ басын
ұмытпас па ең?!
Әттең, Марван,
Менің жадымдағы әм көз алдымдағы Хомс –
саған белгісіз,
құпия әлем:
Ескі шаһар –
мұсылман баласы баратын мешіт,
көрші христиандар жиналатын шіркеу,
соңсоң
алуан түрлі жеміс пен көкөніс,
алтын алқалар мен той көйлектері табылар
шеті мен шегі жоқ сук*
Әттең,
енді сен
қарақұрым жұрттың ізі сиремеген,
кеудесінен қуырылған кеббенің* иісі кетпеген
тас көшелерді,
Уақыт мұнарасы алаңында
анаңмен бірге өткізген кешкі серуендерді де
есіңе түсіре алмассың…
Ол кезең бүгін – сағымдай,
Ол өмір бүгін – көрген түстей,
дақпырты кеміп,
әңгімесі әлдеқашан сейілген
бір-ақ сәттік шу секілді…
Алдымен
наразылық шеруі басталды,
кейін –
халық қоршауда қалды.
Бомба түкірген аспан,
оқ жаудырған бұлттар.
Аштық.
Жерлеу.
Міне,
бұл – саған таныс суреттер.
Сен
бомбадан қалған шұңқыр
суға түсуге ыңғайлы,
дайын тоған екенін білесің.
Сен
қою қара қанның
қып-қызыл қаннан жақсы екенін де
есіңде сақтадың.
Сен
жазықсыз ана мен қарындас,
бейкүнә қатарластарың –
бәрі де
қалың бетон мен тастардың,
я бөренелердің арасындағы
кішкентай саңылаулардан табылатынын түсіндің,
өйткені
беттегі күн күйдірген дақ
түнек басқанда жарқырай көрінетін.
Сенің анаң бүгін осы жерде,
Марван,
бізбен бірге…
ай астындағы мұздай теңіздің жағасында,
егіліп жылаған бала мен
беймәлім тілдерде қайғырып,
үрейленген әйелдердің ортасында.
Ауғандар, сомалилер, парсылар,
сахолар, күрдтер, сириялықтар:
Бойымызды үрей билесе де,
жанымызда үміт гүлдеп,
таңның атқанын күтіп отырмыз.
Иә, біз –
үйімізді іздеп жүрген бейбақпыз…
Естігенім рас болса,
бәзбіреулер үшін
шақырусыз һәм керексіз қонақ екенбіз,
ол адамдардың алдында, тіпті,
қасірет-мұңымыздың құны да бес тиын…
Жарық айдың астындағы бейнеңе көз салдым,
құлыным-ау,
кірпігің сенің – каллиграфия,
тәтті түспен нәзік қана майысқан…
«Қолымнан ұстай ғой,
Жамандыққа душар болмайсың» дедім мен сонда.
Бұл – жай ғана сөздер-тұғын,
Әкенің айласы.
..Жалғыз-ақ ой санамнан кетер емес:
мына мұхит – неткен терең,
шексіз,
жансыз
һәм
мұңсыз…
Сені қалай қорғай алар екем мен,
Марван?!
Дұғама ғана қоса алдым:
Жағалау көз алдымыздан алыстап,
қорғансыз шіркейге ұқсаған сәтте біз
буырқанған толқынға жұтылармыз.
О, сонда, Жаратқан
Алып кемесін жіберсе ғой..
Өйткені
сен,
Иә, сен – Марван,
Дүниедегі ең асыл қазынасың.
Жарықтық, теңіз соны білсе ғой.
Ин ша Алла!
Аударған: Айбол Исламғали